Редакция ардагерлері – абырой биігінде
Түрлі салада еңбек етіп, ардагер атанған азаматтардың ішінде редакция ардагерлерінің орны бөлек. Ұзақ жылдар бойы жергілікті газетте жемісті еңбек етіп, ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен олардың еңбегі, атқарған қызметі, жетістігі бүгінде тарих қойнауына еніп, кейінгі буынға үлгі-өнеге болып сақталып қалды. Мұның бәрі біз үшін, біздің аудандық газеттің тағылымды тарихы үшін қай кезде де маңызды.
Кәсіби мерекемізге орай бас редактор А.Ибрагимұлының ұсынысымен қолға қалам алып, редакция жанындағы бастауыш ардагер ұйымының төрағасы ретінде өткен-кеткенді ой елегінен өткізуді жөн көрдім. Бұл өте жауапты жұмыс екенін білемін. Өйткені, шағын ғана мақалада бәрін түгел қамту мүмкін емес. Бірақ, менің мақаламда аты аталса да, аталмаса да алдыңғы буын ардагерлердің өлшеусіз еңбегіне біз әркез бас иеміз. Құрметпен қарап, қадір тұтамыз. Қолымыздан келсе, ардагерлердің есімі мен еңбегін төрге оздырып, биікке жетелейміз. Ең бастысы, ардагерлерде деген біздің көңіліміз, пейіліміз таза және құрметіміз де шексіз.
Екі жыл бұрын «Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдық кітап жарыққа шықты. Сол кітапта бәрі кеңінен жазылып, өңір журналистикасымен қатар аудандағы бұқаралық ақпарат құралының тарихы да қайта зерделенді. Осы ретте, аудандық газеттің ең алғашқы атауы «Сталин жолы» болғанын және оның сонау 1939 жылдың 26 наурызынан бастап 1956 жылға дейін осы атаумен оқырманға таратылғанын айта кетейін. Одан кейін 1956-1963 жылдары газет «Еңбек майданы» болса, екі ауданның бірігуіне байланысты 1963-1967 жылдары «Сырдария» деп аталған. 1967 жылы аудандар екіге бөлініп, басылым атауы «Еңбек туы» болып өзгертілді. Төл газетіміз 1990 жылдың 2 қарашасында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қазақ ССР Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитетінде тіркелді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы 30 шілдесінде басылым атауы «Тереңөзек тынысы» деген атпен ҚР Бұқаралық ақпарат министрлігінде тіркелді. Ал 1997 жылдан бері «Тіршілік тынысы» атауымен шығып келеді.
Мен бүгінгі мақаламда газет редакторларының есімін атап өтуді дұрыс деп санаймын. Олардың қатарында ең алғашқы редактор Серғазы Абдуллаевтан бастап Баймахан Уызбаев, Әбілда Құрманаев, Смайыл Ақжігітов, Шілдебай Оңғалбаев, Айтбай Қойшыбаев, Жұмағали Елеуов, Б.Өтепов, Болатбек Аманбаев, Смағұл Маханбетов, Ізхан Досмағамбетов, Абызбай Маханбетов, Қуаныш Татанов, Тынышбек Дайрабай, Келдібай Уәйісов, Тұрғанбай Болғанбаев, Асқар Кіребаев, Нұрлыбек Ғизатов пен Сәуле Ерімбеттің есімін ерекше атауға болады. Ал 2019 жылдан бастап редакторлық қызметті атқарып келе жатқан Ақтөре Ибрагимұлы аудандық газеттің жиырмасыншы бас редакторы екен. 84 жылдық тарихында жиырма редактор басшылық қызмет атқарған газетте адал еңбекті ту еткен талай азаматтар да нәтижелі еңбек етті. Олардың ішінде 1939-1946 жылдары Т.Аралбаев, С.Қожаниязов, С.Дәрібаев, М.Нұрманов, Б.Әденов, Сайлығараев, Қ.Оспанов, Үмбетов, Н.Төртбаев, Е.Дәуітбаев, Қ.Қоянбаев, Д.Жұқабаев есімді тұрақты авторлардың есімі құрметпен аталады. Одан бөлек әрі ақын, әрі журналист болған М.Сақтаповтың еңбегі ерекше. Ол кісі біздің ортақ ұстазымыз болып, журналистика саласында өзіндік дара қолтаңбасын қалдырды. Сол еңбегі еленіп «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. 2020 жылы Қазақстанның құрметті журналисі атағын иеленді. Соғыс жылдарынан кейін газет жұмысының ілгері басуына Қ.Ысмайылов, Б.Шертаев, А.Салыбаев, Е.Жүсіповтер де атсалысқан. Әсіресе Сейтмұрат Ембергеновтің рухани-танымдық еңбектері оқырман қауым тарапынан жоғары бағаланды.
