Тау тұлғалы азамат

Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Көпболсын аға өмірден өткенімен артында өнегелі іс қалдырып, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылығы мен жанына жақын тарта білетін жылылығы ағайынның есінде ұзақ қалады.
Ақыл-парасаттың, үлкен ұстамдылықтың, асқан мейірімділіктің, биік адамгершілік көзқарастың иесі болған Көпболсын ағаны шын мәнінде тау тұлғалы азамат дерсің. Туған жерге қызмет етіп, қарапайым еңбек адамы ретінде еліне сыйлы болған азамат бір әулеттің ғана емес, тұтас бір ауылдың қадірмендісі еді.
Дүние дидарын 1946 жылы 22 қаңтарда Майлықұм колхозында қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында ашқан Көпболсын Жақыпұлының әкесі теміржолшы болған. Әкесі еңбек еткен №8 бекеттегі сегізжылдық мектепті бітірген соң, орта білімді Қызылорда қаласында Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-интернатта оқыған.
Туған елдің азаматы алғашқы еңбек жолын жүргізушіліктен бастап, жүргізуші-киномеханик, газбен дәнекерлеуші болып, алдыңғы қатарлы еңбекші екенін көрсетеді. Өз кәсібін шын ықыласпен атқаратын адамның тасы қашанда өрге домалаған. Адал еңбегінің арқасында талай мәрте мадақ пен марапат алды. Табысты аяқталған жылдың қорытындысымен бірнеше мәрте мақтау грамотасы мен бағалы сыйлық иесі атанды. «Еңбек даңқы» орденінің үшінші дәрежелі иегері, «Еңбек ардагері» медалінің, «Қызылорда қаласының 200 жылдығы», «Сырдария ауданына 95 жыл» төсбелгісін алып, абырой биігінен көрінді.
Мен Көпболсын Жақыпұлының көзін көрдім. Бұл жайында сәл кейінірек. Ол кісінің туған ауылының көркеюі мен өсіп өркендеуіне зор үлес қосқаны, өзінің адалдығымен, жауапкершілігімен, тындырымды еңбегімен ел алғысына бөленгені ел жадында. Күндіз-түні бірдей жұмысы тоқтамайтын шаруашылықтың алдыңғы қатарлы жұмысшысы бола жүріп мерей-мәртебесі үстем болды. Алдыңғы қатарлы мақтаулы маман ретінде суреті алаңдағы «Құрмет тақтасына» ілінсе, жыл сайынғы еңбек көрсеткішінің қорытындысымен көшпелі «Қызыл Тудың» жеңімпазы болады. Ауылдағы шаруашылықтың жұмысшысы ретінде уақытпен санаспай адал еңбек етуі шын мәнінде туған елге адал қызмет етудің үлгісі еді.
Өмірлік қосағы Сырдария ауданның Құрметті азаматы Зылиха Сыздықова өзінің елге қызмет етуге барынша қолдау білдірген азаматы жайында былай деп еске алады:
– Әйел адамына қызметте жүру үшін ең алдымен ер азаматының қолдауы қажет. Елдің алдындағы абыройым осы Көпболсын ағаларыңның арқасы. Өте жаны жайсаң, ақкөңіл, ағайынға бауырмал, досқа қамқорлығы дайын, өзінің жолын жақсы білетін, сөзін де айта алатын, ағайын арасында өте сыйлы болды. Қуанышта та, басқа жағдайда да қамқор іні, ақылшы аға еді. Оның өнерге жақындығы, әсіресе әдебиет пен мәдениетке жаны құмарлығы таңқалдыратын. Кітапты көп оқыды, күнделікті газет-журналдарды үзбей, жинап қойып оқитын. Керемет дауысымен ән салып, отырыстың сәнін келтіретін, әзілден де құр алақан емес еді. Осындай жақсы адаммен отандасып, балалы-шағалы болғаныма бақыттымын. Әттең азаматымның өмірден өткені өкінішті, әлі талай жанымнан табылып, қуанышымызда бірге болатын едік, – дейді ел анасы Зылиха Садыққызы.
Көпболсын аға өз отауын көтеріп, ата-анасына келін әкелген сонау 1970 жылы Қызылорда қаласындағы совхоз-техникумға механик мамандығын алуға оқуға түседі. Ата-анасымен бірге тұрған ұлының үлкен кісілерге деген құрметі де ерекше болатын дейді көзкөргендер. Ондай қасиетін жарына да, балаларына да көрсетіп, мейір-шапағатын төгіп, балаларын қатарына кем қылмай өсірді.
