Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРЫШҚОЛ ҚҰРЫЛЫСШЫ

ҚҰРЫШҚОЛ ҚҰРЫЛЫСШЫ


Кейіпкеріміз Қожамұрат Сматұлы 1948 жылы 25 желтоқсанда дүниеге келген. Әкесі Смат Садықов қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы шаруашылықта (сол кездегі Қызыл орақ) малшы болып еселі еңбек еткен. Анасы Әтіркүл Қойшықарақызы да төрт түлікті түлетуге ебі бар еңбеккеш адам болыпты. Ол кісі шаруашылықта сауыншы болған. Смат әкей мен Әтіркүл анадан 5 ер бала тараған. Үйдің үлкені Қожантай саналы ғұмырында механик болып еңбек етсе, Шоқантай шаруашылық жұмысын жандандыруға барынша үлес қосыпты. Ал, Аманкелді есімді отбасындағы үшінші ұл бұрынғы СПТУ-да ұстаздық қызмет атқарған. Бүгінде бес уақыт намазға жығылып, имандылықты ту еткен ардагер үлкен әулеттің отағасы. Төртінші ұл Жақсылық құқық қорғау саласында еңбек етіпті. Отбасындағы бес баланың кенжесі Қожамұраттың балалық шағы Асқар Тоқмағамбетов ауылында өткен.
– Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі қиын, күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Қажыған халықтың әлеуметтік жағдайы тым осал болатын, - деп бастады бізбен әңгімесін Қожамұрат Сматұлы. – Колхоздағы үйлер де жұпыны кейіпте еді. Әкелеріміз еңбекке ерте баулыды. Әліміз жеткенше үлкендерге қолғабыс етуге тырыстық. Мал бақтық, атыздарды тазалап, егін ектік. Әйтеуір, әрбір күніміз еңбекпен өтетін. Бос уақытта балалар шыбықты ат қылып қуалап ойнаған сәтте, мен құмнан жолдар, үйлер салуды ұнататынмын. Өсе келе колхозға үлкен үйлер салынса деп армандадым. Сөйтіп, бала күнімнен сурет салуға, түрлі сызбалар сызуға икемді болдым, - дейді бүгінде мамандығының майталманы атанған азамат.
Иә, бала күнгі арман кейіпкерімізді кәнігі құрылысшы болуға жетеледі. Аудан орталығындағы №36 А.Жданов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда гидромелиоративтік техникумының «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» факультетінде «Құрылысшы» мамандығы бойынша білім алды. Білікті ұстаздардан құрылыс жұмыстарының қыр-сырын үйренді. Мол тәжірибе жинақтады. Бос уақытында еңбекке араласып, аталған техникумды 1968 жылы үздікке бітіріп шықты. Мұнан кейін ол Отан алдындағы азаматтық міндетін орындау мақсатында әскерге аттанды. Әскери парызын 1968-1970 жылдары Германияда өтеді. Студенттік кезеңде бокспен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанған Қожамұрат Сматұлы әскери бөлімде жақсы қырынан танылып, командирлер тарапынан бірнеше мәрте алғыс хат алған. Азаматтың құжатқа деген тиянақтылығы болса керек, аталған марапаттар әлі де сақтаулы тұр.
Қ.Сматұлы еңбек жолын 1971 жылы ПМК-1608 мекемесінде бастаған. Алғашқы кезде құрылыс шебері ретінде жұмысқа қабылданған ол уақыт өте келе шебер, құрылыс алаңының басшысы болып еңбек еткен. Сонымен бірге, 1986-1988 жылдары бас инженер қызметін атқарған. Сол кезде атақты Ыбырай Сейпулов басшылық еткен мекемеде Абдрахман Шаханов, Әбсадық Ембергенов, Оспан Дүзімбетов секілді алдыңғы буын ағаларынан бағыт-бағдар алып, кәсіби тұрғыда шыңдалған. Ал, Бақыт Абдраманов, Төлеу Сүлейменов, Бисенкүл Сариева, Тұраш Қарымсақов, Мария Бәйімбетова, Сәрсенкүл Дабылова, Марат Дүзімбетов, Қамбар Сүлейменов секілді құрылыс саласының майталмандарымен бірге қызметтес болған. Сол кезде қазіргі Тереңөзек кенті мәдениет үйін («Арман» кинотеатры), №210 орта мектеп ғимаратын, Іңкәрдария ауылындағы орта мектепті, атақты Универмаг дүкенін, Аманкелді Иманов көшесіндегі қос қабатты тұрғын үйлерді салуға атсалысқан. Сонымен бірге, аудан орталығындағы 1200 орындық №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі салынғанда құрылыс алаңының басшысы болып, білім ордасының сапалы салынуына, уақытылы пайдалануға берілуіне үлес қосқан. 2012 жылдың 11 қаңтарында лентасы қиылған білім ұясында қазіргі таңда қосымша аудандық оқушылар үйі, балабақша жұмыс жасауда. Орталық стадион маңындағы спорт кешенінің де бой көтеруінде Қ.Сматұлының қолтаңбасы бар. Құрышқол құрылысшы сондай-ақ, «Қызылорда-Жалағаш» автожолының бойында орналасқан «ТS» автокөліктерге жанармай құю бекетінің салынуында ерекше еңбек сіңірген. Бүгінде зейнет демалысындағы кейіпкеріміздің айтуынша, құрылыс нысандарын салуды қолға алған мердігер мекеме өкілдері азаматтың бай тәжірибесін біліп, өздері келіп, ұсыныс тастайтын көрінеді.
– Соңғы жылдары аудан құрылыс алаңына айналды. