Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағайынның арқасүйері еді

Ағайынның арқасүйері еді

Өзі өмірден өтсе де ұмытылмайтын, игі істері жұрт жадында сақтаулы, саналы ғұмырында жақсылықтың ұйытқысына айналған азаматтар ауданымызда көп. Тереңөзектік Кейкі Қаранеев сондай жайсаң азаматтардың санатынан еді. Ағайын­ның арқасүйері болған азамат ерекше бауырмал болуы­­мен қатар, көпшілікті бекем бірлік пен көркем тірлікке үндеп, берекелі істердің бастамашысы болып жүретін-ді.

Сұрапыл соғыстан кейінгі сонау 1946 жылдың тумасы Кейкі Қаранеевтің арғы аталары сөзге шешен, іске мығым, суырып салма ақын әрі өнерге етене жақын текті азаматтар болған екен. Соғыстан оң қо­лының тоқпан жілі­гінен айрылып, елге аман оралған нағашы атамыз Әбіләзи Сүлей­меновтің есімі С.Сейфуллин ауылының хал­қына табан астында тауып айтатын тапқыр ақын және төрт түліктің тілін тапқан шебер бақташы ретінде етене таныс болса, біздің бүгінгі мақаламызға арқау болған Кейкі Қаранеев біздің Әбіләзи атамыздың жақын бауыры еді. Содан да болар екі отбасы арасындағы тығыз қарым-қатынасты бала күнімізден кө­ріп, көңілге түйіп өстік.

Қаранейден екі ұл, екі қыз тараса, бүгінде ортамызда Тереңөзекте тұратын Қарақас апамыз бен Тараз өңіріне қоныс аударған Сағат ағамыз бар. Ал ағайынды Кейкі мен Зояның өмірден өткеніне де бірнеше жыл болды. Бұл отбасы Тереңөзек табанында өсіп-өнген, өзіндік орны бар, ұрпақтары түрлі салада еңбек етіп жүрген берекелі шаңырақ. Біз бүгін сол шаңырақтың тірегі, ағайынның арқасүйері болған Кейкі Қаранеев туралы тарқата жазамыз.

Тереңөзекте туып-өскен, С.Сейфуллин таба­нын­да жетілген азамат жастайынан бел­сенді болып өсіпті. «Қай жерде де өзін­дік пікірі бар азаматтың тектілігі анық аңғарылып тұратын» деседі көзкөргендер. Сол тектілігі ептілікпен ұштасқан болуы керек, ардақты азамат ұзақ жыл ішкі істер саласында еселі еңбек етіпті. Кейін «ДосаАф» мекемесінде де жемісті жұмыс істеп, әріптестеріне сыйлы азамат атанған. Сонымен қатар заманында аудандағы аты дүркіреп тұрған «Казсельхозтехника» меке­месінің де қалыптасуы мен дамуына, жос­парлы жұмыстардың нәти­желі орындалуына белсене атсалысқан. К.Қаранеев саналы ғұмырында агро-техни­калық колледжде де еңбек етіп, өзінің өмірден жинаған білімі мен тәжірибесін оқу ор­дасының өркендеуіне арнаған екен. Жұ­мыс­та, қоғамда өзіндік абыройы бар азамат отбасында да асыл жар, ардақты әке бола білген. Мұны терең­өзектіктер жақсы біледі әрі әлі күнге ұмытылмас сәттерді жылы есте­ліктеріне ар­қау етеді.

– Халқымыздың әр сөзінде мән мен мағына бар. Бабаларымыз «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дейді. Біз білетін Кейкі – нағыз азамат еді. Ол үлкенге де, кішіге де құрметті, ағайынның арасында беделді, әрқашан жақсы істерге болысып жүретін. Етене жақын араластық, сырлас, сыйлас, сапарлас болдық. Сонда Кейкінің пейілінің тазалығын, дархан көңілінің кеңдігін анық аңғаратынмын. Ол сөйлесе шешен, іс бастаса көсем еді. Қолынан барлығы келетін және еңбекпен есейген, маңдай терімен, көпшіл болмысымен танылған азамат болатын. Кейкі туралы өткен шақта естелік айтудың өзі ауыр. Бір сөзбен түйіндей айтқанда, ол қуанышта да, қайғыда да ағайынның нағыз арқасүйері еді. Оның басқаруынсыз көп іс бітпейтін, – дейді бізбен әңгімесінде еңбек ардагері Итемір Фазылов.

Ардагердің сөзін жасы жетпісті алқым­даған Сейтсұлтан Ижазұлы қуаттай түсті. Ол ардақты азаматтың ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлкен отбасының тірегі бола біл­геніне ерекше тоқталды.

