Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басылым беделі биіктей берсін!

Басылым беделі биіктей берсін!

Менің анам да кезінде «Тіршілік тынысы» газетінде еңбек еткен. Сол кезден аудандық газет редакциясы маған етене таныс. Анамның еңбегі сіңіп, қолтаңбасы қалған аудандық газет ұжымына деген көзқарасым да, құрметім де ерекше.

Ауданның айнасына айналып, ертеңгі тарихты саралау жолында ерен еңбек етіп жүрген журналистердің қызметі қауырт. Ауданда болып жатқан жаңалық пен іс-шараларға барып, қатысып, көзбен көріп, түйгенін қағаз бетіне түсіреді, оны газетке салып, халыққа таратады. Бұның бәрі зор еңбекті, қажыр-қайратты талап етеді. Тілшіге көргені мен білгенін көркем, өтімді етіп жазып шығу да маңызды. Кәсіби маманның қолынан шыққан дүние ғана халықтың жүрегіне жетеді. Осы ретте, аудандық басылымда сонау жылдан бері небір азулы журналистер еңбек етіп келеді. Аға буынның ізін бүгінде жас мамандар басып, аудан басылымының беделін одан бетер көтеріп келе жатқаны көңілді қуантады. Жалпы, журналистердің еңбегі, жұмысы – халықтың көз алдында. Аудандық газеттің бүгінгі абыройы басылым беделін биік етіп келе жатқан білікті мамандармен құнды.

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген. Алда келе жатқан кәсіби мереке қарсаңында келешек тарихты толғап, ертеңгі ұрпаққа жеткізу мақсатында жұмыла еңбек етіп жүрген журналистер қауымына шығармашылық табыс тілеймін. Жазарларыңыз таусылмасын, қаламдарыңыз мұқалмасын! Қызметте абыройлы, табысты болыңыздар! «Өзі бір күндік, сөзі мың күндік» басылымның беделін биік ету жолындағы еңбектеріңіз өнімді бола берсін!

Жұмабек ЕМБЕРГЕНОВ,
Қызылорда облыстық
мәслихатының депутаты
27 маусым 2023 ж. 166 0