Газет журналистерімен қатар баспахана директорлары да мерзімді басылымның халыққа тез жетуіне айрықша үлес қосты. Біз бүгінде аудандағы редакция мен баспахана тарихын бөлек қарастыра алмаймыз. Қос мекеме тоңның ішкі бауындай бірлесе, бір мүдде жолында еңбек етті. Аудандық баспахана директоры болған В.Те, У.Аманбаев, Б.Жұмсабековтердің еңбегі зор. Әсіресе Сергей Тоқсанбаевтың есімі ерекше аталады. Сергей ағамыз нағыз тәртіптің адамы ретінде есте қалды және әлі күнге сол тәртіп пен тазалық ол кісінің басты ұстанымы. Ол кісі газет бір минутқа да кешікпеуі керек деген ұстанымды ұстанды. Бәрінен соны талап етіп, жұмысқа ерекше жауапкершілікпен қарады. Сол жауапкершілік, жаңашылдық оны биікке шығарды. Ал баспахана қызметкерлерінің ішінде Қ.Төлегенов, Б.Әбдіхалықов, Ш.Әбдіхалықова, Ә.Әбдірахманова, Ш.Беркінбаева, Қ.Балшықбаева, Ж.Тасымбаева, Б.Байжүнісова, Қ.Асықбаева, Ж.Қожағұлова, Қ.Жаншыбаева, Г.Ысқақова, А.Манасова, Р.Досмағанбетова, Р.Есмағанбетова, К.Жұмабаева, Л.Өскенбаева, А.Болғанбаева, О.Күзембаева мен А.Ысқақовалар, Б.Таңатаров, С.Еркінбаева, А.Алданова, М.Өтепбергенова, Э.Баймұханова, Б.Қорғанбекқызылар ұзақ жылдар ортақ абырой жолында тер төкті. Бұл кісілердің көбі бүгінде дүниеден озса, қалғандары ардагерлік кезеңге абыроймен жетіп, кейбірі түрлі салада еңбек етіп, ұрпақтарының қызығын көруде.
Айта кету керек, тырнақалды туындылары, ең алғашқы материалдары аудандық газетте жарияланған есімі елге белгілі қаламгерлер көп. Олардың көшін Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбілмәжін Жұмабаев, Әбіраш Жәмішов, Төлепберген Тобағабылов, Сейфолла Оспанов, Нұрхан Жанаев, Қанапия Дәрібаев, Қалмахан Нұрғалиев, Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаева, Бексейіт Шайлановтар бастайды. Олардың бәрі аудандық газетті «Шыңдалу мектебі» деп атаған. Сонымен қатар 1970-1980 жылдары Алтынбай Дәуренбеков, Сәуле Ерімбет, Мейрамбек Шілдебаев, Дәметкүл Құмақбайлардың есімі мен еңбегі баспасөз арқылы халыққа танылды. Олардың әрбір туындысын халық асыға күтті, сүйсіне оқыды. Газет абыройы мен беделін көтеру жолында тынымсыз еңбек еткен Шолпан Оразәулеті мен Серік Әлімбетовтің жылт еткен жаңалықты қалт жібермейтін мақалалары да көп оқылымға ие болды. Радиохабарын ұйымдастырушы Кеңес Әбуов пен корректор, әдеби қызметкер болған Мұса Келдібаевтар да осы жылдары еңбек етті. Жалпы газеттің түлектері ауданда, облыста жоғары қызметтерді атқарды. Бүгінде Мұсекең аудандық ардагерлер кеңесін басқаруда. Біздің газеттен түлеп-ұшқан азаматтар ауданда бөлім, мекеме басқарып жүр. Олар – біздің ортақ мақтанышымыз.
