Жақсылар мен жайсаңдардың жалғасы
Сыр өңіріне белгілі Қонысбек Қазантаев, Нұрқасым Бердіқұлов, Сейілбек Шаухаманов, Елеу Көшербаев, Елтай Тыныштықбаев, Жұмабай Бәкішов, Абдолла Дәулетов секілді тау тұлғалармен иық тіресе еңбек етіп, қайраткерлердің тәлімі мен тағылымын бойға сіңіріп, өзі де ғибратты ғұмыр иесі атанған Жақай Бодықбаев 85 жасқа толып, адал еңбегімен абыройға бөленген ардагер ретінде қуанышқа кенелуде. Бітім-болмысы тәртіппен, тазалықпен, парасаттылықпен үндесіп жатқан Жақай ақсақалды жақсылар мен жайсаңдардың жалғасы десек жарасады.
Ардагерлік кезеңге кім жетпей жатыр, 85 жасқа кім толмай жатыр? Бірақ кімнің қалай жеткені, зейнеткерлік жасқа қандай жетістікпен келгені маңызды. Бұл ретте Жақай Серікұлының еңсесі өзгелерден бір саты биік, көші де бір қадам ілгері екені анық. Өйткені абыройлы азамат қай қырынан алсақ та үлгілі, өнегелі. Еңбегі ерен, кеудесі кенен қайраткер-тұлғамен пікірлесудің, сапарлас болудың өзі бір ғанибет. Сондықтан былайғы жұрт ақсақалды әркез төрге оздырып, қадірлеп, құрмет тұтады.
Журналисттік қызметтің жауапкершілігімен қаламымызға қаншама тағдыр иесінің өмірі мен еңбек жолын арқау еттік. Кейде көпшілік мақтаған кейбір кейіпкерлеріміз туралы бірлі-жарым адам теріс пікір айтып қалып жатады. Мұндайда бәріне ұнау, бәрінің көңілін табу, елдің түгел мақтауына ие болу мүмкін емес шығар деп ой түйеміз. Ал Жақай Бодықбаев ақсақал туралы кімнен пікір сұрасаңыз да, қай ортада әңгіме қозғасаңыз да бәрі түгел мақтайды, ерен еңбегін зор тебіреніспен әңгімелейді. Тіпті қоғамдық-саяси қызметтің белді де белсенді өкілі ретінде бір емес бірнеше буын үлгі тұтады. Осы ретте ауданымыздың тәуелсіздік жылдарындағы тұңғыш әкімі Алмагүл Божанқызын әңгімеге тарттық.
– Қарапайымдылығы, еңбеккештігі, асқан жауапкершілігі, іскерлігі Жақайды өзгелерден ерекшелеп тұрады. Адамдармен қарым-қатынасы, жайлы мінезі, достыққа адалдығы, әділдігі, тазалығы бәрімізге үлгі. Біз білетін Жақаң жалынды жастық шағынан бастап негізгі жұмысымен қоса қоғамдық жұмыспен де айналысатын, – деген Алмагүл Божанова кейіпкеріміздің қызметтің барлық сатысынан өткенін және әркез абыройлы болғанын айтып өтті. Иә расында да комбайнер-механизатор, техникалық хатшыдан басталған еңбек жолында қайраткер азамат аудан әкімі қызметін де атқарды.
Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген даналық сөз бар. Жастайынан жақсыларға жанасып, игі іске үлес қосуды өмірлік мақсат тұтқан Жақай Бодықбаев өмірде ұстаздан жолы болған адам. Қонысбек Қазантаев, Нұрқасым Бердіқұлов, Сейілбек Шаухаманов, Елеу Көшербаев, Елтай Тыныштықбаев, Жұмабай Бәкішов, Абдолла Дәулетовтердің тәлімін де, тағылымын да көрген, көңілге түйген азаматты оқуы мен тоқуы ұштасқан тұлға деп айтуға толық негіз бар. «Өмір үйрене жүріп, үйретуге жол ашады» демекші өзі де бүгінде ұстазға айналды. Бүгінде ел басқару ісіне араласып жүрген азаматтардың бір топ шоғыры Жақай Серікұлын ұстаз тұтады. Ақыл-кеңесін кәдеге жаратуға бейім азаматтардың қатарында өңіріміздегі іргелі аудандарды абыроймен басқарған айтулы басшылар да бар.
Сырдария мен Қармақшы ауданының Құрметті азаматтары қатарынан ойып тұрып орын алған ардагер Тереңөзекке келген сайын орайын тауып, аудандық газет редакциясына соғады. Атқарып жатқан жұмысымызбен танысып, басылым беделін биіктету бағытындағы жоспарларымызды жүйелеуге қуатты да шуақты сөзімен қолдау білдіреді. Сонау 1965-1969 жылдардағы аудандық партия комитетінде нұсқаушы, шаруашылықта бас агроном болған жылдары туралы әңгімелейді. 1973-1975 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқарма бастығының орынбасары, 1983-1990 жылдары облыстық халықтық бақылау комитетінің төраға орынбасары қызметінде атқарған жұмыстарынан мысал келтіргенде ардагердің ерекше ерік-жігері мен күш-қайратына тәнті боламыз. Ал 1990-1992 жылдары облыстық агроөнеркәсіп бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары, 1992-1996 жылдары Қармақшы ауданының әкімі ретінде қолға алған бастамалары мен жүзеге асырған жобаларын ел-жұрт жоғары бағалайды. Әсіресе 1975-1981 жылдары С.Сейфуллин атындағы совхоздың, 1996-1999 жылдары Ақжарма шаруашылығының директоры болғаны аудан тарихында алтын әріппен жазылды. Мақаламен бірге жарияланып отырған сурет Ж.Бодықбаевпен редакцияда өткен жақсы бір кездесуіміздің көрінісі десек болады.
Ұқыпты, тиянақты, ізденімпаз ақсақал жұбайы Шарбан анамен 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірді. Шаңырақтың ұйытқысы болған Шарбан ана ұлағатты ұстаз болатын. Бүгінде дүниеден өтсе де артында өшпес із пен іс қалды. Ал Жақай ақсақал қазір ұл-қыздарынан тараған ұрпақтың ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Облыстың айтулы ардагерлерінің қатарында. 90 жастың төбесі көрініп тұрған мерейлі 85 жасқа жеткен ардагер өткені мен бүгініне шүкіршілік етеді, ел-халыққа жақсылық тілейді...
А.ҚҰРМАНАЙ