– «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демекші Кейкінің ұлдары да оның жолын қуған көпшіл, дархан пейілді, қолы да, жолы да ашық азаматтар болды. Талғат ағайынға танылып, үлкен-кішіге құрметі артып келе жатқан жақсы азамат еді. Әттең қарындасы Лаура екеуінің өмірі қысқа болды. Бүгінде Қайрат, Бағдат және Ләззат, Гүлшат, Зәуре, Сандуғаш ата-аналарының ошағының отын сөндірмей, түрлі салада еңбек етуде. Жақында ата-аналарына арнап ас беріп, ағайынның батасын алды. Сонда жақсы-жақсы естеліктер айтылды. Терең­өзектің халқы, сондай-ақ көршілес Жалағаш пен өзіміздің С.Сейфуллин, Қалжан ахун ауылдарының тұрғындары Кейкі Қаранеевті ұмытпайды деп білемін. Өйткені ол бір әулеттің ғана емес ағайын-туыстың арқа­сүйері, маңдай тірері, қуанышта да, қайғыда да ақылдасар жанашыр азаматы болды, – дейді Сейтсұлтан аға.

Халық даналығында «Әрбір абыройлы азаматтың артында ақылды әйелдің адал еңбегі бар» деген тағылымы мол сөз бар. Кейкі Қаранеевтің абырой биігіне көтеріліп, үлкен-кішіге қадірлі болуы туралы сөз қозғағанда, өмірлік серігі Рахила Әбдраманқызының есімін айтпай өту мүм­кін емес. Келіндеріне қызындай, күйеу балаларына ұлындай көзқарас танытып, дастарханын кеңге жайып отыратын абзал жан Асқар Тоқмағамбетов ауылының тумасы екен. Жаулығын кір шалдырмаған жайсаң жан ұзақ жыл есепші болып қызмет еткен. Нарық заманы орнап, қоғамдық қатынастар жаңарған тұста ерінің тілеуін тілеп, үйде бала тәрбиесімен айналысқан. Бұл туралы бізге «Алтын алқалы» абзал ана Қарақас Оспанова кеңінен айтып берді.

– «Орны ойсырап қалды» деген сөздің мән-мағынасын Кейкі өмірден өткенде тереңірек түсіндік. Жапанда жалғыз қалған­дай біраз уақыт өзімізге келе алмадық. Бәріне уақыт емші екен. Бірақ әлі күнге оның жоқтығы сезіледі. Бауырымыз ойды да, қырды да ойлап, бәрімен тең араласып, ағайынның басын қосып жүретін еді. Ал Рахила туралы айтар болсам, ол Кейкіге жақсы жар, балаларға жақсы ана болды. Дастарханы кең жайылып тұратын. Қазір де Аллаға шүкір, отбасы ата-аналарынан көрген тәлім-тәрбиелерінің арқасында өсіп-жетілуде. Мен барлық жақсы жаңалыққа тілектеспін, ағайынның ықыласын, батасын алған жақсы азамат туралы газетке мақала жазып жатқандарыңызға рақмет. Ақ батамды бердім, – дейді Қарақас апа.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, естеліктер мен жылы сөз айту­шылардың қарасы қалың болды. Мақала жазылып жатқанын естіген Түркістан облысы­ның Сайрам ауданынан Қамбар Сүлейменов, байқоңырлық Сәруар мен Рүстем Әбіләзиұлы арнайы хабарласты. Ауданымыздың құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы қалған Қамбар Сүлейменов бүгінде сансыз баптар мекенінде тұрып жатса да өткен күнге көз тастап, Кейкі Қаранеевтің әке орнына әке, ана орнына ана болып, өмірде көп қамқорлық танытқанын тілге тиек етті.

Ал тереңөзектік Дастан Сүлейменов аға­йын-туыс, жекжатпен ой бөлісіп, ақыл­дасып, әулеттің іс бастар, сөз саптар ар­дақ­тысы атанған азаматтың өзі өмірден өтсе де игі істері жұрт жадында ұзақ уақыт сақта­латынын жеткізді. Бұдан біз таулардың алыс­таған сайын биіктей беретіні секілді жақсы азаматтар өмірден өткенімен уақыт өте ке­ле есімі, еңбегі көпшілік көңілінде жаңғыра беретінін ұғындық.

Мақаламыздың соңын адамгершілік құн­ды­лықтарды ардақ­тап, қоғамдық істерді жүзеге асыруда тектілігімен, ептілігімен та­ныл­ған жақсы жандардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деп аяқтағанды жөн көрдік.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

31 қаңтар 2023 ж. 270 0