Журналист – жүрек жыршысы

Адамды арман адастырған емес. Алдыңа нақты мақсат қою алға жетелері анық. Айтпағым, менің бала күнгі арманым журналист, оның ішінде баспасөз бағытын өмірлік серік ету болды. Әлі есімде, кішкентай кезімде өзімше әңгіме, өлең құрастырып, оны әспеттеп бір дәптерге жазып, жинайтын едім. Өсе келе, дұрыстау деген жазбаларымды аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға басуға ұсынатынмын. «Сәлем, редакция!» деп хат жазып, жолдайтынмын. Солай жүріп бірнеше басылымға ертегі, әңгімелерім жарық көре бастады. Сол уақытта газетке мақалам шығу мен үшін үлкен бақыт еді. Жоғары сыныпқа көшкенде аудандық «Тіршілік тынысы» газетімен байланыс орнатып, мектептегі іс-шараларды жазып, газетке шығарып тұрдым. Сол кездегі газеттің бас редакторы Сәуле Сұлтанқызы мен апай-ағайларым әрбір мақаламның өңделіп, баспада жарық көруіне ықпал етті. «Аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі» деген қып-қызыл куәлікті қолыма алғандағы сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол арман, сол мақсат үлкен үмітке жетеледі. Еңбек жолым дәл осы киелі орда, қара шаңырақ аудандық газет редакциясынан бастау алды. Ұлылардың ізі қалып, 86 жылдық тарихын қалыптастырған, аудан халқына қалтқысыз қызмет етіп отырған төл газеттің туын ұстау мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік.
Алғашқы нөмірі сонау 1939 жылдың 26 наурызында оқырманға жол тартқан аудандық газеттің тарихы тереңде. Газет ойлы оқырманымен құнды болса, тұрақты оқырманның қалыптасуы, басылым беделінің ортаймауы – редакция қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің жемісі. Жыл сайын материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған редакция ұжымы жылт еткен жаңалықтарды елге жеткізуде жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүр. Бүгінде шығармашылық ұжымның орташа жасы – 30 жас. Бас редактордың орынбасары – Балтабай Ордабеков, бас маман – Нұргүл Сарқыншақова, тәжірибелі тілші Бибісара Жанәлі есімі газет арқылы аудан халқына танымал. Баспасөз маманы Роза Тұрғанбекова әрбір оқырманға газеттің уақытылы таралуын бақылап, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сондай-ақ редакциямыз жас, жалынды тілшілермен толығуда. Тілшілер Таңшолпан Шанжарханова, жақында киелі шаңырақта өз қызмет жолын бастаған Гүлсезім Табынбай алдыңғы буыннан үлгі алып жүр.
2016 жылы «Сыр медиа» ЖШС-нің бір қызметі – пошта қызметін жүзеге асыруы соны жаңалықтың бірі болды. Бұл туралы сол кезде газеттің бірінші бетінде «Тың бастама, жаңа жұмыс» тақырыбымен мақала жарияланған. «Сыр медиа» арқылы аудандағы барлық ауылдар мен кентті қосқанда 20 адам төл басылымның өз оқырманына уақытылы жетуіне ықпал етіп келеді.

«Тіршілік тынысы» газетінің сайты (tirshilik-tynysy.kz) да бар. Күндіз-түні ақпарат таратады. Сайттан Сырдария ауданының тарихы, өнері, тұлғалары, халқының тыныс-тіршілігі туралы материалдармен таныса алады. Басылымның электронды нұсқасы күнделікті шамамен бір мыңға жуық оқырман оқиды. Сайтта 2017 жылдан бергі газет мұрағаты сақталған. Ресми сайтқа күнделікті ақпаратпен қатар газеттің пдф нұсқасы шығып отырады. Бұл өз кезегінде газетті өзге облыс пен алыс-жақын шетелдегі оқырмандардың үздіксіз оқуына тиімді.
Шығармашылық ұжым қызметкерлерін ынталандыру мақсатында жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар тарапынан құрмет көрсету іс-шаралары үйлестірілуде.
Газетті сапалы әрі мазмұнды жарыққа шығуына тұрақты авторлар да өз үлесін қосуда. Олардың қатарында Жәнібек Маханбет, Марат Омаров, Бақтияр Мырзаш, Жұмабай Байзақ, Мейрамбек Шілдебайұлы т.б. авторлардың әңгіме, мақалалары көпшіліктің сұранысына ие болуда.
Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы Міржақып Дулатұлы «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген. Редакцияның табалдырығы – төр, төрі – тұғыр. Бұл мекемеде еңбек ету, аға буын өкілдерінің игі істерін жалғастыру – зор абырой, әрі үлкен жауапкершілік. Қазіргі таңда редакция жұмысы жанданып, алға ілгерілеп келеді. Бүгін – қалам ұстаған, сөз құдіретін түсінген жандардың ортақ мерекесі. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, күнделікті болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалар, рухани, мәдени көзқарастар, сыни пікірлер ақпарат құралдары арқылы елге жетіп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралы – қоғамды алға жетелеудің басты дәнекері. Ендеше төл мереке құтты болсын, ардақты әріптестер!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