Арманым – журналист болу
Жақында қаламгерлер қауымының кәсіби төл мерекесі ұйымдастырылды. Бұл мерекенің кеңінен аталып өтілуінің үлкен мәні бар. Себебі еліміздің дамуы мен қоғамның алға жылжуында журналистердің алатын орны мен еңбегі ерекше.
Біз отбасымызбен мерзімді басылымдарды үзбей оқимыз. Өзім облыстық «Ақмешіт жастары» және аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тұрақты оқырманымын. Биыл жергілікті басылымдар «Балалар жылына» орай болашағын шығармашылықпен ұштастыруды мақсат еткен балаларға көп қолдау көрсетуде. Мысалы облыстық газетте өңірге белгілі өнерлі, дарынды балалар мен жастар туралы жақсы мақалалар мен сұхбаттар жарияланса, аудандық басылым «Рауан» балалар шығармашылығы бетін ашты. Бүгінгі күнге дейін оқушылардың көптеген эсселері жарияланды. Мен де бүгін өз арманым туралы жазып, редакцияға ұсынуды жөн көрдім.
Менің болашақтағы көп арманымның бірі – журналист атану. Журналистикаға деген қызығушылығым бала күнгі армандарыммен тікелей байланысты. Мен бұйырса енді 4-5 жылдан соң облысымыздағы басылымдарда еңбек етемін деп сенемін. Болашақта әлеуметтік мәселелер туралы сараптамалық мақалалар жазып, ғалымдармен, сарапшылармен сұхбаттасқым келеді. Ол арманыма ізденіспен, еңбекпен жететінім анық. Сондықтан журналистика мамандығы бойынша білім алуға бел будым.
Журналист – ең белсенді мамандық иесі. Журналистер бір күнде бірнеше іс-шараға, кездесуге қатысады. Ал бір аптада мыңдаған шақырымды артқа тастап, шалғай ауылдар мен үлкен қалаларға баруы да мүмкін. Қазір журналистерге қойылатын талап та жоғары. Мен өз арманыма жету үшін бар күшімді саламын. Себебі қаламның қуатымен қалың елдің алғысын арқалағым келеді.
Көркем СЕРІК,
№5 мектеп-лицей оқушысы