Газетте еңбек еткен фототілшілердің өзі бір төбе. Оларға деген құрмет ешқашан толастамайды. Әсіресе Владимир Ягуниннің есімі сырдариялық жұртшылықтың жадында деп ойлаймын. Фототілші Ибадулла Пірімбетовтің де суреттері газет мазмұнын байытты. Ерғали Әбдіхалықовтың түсірген суреттері де редакцияның алтын қорында сақтаулы. Ол суреттер аудан туралы жазылған кітаптарға да енді. Бірер жыл бұрын Ерекеңнің ұрпақтары үйдегі суреттерін, фотоаппаратын редакцияға өткізді. Құнды жәдігерлер қазір редакциядағы ардагерлер бөлмесінде сақтаулы тұр. Келген қонақтарға көрсетіп, таныстырып, суреттер шежіресін үлгі етеміз.
2015 жылы А.Тоқмағамбетовтің ғасырлық мерейтойына орай газет форматы ауысып, бірінші рет А2 форматымен жарыққа шықты. Бұл үлкен жаңалық болды. Кейін бұл үрдіс 2012 жылы сол кездегі аудан әкімі Ғ.Әбілтайдың қолдауымен қолға алынып, газет біржолата А2 форматымен таратылатын болды. Алғашында газеттің бетін мақалалармен толтыру оңайға соқпады. Бірақ бұл жаңалыққа тілшілер тез төселіп, жұмысты бір жолға қойды. Қазіргі таңда «Сыр медиа» серіктестігіне қарайтын басылым аптасына екі рет таратылып келеді. Тағы бір жаңалық газетке Арал мен Жаңақорған аралығындағы барлық ауданның тұрғындары жазыла алады. Биылдан бастап ақпараттық агенттік ретінде де жұмыс істеуде. Яғни, газеттің өз сайты бар, ол сайт тәулік бойы ақпарат таратуда.
Соңғы жылдары газеттен зейнет демалысына шыққан қаламгерлердің ішінде Шаһарбек Нұрсейітов екеуміз ардагерлер қатарын толықтырдық. Мен редакция жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде өзім ұзақ жылдар еңбек еткен ұжыммен тығыз байланыстамын. Редакцияда жеке жұмыс бөлмем бар. Ал, Шаһарбек – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы. Екеуміз де кейінгі буын жастарға жанашыр болып, бағыт-бағдар беріп, қолдап келеміз. Мерекелік даталарда редактормен бірге редакция ардагерлерінің үйіне барып, сый-сыяпатымызды табыстаймыз. Бұл – біздің ортақ міндетіміз.
Мен кәсіби мереке қарсаңында ардагерлер мен әріптестерімнің есімін жаңғыртып мақала жаздым. Біраздан бері қолға қалам алған соң өткен күндер көңілімде, жүрегімде жаңғырды. Бізге бәрі де ыстық, бәрі де аяулы. Ардагерлерге құрметіміз қай кезде де ерекше. Мерекеде редакцияның, баспахананың ардагерлеріне зор денсаулық, абырой-амандық тілеймін. Ал өмірден өтіп кеткен әріптестеріміздің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!
Мүсілім ҚАЛМҰРАТҰЛЫ,
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы» газеті
редакциясы жанындағы
бастауыш ардагерлер
ұйымының төрағасы
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы» газеті
редакциясы жанындағы
бастауыш ардагерлер
ұйымының төрағасы