Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардақты азамат, қадірлі әріптес еді

Ардақты азамат, қадірлі әріптес еді

Сырдария ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына өзіндік үлес қосқан әріптесіміз, аудандық мәслихаттың V, VI шақырылымының депутаты Оразбек Сейтмұратов туралы өткен шақта ой тербеп, қолға қалам аламыз деп кім ойлаған. Өзінің берік ұстанымдарымен, дархан көңілімен, ақжарқын болмыс-бітімімен дараланған азаматтың өмірден өткеніне де жүз күн өтіпті. Осыған орай естелік жазып, адал еңбегін дәріптеуді, сол арқылы жақсының жақсылығын айтуды өзіме азаматтық парыз санадым.

Біздің Орекеңмен таныстығымыз ауданның тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Бізді өмірдің өзі таныстырып, қызметтік жолдағы қа­рым-қатынасымызбен ағалы-інілі әріптес, сыйлас қылып жіберген. Сол таныстығымыз Оразбек Ешмағанбетұлының аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланғанда тереңдей түсті. Талай жиындар мен басқосуларда, аудан­дық мәслихаттың сессиялары мен тұрақты ко­миссияларының бірлескен отырыстарында ауданның дамуы үшін бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығарып, ауданның атқарушы орган­дарымен бірлесе жұмыс жасадық. Орекең әркез елге қажетті, халықтың сұранысына сай депутаттық сауалдар жолдауға ерекше мән беретін. Айтар ұсыныс-пікірін елеп-екшеп, зерттеп-зерделеп барып айтатын. Сондай-ақ үлкеннің де, кішінің де тілін тауып, тез тіл табысатын. Бұл оның өмірлік тәжірибесінің, кәсіби біліктілігінің жоғары екенін айшықтап тұратын. Сондықтан аудандық мәслихаттың V, VI шақырылымындағы депутаттық корпустың ішінде Оразбек Сейтмұратовтың орны ерекше еді деп нық сеніммен айта аламын.

1957 жылғы 17 сәуірде дүние дидарын аш­қан Оразбек Ешмағанбетұлының еңбек жолы Бесарық ауылында басталды. Ол 1974-1977 жылдары аралығында «СССР-дың 50 жылдығы» атындағы кеңшардың «Гүлдәурен» комсомол жастар бригадасында мал шаруа­шылығы маманы ретінде үлкен өмірге алғашқы қадам жасады. Бұл кеңшарларда мал шаруашылығы саласы кең өріс жайған кезең еді. Жас маман ретінде О.Сейтмұратов кеңшардағы тір­шілікті меңгеріп, тәжірибе жинақтайды. Одан кейін аталған кеңшарда жүргізуші-жаб­дық­таушы болып еңбек етсе, егемендік алған жылдары өңірдегі құрылыс жабдықтары қой­масында қызмет етеді. Он жылдан аса уа­қыт Бесарық ауылындағы орталық қоймада меңгерушілік қызметті абыроймен атқарып, елдік жұмыстарда ептілік танытады. Осындай қызметтерде ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, жауапкершілік жүгін арқалай білетін азамат 2007-2013 жылдары аралығында елді мекендегі «Бесарық» ЖШС-нің төрағасы ре­тінде сайланады.

Мал шаруашылығы, құрылыс саласын мең­герген О.Сейтмұратов шаруашылық төраға­сы ретінде кәсіпкерлік бағытты ұстанып, ауыл халқының жұмыспен қамтылуына, тұрмыс дең­гейінің жақсаруына қажырлы еңбек ете білді. Ауыл шаруашылығы саласының қыр-сы­рына қанық болып, шаруашылық жұмысын ілгерілетті. Осы қызметте жүріп елдің мұң-мұқтажын қамтамасыз етуге белсене атсалысты. Осындай іскерлігі, жанашырлығы оны халық қалаулысы етті. Абзал азамат 2012-2016 жылдары аудандық мәслихаттың V және 2016-2021 жылдары аралығында аудандық мәслихаттың VІ шақырылым депутаты ретінде жемісті еңбек етті. Бесарық елді мекеннің мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізіп, ауылда жолдардың салынуына, әлеуметтік нысандардың бой көтеріп, жаңаруына елеулі үлес қосты.

Іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоға­ры, білікті азамат облыс орталығындағы «Қаз­құрылыссервис» мекемесінде инженерлік қыз­метті де атқарды. Бұл қызметпен қатар кә­сіпкерлік бағытты дамытуды да назардан тыс қалдырмады. Мәселен, ауыл халқына қа­жетті кәсіпті мемлекеттік қолдау арқылы бас­тап, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтыды. Ол барлық абыройға өзінің адал еңбе­гімен, ізденісімен жетті. Біз Орекеңді кәнігі құ­рылысшы, білікті ұйымдастырушы, белді кә­сіпкер ретінде танып білдік. Әріптесіміз әркез ауданның, ауылдың мүддесін бәрінен биік қойып, сайлаушылардың сенімін ақтауға ерекше жауапкершілікпен қарады. Сол жауап­кершілігі, тиянақтылығы түрлі деңгейдегі марапаттармен марапатталуына негіз болды. Атап айтқанда, «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қызылорда қаласының 200 жылдығы», «Сырдария ауданының 90 жылдығы» медальдарымен, Мемлекет басшысының, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ 2022 жылы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері атанды. Бұл марапаттар абыройлы азаматтың ел үшін жасаған қажырлы еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Бір өкініштісі, ардақты азамат еңбегінің, ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін, рахатын көрер тұста өмірден өтті. Бұл бір отбасы үшін ғана емес, біз үшін де ауыр соққы болды. Амал нешік, тағдырдың жазғанына көніп, артында қал­ған ұрпақтары аман болсын деп тілейміз.

«Абыройлы азаматтың артында ақылды әйелдің еңбегі бар» деген сөз бекер айтылмаған. Әріптесіміз Оразбек Сейітмұратовтың жары Нәзира Жүсіпова да түрлі салада еңбек еткен ардақты жан. Ауылдағы мектепте ұстаздық қызмет етті, «Бөбек» балабақшасын абыроймен басқарды. Сондай-ақ Бесарық ауылының әкімі ретінде де ауылды дамытуға өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ең бастысы ардақты азаматқа аяулы жар, ұрпақтарына ардақты ана, асыл әже болды. Бүгінде Бесарықтағы берекелі отбасыны көпшілік үлгі-өнеге санайды.

Халқымызда «Орнында бар оңалар» деген сөз бар. Орекеңнің өмірден өткеніне жүз күн өтіпті. Ардақты азаматтың артында өнегелі іс те, ұлағатты із де қалды. Біз аудандық мәслихаттың тарихында есімі алтын әріппен жазылатын әріптесімізді ұмытпаймыз. Оның ізгі істері аудан жұртшылығының, әріптестерінің және Бесарық ауылы халқының жадында ұзақ уақыт сақталады деп сенеміз.


Ержан ӘЖІКЕНОВ,
Сырдария аудандық мәслихатының төрағасы

11 сәуір 2023 ж. 377 0