Осы ретте Көпболсын аға менің университет қабырғасында бірге оқыған құрбым Гүлдананың әкесі екенін айтқым келеді. Студент кезімізде әрі жерлесім, әрі бір топта оқитын құрбы болғандықтан оқудан бірге қайтатынбыз. Аудан орталығы мен қала арасы жақын болғанымен қалаға қатынайтын көліктің аздығынан пойызбен қатынауға тура келетін. Сондай қиын-қыстау кезеңде пойыздан мезгілдің қай уақыты болмасын Гүлдананы әкесі перронда күтіп тұратын. Айналып-толғанып, қызының маңдайынан мейірлене сүйіп, күтіп алғанда әкесінің сондай керемет кісі екенін байқайтынбыз. Жанында бірге жүрген бізден де жылы сөзін аямайтын. Құрбылар болған соң бір-бірімізге қыдыру да дәстүр еді. Сондай сәті түскен күні Гүлдананың үйіне барғанымызда бізді құрақ ұша қарсы алып, жақсы отырып, демалуға жағдай жасауға асығатын. Ақыл-кеңесін айтып, батасын беретін. Әкенің махаббатын сезінген Гүлданаға қызыға қарайтынбыз. Сонда байқағанымыз, Гүлдананың өнерге жақындығы, домбыра тартып, ән салатыны әкесінен дарығандығына куә болып, мәз болатынбыз. Қоңыр дауысымен ән айтқанда жан-жүрегіңді тебірентіп, тобымыздың әншісі атанған Гүлданаға риза болатын едік. Қазір құрбымыз Гүлдана Шиелі ауданына тұрмысқа шығып, сондағы орталықтандырылған кітапхананың басшысы, ұл-қыз сүйген бақытты ана, немерелеріне сүйікті әже.
Б
алаларының барлығын оқытып, әр бастамасына қолдау білдірген ардақты әкенің үлкен қызы Гүлмира ұстаздық жолда, Қызылорда қаласында тұрады. Оның жолдасы Рүстембек те ұстаз. Олар екі ұл өсіріп, ұлдары жоғарғы білімді спорт мамандары.
Ұлдың үлкені Бақытжан әке жолын қуған инженер-механик. Қазір кәсіпкер. Келіншегі Бибігүл мектепте мұғалім. Олардың тұңғышы Меруерт жоғары білімді спорт маманы. Қазақстанның бес мәрте чемпионы, Азия чемпионы. Меруерт үш баланың анасы. Бақытжан мен Бибігүлдің ұлы Бейбарыс та спорт саласында, отбасылы, Нұрила есімді қызы бар.
Алмагүл мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік университетті де қызыл дипломмен бітірген маман. Ұлы Сұлтанәлі студент, кенже ұлы Дәулетхан ержетіп келеді.
Көпболсын аға мен Зылиха апаның екінші ұлы Төлеген спорт маманы – бапкер. Келіншегі Алтынаймен 5 ұл мен 1 қыз сүйіп отыр.
Ортаншы қызы Гүлдана жоғарыда айтып өткеніміздей, өз саласының білікті маманы.
Кенже қыз Гауһар – дәрігер-терапевт. Жолдасы Ғалымжан да – дәрігер-хирург. Тұңғыштары Асылжан – оқу озаты. Ұлдары Нұрислам мен Нұримандар ер жетіп келеді.
Көзі тірісінде Көпболсын аға балаларынан 19 немере мен 11 шөбере сүйді. Қазақтың ырымымен Нұрила шөбересінің қолынан бал жалап, су ішкен бақытты әке, асыл жар, қамқор ата болды.
– Марқұм әкеміздің әрбір айтқан сөзі құлағымызда жаңғырып тұр. Біздің әрқайсымызды бір-бір тұлға көріп, қуанатын, жетістіктерімізге мақтанатын. Әкеміз ұрпағына ісімен де, сөзімен де үлгі болды. Әке мейірімі шексіз ғой, қамқорлығына баға жетпейді. Тілің жетіп, дәрежесіне тең келетін сөз таппайсың. Асыл тұлға, асқар тау әкенің орны толмайды екен, ешуақытта ұмытылуы мүмкін емес, – дейді қызы Гүлдана Көпболсынқызы.
Иә, артында өшпес із қалдырған, ұрпағына өз өмірін абыроймен үлгі ете білген, өлмес сөз қалдырған әкенің мейірімі, күлімдеп тұрған жүзі жақындарының көз алдынан өшпек емес. Ұрпағымен мың жасайтын асыл азаматтың соңында үлгілі ісі мен дана қасиеті қалды. Ендігі жерде артында қалған ұрпағы аман болып, ел-жұрты бақытты ғұмыр кешсін.
Бибісара ЖАНӘЛІ