Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел құрметіне бөленген

Ел құрметіне бөленген

Газетіміздің «Кент көшелері» айдарымен аудан орталығындағы біраз көшенің тарихы оқырман назарына ұсынылды. Онда ел дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар туралы кең ақпарат берілуде. Осыған байланысты ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі еңбек еткен менің атам Шәймерден Ташимов туралы, ол кісінің есімімен аталған көше жөнінде жазуды жөн көрдім.
Шәймерден Ташимов – ауылдың алғысына, құрметіне бөленген азамат. Ауылдың өркендеуіне зор үлес қосып, көп жылдар бойы шаруашылықты басқарып, алдыңғы қатарға жеткізген. Атамның атында қазір Асқар ауылында көше бар. Біз ұрпақтары осы көшеде тұрамыз.
Ш.Ташимов 1928 жылы дүниеге келіп, еңбек жолын 1944 жылы «Қарарын» бас­тауыш мектебінде мұғалімдіктен бастаған. Одан кейін ауылдық мектепте оқу ісі мең­герушісі, колхоз төрағасының орынбасары, партияның XVIIІ съезі атындағы колхозда кадрлар жөніндегі инспектор, Қызыл­ту ауылдық советі атқару коми­тетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарған.
Қызмет атқарған жылдары менің атам ауылдың өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне ерекше атсалысты. Мәселен, елді мекен кезінде Қараөзекке дейін созылып жатты. Сол шақта кеңшарды атпен аралап, күннің суығында су кешіп, халық қамы үшін тынымсыз еңбек етті. Ауылды гүлдендіру үшін көпшілікті ұйымдастырып, ағаш отырғызу ісін қолға алды. Ол кезеңдерде қазіргідей қоршаулар болмаған. Сондықтан отырғызған көшетті бинтпен орап, оған солидол жаққызып қойған. Міне сол кезеңдегі отырғызылған ағаштар бүгінде елді мекенде жайқалып өсіп тұр. Осындай ұйымдастырушылығымен танылған атам қысы-жазы тынымсыз еңбек етіп жүріп сырқаттанып қалады. Қатты науқастанып өмірден өтті.
1998 жылы атаммен қатар қызметтес болған кісілердің ұсынысымен өзі тұр­ған көшеге Шәймерден Ташимовтың есімі берілді. 47 жыл ғана өмір сүрген ата­мыздың еңбегін ауылдастары әлі күнге дейін айтып отырады.
Көпболсын Жақыпов,
еңбек арда­гері:
– Халық қамын ойлаған азамат соғыстан кейінгі жылдары ауылдың гүл­денуіне атсалысты. Көркейту-көгал­дан­дыру жұмыстарын қолға алып, ел тұр­мы­­сының жақсаруына еңбек етті. Ол кісінің адамгершілігі, азаматтығы туралы көпшілік біледі.
1970 жылы біздің отбасымыз ауыр қайғыға ұшырап, Улан-Батыр қаласында Қияқи деген жерде әскердегі інім қайтыс болды. Мүрдені әкелуге 10 күн уақыт кетті. Сонда Шәймерден аға Ташкент қаласынан бізді күтіп алуға екі көлік жіберіп қамқорлық танытты.
Бақтияр Наурызбев,
киномеханик, еңбек ардагері:
– Шәймерден аға қанағатшыл, адамдармен тез тіл табысады. Ауыл халқының мінез-құлқын түгел білетін. Ештеңені қалт жібермейтін қырағылығына таң қала­тынбыз. Шәкеңнің үйінен қонақ арылмайтын. Ақиық ақын А.Тоқмағамбетов, атақты кісілердің барлығы осы үйге түсетін. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Бекайдар Жүсіпов те елге келсе осы Шәкеңнің үйіне келетін. Шәкеңнің екінші ағасы Шаймағанбетпен бұл кісі Ташкентте бірге оқыған. Бекайдар аға Шаймағанбеттің өте сауатты кісі болғанын келген кезінде әңгімелеп беретін. Осындай көпшіл ағаның жары Тұрсынкүл де өте керемет жан болды. Ағаның ерін ерттеп, атқа мінгізіп, үйге келгенде күтіп алатын. Атамыздың бәтеңке бауына дейін байлап шығарып салатын. Жеңгемізге жұрт таң қалатын. Шәймерден аға басына іс түскендерге көмек қолын созып, араздасқандар болса татуластырып, қазына мүлкін бүлдіргендерді орнына қойғызып, шамасы жетпегендерге елден, ағайыннан жылу жинап, орнына қойғызып отыратын.
Асылбек Райсов,
зоотехник, еңбек ардагері:
– Шәймерден ағамен көп қызметтес болдым. Ағаның ұстанымы бірінші орында салықты орындау болатын. Елден жиналған малды баққызып, жоғары бағаға өткізетін. Нәтижесінде жоспар орындалатын, халық та риза болатын.
Өмірінің соңғы күндері ауруханаға көңілін сұрап барғандарға биылғы салық­тан құтылып отырғанын айтқан. Бұл азаматтың елге деген, жұмысына деген жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетеді.
Анар Ізбасарова,
«Ыбырай Алтынсарин» атындағы медалінің иегері:
– Мен оқу бітіріп, осы ауылға жас маман болып келгенімде ағай маған ауылдың балабақша меңгерушілігін сеніп тапсырып, есеп беруді үйретті. Қай кезде көмек сұрасаң егжей-тегжейіне дейін түсіндіріп беретін.
1998 жылы шілде айында атамызға ас берген күні әр жерден жиналған қызметтестері, достары естеліктер айтты. Сол кезде Майлықұм саналатын ҮІІІ разездье отырған Нұртуған есімді азамат атамның «Менің атымдағы көшемен жүрген адамдарға Алланың нұры жаусын, перзенттеріме ризамын» деп түсі­не енген көрінеді. Менің атамның 70 жылды­ғына орай ас беріліп, есімімен туған ауылынан көше атын беруіне байланыс­ты шәкірті Сейіт­мұрат Ембергенов өлең шығарған. Мақаланың қорытындысын осы өлеңмен тәмәмдаймын.
Жолаушы адам, өмір керуен көшіндей
Дүние шіркін, қонақ үй бейне, кешіргей.
Қанша жасау Алланың ісі ол бірақ,
Ұрпаққа парыз атыңды жүру өшірмей.
Мүмкін ол болар ер азамат атпалы,
Еңбегі елінің болып мақтаны.
Мүмкін ол болар тірлігі шағын шаруа,
Сырласы күннің аязы мен аптабы.
Кім болса да азамат болып ибалы,
Тәлімдікпен нұрын шашқан иманы.
Адам деген ардақты атты қастерлер,
Ата даңқы болса аялап силары.
Ұрпағың Шәке күткендей өзің аталды,
Ізеттік етіп үлкендерден бата алды.
Мәшһүр етіп есіміңді еліңе,
Игілік істі атқарды жұрт қатарлы.
Бәрекелді ағайын, туыс еліңе,
Бірлігімен ас беріп жатқан беріле.
Өзіңе пейіш, қалғандарың артыңда,
Кетпейтін мәңгі кенелсін бақыт кеніне!


Фатима МАРАТҚЫЗЫ

14 наурыз 2020 ж. 613 0