Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аптап ыстықта абай болайық

Аптап ыстықта абай болайық

Демалыс үшін ең таптырмас әрі қолайлы, көпшілік асыға күткен жайдары жаз мезгілі де келіп жетті. Жаз тек демалуға ғана емес, сонымен қоса ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, егін және құрылыс жұмыстарымен айналысуға қолайлы уақыт екені белгілі. Дегенмен жаз мезгіліндегі аптап ыстықтың болуы және оның адам денсаулығына зиян екенін ұмытпаған жөн. Синоптиктердің болжамы бойынша маусым айынан бастап елімізде 40 градусқа дейін аптап ыстық болады екен. Бұл әсіресе оңтүстік және батыс өңірлерде күтілуде. Осыған байланысты аптап ыстықтың зияны және одан қорғану жолдары жөніндегі кеңесті оқырман назарына ұсынамыз.

Аптап ыстық балаларға, әсіре­се егде жастағыларға, сонымен қатар созылмалы ауруы бар жан­дарға айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Одан бөлек жүрек қан­тамырлары, қан қысымы және тыныс алу жүйесі аурулары бар адамдарға жаз өте қолайсыз мезгіл. Аптап ыстық кезінде, әсіресе түскі уақытта аса бір қажеттілік болмаса, сыртқа шықпаған абзал. Жаз мезгілінде ауа температурасы 12.00 және 16.00 аралығында ең жоғары деңгейге барады. Сол себепті осы уақыт аралығында серуендеуден бас тартқаныңыз дұрыс. Көлеңкелі ық жерде болып, физикалық ауыр күш түсіретін жұмыстардан аулақ болған жөн. Ал егер сыртқа шығу қажет болған жағдайда ашық түстегі табиғи матадан тігілген жеңіл киім кию қажет. Қара және соған ұқсас қою қанық түстер кию ұсынылмайды. Тағы бір айта кететіні синтетикалық матадан тігілген киім аптап ыстық кезінде денеңізге одан сайын ыстықты тартып, ауа өткізбей, ынғайсыздық тудыратынын білге­ніңіз жөн. Сонымен қоса күннен қорғайтын бас киім немесе қол­шатыр және көзілдірікті үнемі бірге алып жүру керек. Себебі бұл сізді күннен қорғайтын ең қажетті заттар.


Көпшілік аптап ыстықта шөлді салқын мұздай сусынмен басамын деп ойлайды. Бұл жерде ең маңызды айтатын жайт – ыстық күнде мұздай су ішуге болмайды. Бұл дене температурасының қалыпсыздығы, тамақ ауруы және жедел респираторлық ауру­лар­ды асқындыра түседі. Сол себеп­ті орташа температурадағы суды ішуге кеңес береміз. Жаз мезгілін­де адам ағзасындағы су теңдігі бұзылады, нақтырақ айтқанда ағзада су мөлшері шамадан тыс азайып кетеді. Сондықтан бұл уақыт­та күніне 3 литр судан кем ішпеу керек. Аптап ыстықта газдалған сусынды пайдалану айтарлықтай зиян екенін бірі білсе, бірі білмес. Газдалған сусын ыстық күнде денсаулыққа одан әрі кері әсерін тигізетінін ескерген жөн.

Жаз мезгілінде көпшілігінде тамаққа деген тәбет болмайды және оның болмауы қалыпты жағдай болып саналады. Мамандардың айтуынша ыстық кезде қуырылған және ауыр тамақтарды пайдаланбай, мүлде бас тартқан дұрысырақ. Оның орнына құнарлы көкөніс, жеміс-жидек және жеңіл тамақ­тарды пайдалану қажет. Осы айтылғанның барлығын саралай келе жаз кезінде ас мәзіріне ерекше мән берген жөн екенін ескеру қерек.

Жаздың сәні суға түсу екені сөзсіз. Әсіресе аптап ыстық күндері суға түсетін демалыс орындарында ине шаншыр орын болмайды. Мамандар суға түсуге ең тиімді уақыт 17.00-ден кейін екенін айтады. Аптап ыстықта суға түскен соң бірден жабық киім кию керек. Себебі судан шыққаннан кейін күн сәулесінің әсерінен денеде күйік шалу ықтималдылығы жоғары болады. Және міндетті түрде күннен қорғанатын арнайы жақпа май қолданып, көлеңкелі жерде және барынша жабық киім киген абзал. Арнайы мамандар жаз айын­да ыстықтың алдын алу үшін салқын душ қабылдауға кеңес береді. Бұл адамға сергектік пен жайлылық сыйлайды.

Аптап ыстықта басыңыздан күн өткенін келесі бірнеше белгі арқылы білуге болады. Ең алдымен басыңыз айналып, тіп­ті есіңізден танып қалуыңыз мүм­кін. Одан бөлек бастың ауыр­уы, жүрек айну, тыныс алу жолдары­ңыз тарылып дем жетпеу, жүрек соғысының бәсеңдеуі, қат­ты шөл қысу сияқты белгілер бол­са, көлеңкелі жерге барып, салқындау қажет. Егер бұл көмек­­теспесе, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал.

А.ЖҮНІСОВА
Фото: ашық дереккөзден
08 маусым 2024 ж. 248 0