Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Агроном Асқар

Агроном Асқар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әді­летті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбын арқау еткен Жолдауында еңбек адамының құр­метке ие болуы ке­ректігін баса айт­ты. «Кәсібилік пен еңбекқорлық қо­ғамымызда ең жо­ғары орында тұруы қажет. Елі­мізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осын­дай азаматтар мемлекетімізді да­мытады. Біз қа­рапайым еңбек адамына құрмет көр­сетуіміз керек» деді Президент. Біздің бүгінгі ке­йіпкеріміз Асқар Алиакбаров – нағыз еңбек адамы. Жастайынан кәсіпке адалдық танытып, бүгінде өзінен кейінгі жасқа үлгі болып жүрген азамат жайлы ақпаратты әуелі әлеуметтік желіден таптық.

Белгілі бір жазбаға жазылған пікірлері легін қарап отырып «Асекеңе «облыстың бас агрономы» деп бағасын ертерек беріп қойғанбыз. Ол атақ – өзінің адамгершілік болмысы мен ең­бекқорлығы және өз кәсібінің шеберлігі үшін ха­лықтың берген атағы» деп жазыпты әлеуметтік же­лі қолданушысы, Асқардың сыйлас ағасы Орынбасар Төлепов. Одан ар­ғы сұрақ-жауап кейіпкерімізбен жалғасты.

– 2004 жылы А.Тоқмағамбетов ауылындағы ор­­та мектепті тәмәмдағаннан кейін арман қуып бас қалаға аттандым. Сыр елінің басты байлығы ауыл­­шаруашылығы дақылдары екені белгілі. Әрі әкем­­­нің өмір өрнегін көріп өскен менің осы саланы зерт­теуге деген қызығушылығым жоғары болды. Сөй­­тіп 2004-2008 жылдары Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық уни­верситетінде білім алып, «Топырақтанушы Агро­­химик» мамандығын игердім. 2009 жылы ма­мандық бойынша жұмысымды «Мағжан және К» ЖШС-де агроном болып бастадым. 2010 жылы Ре­сей Федерациясы, Краснодар өлкесі, Красноармейский ауданында, Майстренко атындағы кү­ріш совхозында тәжірибе жинақтаушы болып 6 ай білімімді шыңдап, тәжірбие жинақтадым. Сол тә­жір­биемді өндіріске енгізіп қызметімді әрі қарай «Мағжан және К» ЖШС-де жалғастырдым. 2011 жылы тұқымшы агрономы болып серіктестікте тұқым шаруашылығын дамытуға кірістік. 2013-2015 жылдары Краснодар қаласындағы Кубань мем­­лекеттік аграрлық университетінде «Топы­рақтану Агрохимия» мамандығы бойынша магис­тратурада білім алдым, – дейді білікті маман.

Асқар Пернебекұлы оқуын тәмамдағаннан бе­рі сол салада қалтқысыз қызмет етіп, әр жылдары егіннің бітік шығып, халық ырысының ке­ңеюіне ықпал етіп келеді. Білімі мен білігі қа­тар тоғыс­қан маман қазіргі уақытты «Абзал және К» толық серіктестігінде директордың ауыл­шаруа­шылығы жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Асқар Алиакбаровты Қазақс­танның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің төл шәкірті десек болады. Кезінде оқуды енді тә­мамдаған жас маманды Абзал аға еңбекке бау­лыған екен. Аға­ның қамқорлығы мен берген тәліміне әркез алғысын айтатын Асқар өзі­нің осы саланы еркін меңгеріп, абыройлы маман атанып жүргеніне Сыр өңіріне ғана емес, рес­публикаға танымал тұл­ға, мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбегі өлшеусіз екенін айтады.

