Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басылым беделі оқырманмен биік

Басылым беделі оқырманмен биік

Бірде редакцияға газетке жазылуға келген зейнеткер әжей «Төл басылымға өзім жазылып алайын дедім. Әйтпесе балалар газетті алады да, тұрмысқа пайдаланып тастайды. Сондайда аудан жаңалықтарынан құр қалғандай боламын. Өзім үшін өз атыма газетті жаздырып алу үшін келдім. Менің газетіме тиісіп көрсін енді олар» деп күліп, біздің де көңілімізді көтеріп қойды. Редакция ұжымы еңбегінің бағалануы, халықтың газетке деген сұранысы осындай жазылу науқанында ерекше білініп жатады.

Жеке тұлғалармен қатар мекемелер ұжым болып төл басылымға жазылып, басылым беделін арттырып келеді. Біз әр алты айда жүргізілетін газетке жазылу науқанында ұжым болып газетке жазылып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсеткен мекемелерді газет бетінде ақпараттандырып отырамыз.
Биылғы газетке жазылу науқанында, әдеттегідей, білім, денсаулық, мәдениет, спорт, құқық саласы қызметкерлері көш бастап, аудан айнасына айналған газетке толықтай жазылуда. Бүгін біз Қоғалыкөл ауылдық округіндегі №44 орта мектеп ұжымын көпке үлгі етпекпіз.

– Төл басылымды қолдау – төл тарихқа, туған жерге деген құрмет. «Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған басылым бетінде аудан жаңалықтарымен қатар ауылдық округтердегі жаңалықтар да тұрақты түрде жариялануда. Журналистердің кәсіби шеберлігі мен кейіпкерлер желісі де ауқымды. Бүгінгі таңда газет дизайнында да оң өзгеріс, алға жылжу бар. Басылымның әр нөмірін қалт жібермей оқып, қажет жерін ұжым болып талқылап отырамыз. Аудандық газетке біздің мектебіміздің жаңалықтары мен оқушылары туралы да мақалалар жариялануда. Бұл өз кезегінде мұғалімге де, оқушыға да тың серпін, шабыт  берері анық. Басылымнан бұрын жететін газеттің ресми парақшаларындағы жаңалықтарды да алғашқылардың бірі болып көріп-біліп отырамыз десем болады, – дейді орта мектеп директоры Сламбек Қаюпов.

Ал мектеп ұжымын тиісті газетке жазылдыру жұмыстарын ұтымды үйлестіруде мектеп кітап­ханашыларының да еңбегі зор.

– Газет пен кітапты көзі ашық, қоғамдағы жаңалықтар қызықтыратын, білімді адамдар оқиды. «Көпшілік газет оқымайды» деген қате пікір, меніңше. Себебі, мерзімді баспасөзге арнайы жазылып, әр санын асыға күтетіндер көп. Мектеп мұғалімдері түрлі басылымдарға жазылады. Оның ішінде аудан жаңалықтарының жаршысы болған 85 жылдық тарихы бар «Тіршілік тынысы» газетіне ерекше ынтамен жазыламыз, – дейді кітапханашы Фатима Әжібекова.

Айта кетейік, аудан орталығынан шалғайда жатқан Қоғалыкөл ауылдық округі балаларын білім нәрімен сусындатып келе жатқан №44 орта мектептің негізі 1937 жылдары қаланған. Бүгінгі таңда 502 оқушы білім алатын оқу ордасында 125 қызметкер ел келешегінің негізі – білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде нәтижелі еңбек етіп келеді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
02 желтоқсан 2023 ж. 317 0