Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспахананың білікті басшысы

Баспахананың білікті басшысы

Сергей Тоқсанбаев. Бұл есімді естіген сырдариялықтар бірден бас­пахананы көз алдына елестетеді. Өйткені ардақты ардагердің саналы ғұмыры аудандық баспахананы бас­қаруға, сондай-ақ ауданның әлеу­меттік-экономикалық, қоғам­дық-саяси дамуына арналды. Ол кезде баспахана кім болса да имене аяқ басатын дүркіреп тұрған іргелі мекеме еді.

Биыл – аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдық айтулы белесі. Біз осыған орай «Тіршілік тынысы – 85 жыл» айдарымен сала ардагерлері жөнінде жазуды жөн көрдік. Ал ардагерлердің ішінде жасы жағынан да, еңбегі жағынан да Сергей Тоқсанбаевтың орны қай кезде де жоғары. Тіпті жұртшылық арасында жиі айтылатын «редакцияның табалдырығы – төр, төрі – тұғыр» деген ұғымның орнығуына да баспахананың білікті басшысы болған Сергей ақсақалдың ерекше еңбегі бар. Аудандық спорт комитетінің төрағасы, коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарғанын да айтып өткеніміз жөн.

Қашан көрсеңіз де тік жүретін, тазалықты жаны сүйетін, өз пікірін ашық айтатын, басшымен де, қосшы­мен де сөзі жараса кететін ардагер бүгінде 85 жаста. Ұл-қыздарынан тараған немере-шөберенің қызығына кенеліп отырған қария ардагерлік кезеңге абыроймен жетті. Ұстаздардың ұстазы атанған жары Зоя Алданқызы бірер жыл бұрын өмірден өтті. Қос қарияның есімі де, еңбегі де аудан тарихында зор құрметпен аталады. Ауданның бірінші басшылары ардагерлерге құрмет көрсетуді үлгілі үрдіске айналдырған деп айтуға да толық негіз бар.
– Тәжірибелі баспашылар Қалмағанбет Төлегенов, Әнәпия Іскендірова, Қалдыгүл Балшықбаева, Шолпан Беркінбаева және тағы басқалары жастарға үлгі болып, баспа ісінің алға басуына мұрындық болды. Ол кез бен қазіргі жағдайды мүлде салыстыруға болмайды. Онда баспаханада жұмыстың барлығы қолмен істелетін. Кейде техникалық жағдайларға байланысты баспашылар түнімен жұмыс жасап, үйіне таң ата қайтатын уақыттары да болды. Нарықтың өтпелі кезеңінде қиын-қыстау жағдай орын алып, айлық уақытылы берілмей, жалақыны азық-түлікпен алатын да кездер орын алды. Дегенмен біз де сол нарықтық қатынастарға бейімделіп, баспашылардың айлығын уақытында беруге жұмыс істедік. Оларға қолайлы жағдай туғызып, қиындықтарды жеңе білдік. Соның арқасында жұмыс та ырғақты болды, – дейді бізбен әңгімесінде 21 жыл аудандық баспахананы басқарған Сергей Тоқсанбаев.

Ардагер аудан журналистерінің қазіргі жұмысына қызығатынын да жасырмады. Өйткені қазір әрбір маманға өз алдында бір-бір компьютер тиесілі. Оның бәрі интернетке қосылған. Жарық та өшпейді, ғимарат та жылы әрі жұмыс істеуге қолайлы.

«Бұрынғыдан газеттің форматы да өзгерген. Боя­уы да қанық. Олардың аға ұрпақтың өнегелі істерін лайық­ты жалғастырып жатқанына ризамын» деп түйіндеді өз пікірін ардагер.

Жалпы баспа ісі адамның рухани дүниесін байытатын тасқа басқан тарих десек, артық емес. Осы салада көп жыл жемісті еңбек еткен ардагерлер көпшіліктің құрметіне бөленді. Бүгінде Сергей Тоқсанбаев Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атағының иегері. Облыс, аудан басшыларының талай мәрте құрметіне бөленді. Мұның барлығы абыройлы еңбектің мәуелі жемісі. «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» демекші, еңбегімен өрге де, төрге де шыққан ардагер 85 жылдық тарихы бар басылымда еңбек ететін жастарға әркез тілекші...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
17 ақпан 2024 ж. 227 0