Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 47 газет

28 маусым 2025 ж.

№ 46 газет

24 маусым 2025 ж.

№ 45 газет

21 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Аудан үнжариясын бірге оқиық...

Аудан үнжариясын бірге оқиық...

Жаз мезгілі келіп, көпшілік үшін жаймашуақ күндер өтуде. Әрбір білім алушының асыға күткен демалысы басталып, бой сергітіп, қосымша жұмыспен айналысуға мүмкіндік те бар. Ірі-ірі қалалардан студенттер келіп, ата-аналарының көзайымы болуда. Бұл ретте өзім секілді жас­тарды кітап оқып, газет беттерін парақтауға, кеңінен ақпарат алуға шақырамын.

Аптап ыстықта үйдегі үл­кен­деріміз күннен қорғану керектігін айта кетіп, кейбір шаруаның ат­қарылуына, біраз уақыттан бері тұралаған жұмыстың бітуіне көңіл бөледі. Мұндайда біз ата-анамызға жәрдемдесіп, үй шаруасын рет­тейміз. Өзім шығармашылықпен тұрақты айналысып келе жат­қан­дықтан, аудандық басылымнан қол үзбеймін. Бос уақытымда жазған-сызғандарымды редакцияға әкеліп, шығармашылығымды шыңдауға тырысамын. Менің замандастарым жазғы демалыста уақытын тиімді өткізгісі келеді. Сол үшін де жаз айларына арнап, алдын ала жос­пар құрады. Бұл кезең өзін-өзі дамыту үшін таптырмас уақыт деп білемін. Көпшілік жоспар бойынша қосымша білім алады, спортпен шұғылданады, қысқасы өзін шыңдайды. Ал кейбірі жазғы демалысын жұмыс жасап, еңбек етуге жұмсайды. Ерте жастан еңбек етіп жүрген бұл жастардың уақыты өте тиімді өтуде.

Бұдан бөлек, көпшілік жазғы демалысын босқа өткізеді. Әдет­тегідей ұялы телефон мен әлеу­меттік желіге барлық уақытын арнайды. Әрине, «әр адам өз өміріне қожа» дегенімізбен, бізге берілген уақытты тиімді, пайдалы өткізуіміз керек. Ал ұялы телефон арқылы TikTok және Instagram әлеуметтік желісінде мардымсыз дүниелерді көруге құмар. Бірақ осылай әлеуметтік желіге жұмсалып жатқан уақыттың бір бөлігін газет оқуға жұмсауды ұсынамын.

Иә, бұқаралық ақпарат құрал­да­рының материалдарын оқу адам­ның дүниетанымын кеңейтеді. Күніне бір сәтке газет оқу ой-өрісті өзгертеді. Ауданымызда төл басылым аптасына екі мәрте аудан халқын ақпаратпен сусындатады. Кезінде мен де газет оқымайтын жас­­­тардың қатарынан болған едім. Өзі­­нің құнды ақпаратымен аудан­­дық басылым мені тұрақты оқырманына айналдырды. Газеттің беттелуі, оқырманға таралуы үлкен бейнетпен келеді. Еңбекпен жасалады. Ондайда сала мамандары қажыр-қайратын көрсетіп, оқырманның сенім үдесінен шығуына барын салады. Қазіргі уақытта «газетті кім оқиды» деген қасаң қағидадан арылып, басылымның тұрақты оқырманына жастар айнала білсе, өзіне керектіні молынан табатын еді. Өзім секілді жас­тарды газеттің қа­дір-қасиетін ұғы­нып, ауданның үн­жариясын бірге оқ­уға шақырамын!

Асылжан ҚОНЫС,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ І-курс студенті

28 маусым 2025 ж. 60 0