– Абзал Жұмашұлы менің өмірімнен ойып алар орны бар үлкен нар тұлғалы азамат. 2009 жылы мен Күріш Ғылыми зерттеу институтында лабо­рант болып жұмыс жасайтын едім. Өзімнің ғы­лым­ға бейімім болғанымен, зерттеудің үлкен жауап­кершілікке негізделген майда жұмыстары тез жалықтыратын еді. Әкем Пернебек Алиакбаров ғылымнан гөрі өндірісте жұмыс жасағанымды құп көріп, Абзал ағамен таныстырған болатын. Сол кезде Абзал аға маған бірден ауылдан жұ­мыс ұсынып, «өндірісті дамытуға атсалыс» деп ұсыныс айтқан. Алайда қаланың өміріне үйреніп қалған мен ауылға барғым келе қоймады. Одан қала берді «тәжірбиесіз өндірісте қалай жұмыс жасай­мын» деп ойланып жүрдім. Тура бір айдан соң өмірімдегі маңызды шешімдердің бірін қабыл­дап, Н.Ілиясов ауылына ат басын бұрып, жұмыс­қа кірісіп кеттім. Міне содан бері 14 жыл уақыт өтіпті. Сол кездегі жас Асқардан агроном Асқарды тәрбие­леп шығарған – Абзал аға және оның ұжымы. Ағамызға Алла ұзақ ғұмыр нәсіп етсін, – дейді кейіпкерім өзінің еңбек жолы туралы сөз қозғап.

Асқардың әкесі де аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімінде жемісті еңбек еткен жан. Ұзақ жыл елеулі еңбек етіп, абыройлы қарттыққа жеткен Пернебек Алиакбарұлының есімі аудан жұрт­шы­лығы мен Асқар Тоқмағамбетов ауылы тұр­ғын­дарына етене таныс. Кезінде совхоз директоры қызметін де атқарған. Негізгі мамандығы – инженер-механик. Адал еңбегінің жемісін көрген ақсақал «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын алған. Ал анасы Надежда Алиакбарова – инженер-технолог. Ер азаматының бабын келтіріп, бала тәрбиесін бәрінен биік қойған ана қазақ­тың салт-дәстүріне берік, қазақ тіліне құр­меті жоғары. Ардақты ана еңбекке де араласып, кезінде ауыл асханасында меңгеруші болған. Бере­келі отбасының шамшырақтары кезінде Н.Ілиясов ауылында 15 жыл қызмет жасаған. Қазір­ А.Тоқмағамбетов атындағы берекелі ауыл­­да қоныс теуіп, ауылдың ардақтысы болып отыр­ған жайлары бар. «Әке көрген оқ жонар» демек­ші, біздің мақаламызға арқау болып отырған Асқардың ауылшаруашылығы саласында өнімді еңбек етуіне әкесінің ықпалы мен бағыт-бағдары зор болған. Қос қазына екі ұл, екі қызды өсіріп, бап­тап, үлкен өмірге қанаттандырған. Өкінішке орай, үлкен ұл мезгілсіз дүниеден озған. Қалған екі қыз бен ұлдың барлығы жоғары білікті маман, өмір­­ден өз орнын тапқан жандар. Қыздың үлкені Айгүл Астана қаласындағы №3 мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болса, Айнұр С.Сейфуллин атын­дағы университетте тарих пәнінен сабақ береді. Асқардың келіншегі Мөлдір де – агроном. Жас отбасында Айзере, Әмина, Алтынбек есімді ұл-қыз өсіп-өніп келеді.

Асқар Пернебекұлы – өте қарапайым әрі айнала­сындағыларға әзіл-қалжыңмен жақсы көңіл-күй сый­лай жүретін жомарт жан. Өзі үлкен өмірге қанат қаққанында ағаларының бағыттауымен аяқ­қа тұрған ол бүгінде өзінен кейінгі буынға ағалық ақылын айтып, білгенін үйретіп жүр. Ұрпақтар жалғастығын осылай сабақтап, аудан, облыс экономикасы мен әлеуетінің артуына өзіндік әрі елеулі үлесін қосып жүрген азамат адал еңбегінің лайық­ты бағасын да алып келеді. Әркез ата-анасына мейірімді, отбасына сыйлы азаматтың еңбегінің жемісті, қызметінің табысты болуын тіледік.

2022 жылдың 14 желтоқсанында елімізде еңбек адамының мерейін арттыру мақсатында қаулы қабылданған болатын. Оған сәйкес қоғамдағы еңбек құнының идеологиясын насихаттаудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданған. Еңбек адамының беделі мен мәртебесі туралы Мемлекет басшысының әр жолғы Жолдауында да кеңінен айтылып келеді. Расында да, еңбек – бәрін жеңуші күш. Еңбек еткенге бақыт басын исе, еңбектің кімді де ер атандырары анық. Еңбек еткеннің еңсесі де биік. Ал айналамыздағы еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетіп, оларды насихаттау кезек күттірмейтін шаруа.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
22 тамыз 2023 ж. 833 0