Қаламгерлер мереке мезіретін сезінді

Алдымен аудан әкімі Қазақстанның Құрметті журналисті, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ақын Мұхтар Сақтаповты кәсіби мерекемен құттықтап барып, сый-құрмет көрсетті. Ардагер-журналист өз кезегінде алғысын айтып, батасын берді.
Мерекелік қабылдаумен жалғасқан іс-шарада сөз сөйлеген аудан басшысы іргелі ұжым мен қарымды қаламгерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
– Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баға берген еді. Бұл ұлағатты сөзді қазір тек басылымдарға ғана емес, барлық бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қолдануға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазір еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды халыққа жеткізу жолында күш біріктіруде» деп атап көрсетті. Журналист болу үшін кәсіби біліктілікпен қатар, батылдық пен табандылық керек. Өзгенің мәселесіне жанашырлық танытып, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын және ұлттық деңгейде ойлай білетін журналисті бүкіл халық құрметтейді. Аудан айнасы саналатын 86 жылдық тарихы бар «Тіршілік тынысы» газеті ұжымы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтарына үнемі ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі күні басылым 3315 тиражбен жарық көріп, халыққа ақпарат ұсынуда 30-ға жуық қызметкер аянбай еңбек етуде. Оларға сала ардагерлері мен баспасөз саласының жанашырлары әркез қолдау білдіруде. Сондықтан меншікті басылымның еңбегін аудан халқы ерекше ықыласпен бағалайды. Осы сәтті пайдалана отырып, Сіздерге шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Биыл ауданымыздың дамуына еңбек етіп жүрген сала ардагерлері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мүсілім Қалмұратұлы мерейлі 75 жасқа, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Сәуле Сұлтанқызы 65 жасқа толып отыр. Мерейтой иелерін шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде мерейлі 75 жасқа келген сала ардагері Мүсілім Қалмұратұлына аудан басшысы арнайы құттықтау хат табыстап, иығына шапан жапты. Ардақты ардагерге Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы берілді.
Ал сала ардагерлері мен мамандары аудан әкімінің, аудан прокурорының, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының алғыс хатына, «Сыр медиа үздігі» марапатына ие болды. Жиында сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, редакцияның бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мүсілім Қалмұратұлы, баспахана ардагері Қалдыгүл Балшықбаева кәсіби мерекеге арнап, ақжарма тілегін жеткізді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