Сайлау жүйесі ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Аудан басшысы атаулы күн демократиялық сайлаудың маңыздылығын және сайлаушылардың белсенділігін арттыратынына тоқталды.
– Бұл кәсіби мерекенің тарихы 2005 жылы Еуропа елдері сайлауын ұйымдастыру қауымдастығының бастамасымен басталды және оны Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдады. Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өтіледі, өйткені Халықаралық сайлау туралы келісімдерге ақпан айының басында қол қойылған болатын. Сайлау жүйесі саласының еліміздегі маңыздылығы жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік жылдарында еліміздің сайлау органдары дәйекті даму жолынан өтіп, мемлекеттік биліктің аса маңызды институттарын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Бұл органдар сайлау құқығына қатысты әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарды әрдайым сақтай білді» деп атап өтті. Ел Президентінің бастамасымен 2021 жылдан бастап аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлана бастады. Ал биылдан бастап аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау жүйесі іске қосылды. Міне, осындай саяси науқандардың жоғары деңгейде өткізілуіне аудандағы сайлау комиссияларының ардагерлері мен қызметкерлері ерекше ұйымшылдық пен ұқыптылық танытып келеді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз зор құрметке лайық, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік қабылдауда аудан көлемінде сайлау комиссияларында абыройлы қызмет еткен сала ардагерлері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, сый-құрмет көрсетілді.
Атаулы күнге арналған іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, сала ардагерлері Ұлмекен Жанәлиева мен Нұрлан Оразбеков мерекелік лебіздерін жеткізіп, алғыстарын білдірді.