Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен таңдаған мамандық

Мен таңдаған мамандық

Аудандық «Тіршілік тынысы» газеті журналистика саласын таңдаған жасөспірімдерге ұдайы қолдау көрсетеді. Талапты өрендердің бірі – Асылжан Қоныс. Осы күнге дейін баспа бетіне бірнеше мақаласы жарық көріп үлгерген болашақ әріптесіміздің кезекті ой-толғамын оқырман назарына ұсынамыз.

Журналистика – бұл қиындығы мен қуанышы қатар жүретін, жауапкершілік пен көп ізденісті, сондай-ақ сапалы білім мен рухани байлықты талап ететін жұмыс. Журналистер қоғамда болып жатқан өзекті жаңалықтарды бір жерге шоғырландырып, оны өңдеп, халықты ақпараттандырады. Аталған сала мамандары халық пен жоғарғы билік өкілдерін байланыстыратын көпір сияқты. Оларды «төртінші билік өкілдері» деп атау да тегіннен-тегін емес.

Журналистердің қоғамда алатын орны зор әрі абыройлы мамандық. Бұл мамандық жылдан-жылға дамып, өркен жайып келеді. Өткен ғасыр мен қазіргі заманда да өз құндылығын жоймаған бұл мамандықтың түрлері де көп. Олар фотожурналистика, радиожурналистика, тележурналистика, интернет журналистика, баспа журналистикасы және тағы басқа бағыттарға бөлінеді.

Журналистика саласының қазақ жеріндегі тарихы тереңде. Ең алғашқы баспа XX ғасырдың басында жарық көріп, қазақ даласында ағартушылық бағытта жұмыс жасай бастады. Одан бері қарай неше түрлі бағыттағы газет-журналдар жарық көрді. Заман талабына сай газет-журналдардың бағыты мен басылымы да дамып, өзгеріп келеді.

Атап айтар болсақ, ауданымыздың төл басылымы «Тіршілік тынысы» газеті 85 жыл­­дан бері халыққа үздіксіз ақпарат таратып келеді. Осы уақыт аралығында газет тарихында небір баспагерлер, қаншама журналистер жұмыс жасады. Олар әр кезеңнің өзіне тән бағытына орай газет жұмысын жандандырып отырды. Бүгінгі таңда ерекше дизайнда, жаңаша форматта оқырманға аптасына екі рет жол тартатын газетті үлкен де, кіші де сүйсіне оқиды. Журналист аға, апалардың мақаласын тұшына оқып, мен де болашақта қаламы қарымды журналист болғым келеді.

Расында, газет – халықтың көзі мен құлағы. Осы газет арқылы қазақ қоғамы дамыды, халық газет-журналдар арқылы өз сауатын ашты. Қазақ қоғамының дамуына үлкен үлес қосқан осы журналистика саласы деп ойлаймын. Қаламымен ел-халықтың жағдайына үлес қосып жүрген қаламгерлерді кәсіби мерекемен құттықтағым келеді.

Асылжан ҚОНЫС
Фото: farabishakirti.kz
29 маусым 2024 ж. 187 0