Мәдениет ошағының ұйытқысы

Мәдениет саласының майталманы дүние есігін 1979 жылы Жалағаш ауданында ашқан. Алғаш мектеп табалдырығын 1986 жылы аттап, үздіктер қатарынан көріне білген Әсел Ибраева оқу ордасын 1996 жылы бітірді. Сол жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Музыка және ән айту» факультетіне оқуға түсіп, 2000 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдады. Еңбек жолын 2001 жылы «Балауса» балабақшасында әуез жетекшісі болып бастап, ұстаздық жолында қызмет етті. 2007 жылы Асқар Тоқмағамбетов атындағы №135 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі болып жалғастырды. 2014 жылдың мамыр айынан бастап, бүгінгі күнге дейін Асқар Тоқмағамбетов ауылдық клубының басшысы лауазымын атқарып келеді.
– Мәдениет саласының дамуы үшін еңбек еткен әрбір жанның маңдай тері еш кетпейді. Менің осы салаға деген қызығушылығым мектеп кезінен бастау алған. Әр еңбек жолымда жаңа тәжірибе мен қайталанбас із жатыр. Әр ауылдың, әр ауданның жүрегі соғып тұруы үшін тек мектеп пен емхана емес, рухани тыныс қажет. Сол тынысты қамтамасыз ететін – мәдениет мекені екені даусыз, – дейді сала майталманы.
Қазіргі заманда бір саланы біртұтас басқарып, бірлікте ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әр мерекелік кеш пен концерттің артында үлкен еңбек жатыр. Ұсақ-түйегіне дейін мән беріп, барын салу сала мамандарының күш-жігері мен шыдамдылығының айқын көрінісі. Осы орайда ұйымдастырып, әр іс-шараның ойдағыдай өтуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, үлгілі басшы екенін көрсете білетін Әсел Қалданқызының орны ерекше. Сонымен қатар жұбайы Сахан Бекжановпен 4 бала тәрбиелеп отырған аяулы жар, мейірімді ана. Үйдің қым-қуыт тірлігімен қатар жұмысын алып жүрген қайсар жан. Жұмыстан шаршап шыққан күннің өзінде мәдениет үйінің есігіне қайта оралып, кешкі дайындыққа кірісіп кетеді. Бұл – қызмет емес, нағыз жанашырлық.
Осы саланың дамуындағы еңбегі бағаланып, республикалық, облыстық, аудандық деңгейде бірнеше мәрте Құрмет грамотасы, Алғыс хатпен марапатталған. Сондай-ақ оқушыларының жетістіктерімен қатар, өзі де бірнеше байқауға қатысып, жүлделі орын иеленген. Соның ішінде, 2023 жылы «Жапырақ жүрек» атты Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқу және ақын шығармашылығы негізінде жазылған әндерден балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауына сіңірген еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған.
– Әр өнер тұнып тұрған тарих. Оны жүрекпен сезіне білу керек. Әрине, бұл қызмет мінсіз емес. Жауапкершілігі мен қиыншылығы қатар жүретін бұл орта мен үшін әркез ыстық. Үйдің тірлігі мен жұмысты қатар алып жүру мен үшін үйреншікті іске айналған. Бастысы өзіме ұнайды. Ұжымым да ұйымшыл, бірлікте. Бұл мәдениет үйі – ел ішіндегі руханияттың ордасы. Ол халықтың өнерге деген қызығушылығын оятып, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруге қызмет етеді. Кез келген мерекелік іс-шараның артында айлап дайындалған сценарий, қойылым, жаттығу, дайындық жатады. Ал соның басы-қасында жүретін, бар жауапкершілікті мойнына алатын жан – мәдениет қызметкерлері. Әр маманның тамған маңдай тері мен үшін бағалы, – деді білікті басшы Әсел Ибраева.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