Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шығармашылық байқау үздіктерді анықтады

Шығармашылық байқау үздіктерді анықтады

Аудан айнасына айналған газетіміздің 85 жылдық мерейлі тойы аясында ауқымды іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Жыл басында бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі мен аудандық білім бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында эссе жазу байқауы өтті.

Шығармашылықты шыңдап, жас буынды газет тарихымен, журналистердің жалғасты жолымен жете таныстыруды мақсат еткен сайыс «Төл басылымның тұрақты оқырманымын» деген тақырыпты арқау етті. Сайысқа аудан орталығы мен ауылдық округтерден барлығы 16 оқушы қатысты. Аудан орталығындағы спорт клубының ғимаратына жетекшілерімен бірге жиналған оқушылардың ерекше талпынысы мен дайындығы байқалып тұрды. Сөзімізді оқушылардың сайыстан бірнеше күн бұрын тілшілермен байланыс орнатып, газет тарихын сұрап, үлкен ізденіс танытуы дәлелдей түседі.

Сайыс Қазақстан Республикасының Мемле­кеттік Гимнін орындаумен басталды. Оқушы бойына патриоттық әрі шығармашылық қасиетті қатар дарыт­қан байқауда оқушылар бір сағат бойы өз ойын қағаз бетіне түсірді. Бұл уақытта аудиторияда тыныштық орнауын және оқушылардың көшірме жұмыс­тан аулақ болуын қазылар алқасы бақылады.

Аудандық байқауға Сыр өңірінің белгілі ардагер-журналисі Мейрамбек Шілдебаев бастаған азаматтар қатысып, талапкерлердің шығармашылығын бағалады. Қазылар алқасының құрамында аудандық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскері Қаракөз Қалжанова мен аудандық газет бас редакторының орынбасары Аружан Мұханбетқали болды. Төрешілер оқушының жазу стиліне, шығар­маның байқау талаптарына сай жазылуына ден қойды. Нәтижесінде жүзден жүйрік шыққан төрт оқу­шы жүлделі орындарға ие болса, қалған қатысушылар диплом және ынталандыру сыйлығын иеленді.

Ізденісті серік еткен озат оқушылардың бір сағат ішінде ұтымды әрі жинақы ойды қағаз бетіне түсіруі олардың жан-жақты ізденгенін білдіріп тұрды. Талапкерлер өз эссесіне газет тарихынан бөлек аудандық газетті отбасымен оқитынын, өздеріне ұнайтын арнайы бет және айдарлар туралы мазмұнды арқау етіпті.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара өз мәресіне жетіп, кезек қатысушыларды марапаттау салтанатына жетті. Жеңімпаздарды Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жәнібек Маханбет пен «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы марапаттап, диплом мен сыйлықтарды табыстады. Ақпарат саласының ардагері, қазылар алқасының төрағасы М.Шілдебаев байқаудың жақсы өткенін айтып, пікір білдірді.

– Мерзімді басылымның адамзат тарихында алатын орны қай кезде де маңызды. Баспасөз – халықтың рухани-мәдени өмірінің айнымас бөлшегі ғана емес, ой кеңістігін дамытатын күш және елдің өсіп-өркендеуі жолында қоғамдық сананы қалыптастыратын құндылық. Осы ретте аймақ журналистикасының дамуына өзіндік үлесімді қосып, бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққанымды мақтанышпен айта аламын. Әлі күнге жазу мен газет-журналдан қол үзген емеспін. Шығармашылық тоқтатып қоя салатын жұмыс емес, ол – жүректің қалауы. Аудандық газеттің мерейтойы құтты болсын, – деді сала ардагері.

Өз кезегінде аудандық газеттің бас редакторы ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдіріп, оқушыларға сәттілік тіледі.

– Аудандық газетіміздің мерейлі 85 жылдық мерейтойын лайықты атап өту мен мазмұнды іс-шаралар ұйымдастыру мақсатындағы жұмыстар апта сайын жалғасып жатыр. Бұл жұмыстарға аудан әкімі бастап тиісті мекеме басшылары қолдау көрсетуде. Эссе байқауының ұйымдастырылуына ұйытқы бол­ған, ережесін бірлесе бекітіп, жан-жақты қолдау білдірген бөлім басшылары Бағдат Мырзалыұлы мен Берік Съездұлына да редакция ұжымының атынан ризашылығымды білдіріп, абырой-амандық тілеймін! Бүгінгі іс-шараның жоғары деңгейде өткізілуіне жанашырлықпен атсалысқан аудандық спорт клубы­ның директоры Диас Әлжановқа, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің әдіскері Жадыра Бағдатқызына, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Әсел Қошпановаға ерекше алғысымды білдіремін. Сондай-ақ басылым беделін биіктетуге үлес қосқан оқырманға алғысымыз шексіз, – деп қорытындылады А.Ибрагимұлы.

«Тт» ақпарат
13 сәуір 2024 ж. 203 0