Мерейі үстем басылым

Қырық жылдан астам уақыт ауданның үнжариясының оқырманымен ажырамауына қызмет еткенім бұл журналист ретіндегі менің туған елге деген қызметімнің бір арнасы десем артық айтқандық болмас.
Қызметтік жолымда тілшіден бастап, басшылыққа дейін көтеріліп, әр кезеңдегі қиыншылықты еңсеріп, заманауи тәсілмен газеттің шығуына атсалысқаным үшін ризамын. Бүгінде аудандық газеттің шығармашылық жолында жастар көшбасында келеді. Бұрынғы кезбен салыстыруға келмейді. Талап та тәртіп те қатаң. Оның үстіне электронды сайттың дамыған кезінде халықты әлеуметтік желі арқылы ақпараттандыру міндеті де тұр. Бұл ретте жаңашылдыққа бейім жастардың, басылым журналистерінің еңбегі ұшан-теңіз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десе, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Газеттің ісі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деп, басылымға деген бағасын бергені оның құндылығын көрсетсе керек. Қай кезде де баспасөз саласы нардың жүгіндей жүк көтеріп келеді. Қоғам мен билік арасындағы «алтын көпір» іспеттес. Соған орай төл мереке қарсаңында қаламгерлерге көрсетілетін құрмет те ерекше. Аудандық газет тілшілері қоғамның түйткілді мәселесін қозғап, халық мүддесіне қызмет етіп, оқырмандардың алғысын арқалауда. Бұл аға буын ұрпақтың салған ізгі жолы. Сондықтан оны лайықты жалғастыру бүгінгі журналистерге жүктелген міндет.
Бүгінде 86 жылдық тарихы бар «Тіршілік тынысы» газетінде еңбек ететін қаламгерлер ауданның тыныс-тіршілігін, шежіресін, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени жаңалықтарын баспа бетінде үнемі жариялап келеді. Ауданның жағымды жаңалықтарын оқырманға сапалы түрде жеткізуде. Аптасына екі мәрте жаңа шығарылымын асыға күтетін оқырманның қатарындамын. Қанша жыл осы салада еңбек етсем де, әлі күнге дейін бірде бір рет баспасөзге жазылу науқанынан қалыс қалмадым. Бұл бір жағынан ауданның азаматы, әрі газеттің жанашыры ретінде жасаған қамқорлығым, әрі қолдауым, таралымның артуына қосқан үлесім.
Аға буын журналист, әрі саланың жүгін білетін ардагер ретінде журналистердің жұмысына абырой, шығармашылық табыс тілеймін. Редакция қызметкерлерін және ұзақ жыл осы басылымда қызмет етіп, құрметті демалыста жүрген ардагерлерді төл мерекемен құттықтаймын.
Жыл сайын оқырмандарыңыздың саны артып, халықты сапалы да мазмұнды, қызықты да, керек ақпаратпен, мақаламен қуанта беріңіздер деген тілектемін.
Сәуле ЕРІМБЕТ,
газеттің 2001-2019 жылдардағы бас редакторы