Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 47 газет

28 маусым 2025 ж.

№ 46 газет

24 маусым 2025 ж.

№ 45 газет

21 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Басылым беделін биіктеткен...

Басылым беделін биіктеткен...

Кез келген салада еңселі еңбек етіп, ардагер атанған азаматтардың ішінде редакция ардагерлерінің орны бөлек екені мәлім. Ұзақ жылдар бойы жергілікті газетте жемісті еңбек етіп, ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен олардың еңбегі, атқарған қызметі, жетістігі бүгінде тарих қойнауына еніп, кейінгі буынға үлгі-өнеге болып сақталып қалды. Мұның барлығы – біз үшін, біздің аудандық газеттің тағылымды тарихы үшін қай кезде де маңызды.

Жыл сайын кәсіби мерекеде қолымызға қалам алып, өткен мен бүгінді саралауды міндетімізге алғанбыз. Күнделікті қырық мыңға жуық аудан халқына таралатын басы­лымның беделін биіктету жолында сала ардагерлері жастарға жол нұсқаушы болатыны жасырын емес. Ардагерлік жасқа жеткен біздер үнемі аға буын өкілі ретінде ұжымның жұмы­сының жандануына өзіндік көз­қарасымызды таныта білеміз.

Төрт жыл бұрын «Сыр жур­налис­тикасының тарихы» атты бес том­дық кітап жарық­қа шық­қан еді. Аталған кітапта бәрі кеңінен жазылып, өңір жур­налистикасымен қатар аудандағы бұқаралық ақпарат құралының тарихы да қайта зерделенді. Осы ретте, аудандық газеттің ең алғашқы атауы «Сталин жолы» болғанын және оның сонау 1939 жылдың 26 наурызынан бастап 1956 жылға дейін осы атаумен оқырманға таратыл­ғанын айта кетейін. Одан кейін 1956-1963 жылдары газет «Еңбек майданы» болса, екі ауданның бірігуіне байланысты 1963-1967 жылдары «Сырдария» деп аталған. 1967 жылы аудандар екіге бөлініп, басылым атауы «Еңбек туы» болып өзгертілді. Төл газетіміз 1990 жылдың 2 қарашасында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қазақ ССР Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитетінде тіркелді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы 30 шілдесінде басылым атауы «Тереңөзек тынысы» деген атпен ҚР Бұқаралық ақпарат министрлігінде тіркелді. Ал 1997 жылдан бері «Тіршілік тынысы» атауымен шығып келеді.

86 жылдық тарихында жиырма бір редактор басшылық қызмет атқарған газетте адал еңбекті ту еткен талай азаматтар да нәтижелі еңбек етті. Олардың ішінде 1939-1946 жылдары Т.Аралбаев, С.Қожаниязов, С.Дәрібаев, М.Нұрманов, Б.Әденов, Сайлығараев, Қ.Оспанов, Үмбетов, Н.Төртбаев, Е.Дәуітбаев, Қ.Қоянбаев, Д.Жұқабаев есімді тұрақты автор­лардың есімі құрметпен аталады. Одан бөлек әрі ақын, әрі журналист болған М.Сақтаповтың еңбегі ерекше. Ол кісі біздің ортақ ұстазымыз болып, журналистика саласында өзіндік дара қолтаңбасын қалдырды. Сол еңбегі еленіп «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. 2020 жылы Қазақстанның Құрметті жур­налисті атағын иеленді. Соғыс жыл­дарынан кейін газет жұмысының ілгері басуына Қ.Ысмайылов, Б.­Шер­таев­, А.Салыбаев, Е.Жүсіповтер де атсалысқан. Әсіресе Сейтмұрат Ембергеновтің рухани-танымдық ең­бек­тері оқырман қауым тарапынан жоғары бағаланды.

Газет журналистерімен қатар бас­пахана директорлары да мерзімді басылымның халыққа тез жетуіне айрықша үлес қосты. Біз бүгінде аудандағы редакция мен баспахана тарихын бөлек қарастыра алмаймыз. Қос мекеме тоңның ішкі ба­уындай бірлесе, бір мүдде жолында еңбек етті. Аудандық баспахана директоры болған В.Те, У.Аманбаев, Б.Жұмсабековтердің еңбегі зор. Әсіресе Сергей Тоқсанбаевтың есімі ерекше аталады. Сергей ағамыз нағыз тәртіптің адамы ретінде есте қалды және өмірінің соңына дейін сол тәртіп пен тазалық ол кісінің басты ұстанымы болды. Ол кісі газет бір минутқа да кешікпеуі керек деген ұстанымды ұстанды. Бәрінен соны талап етіп, жұмысқа ерекше жауапкершілікпен қарады. Сол жауапкершілік, жаңашылдық оны биікке шығарды. Ал баспахана қызметкерлері­нің ішін­де Қ.Төлегенов, Б.Әбдіхалықов, Ш.Әбдіхалықова, Ә.Әб­дірах­манова, Ш.Бер­кін­баева, Қ.Бал­шық­баева, ­Ж.Тасым­баева, Б.Бай­­жүнісова, Қ.Асықбаева, Ж.Қо­­жа­ғұ­лова, Қ.Жан­шыбаева, Г.Ысқақова, А.Манасова, Р.Досма­ғанбетова, Р.Ес­маған­бетова, К.Жұма­баева, Л.Өскен­баева, А.Болғанбаева, О.Күзем­баева мен А.Ысқақова­лар, Б.Таңатаров, С.Еркінбаева, А.Ал­данова, М.Өтеп­бер­генова, Э.Бай­мұханова, Б.Қорған­бекқызы­лар ұзақ жыл­ ортақ абырой жолында тер төкті. Бұл кісілердің көбі бүгінде дүниеден озса, қалғандары ардагерлік кезеңге абыроймен жетіп, кейбірі түрлі салада еңбек етіп, ұрпақ­тарының қызығын көруде.

Бір айта кетерлігі, ұзақ жыл ау­дандық баспахананы басқарған Сергей Тоқсанбаев ағамыздың дүниеден өткені жанымызға батады.
Соңғы жылдары газеттен зейнет дема­лысына шыққан қаламгерлер мен қызметкерлердің ішінде Орынкүл Жұманазарова, Асылбек Аншаев бар. Бүгінде ауданның бас ақыны Мұхтар ағамызбен бірге қаламы жүйрік қаламгер Шаһарбек Нұрсейіт екеуміз кейінгі буынның аяқ алысына баға беріп отырамыз.

Басылымның бас редакторы Аружан Мұханбетқали жетекшілік ететін ұжымның жұмысына қай кезде де қолдау көрсетеміз. Ардагерлер әрқашан беделі биік басылым жұмысының жыл өткен сайын өрлейтініне сенеді.


Мүсілім ҚАЛМҰРАТҰЛЫ,
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы» газеті
редакциясы жанындағы
бастауыш ардагерлер
ұйымының төрағасы
28 маусым 2025 ж. 372 0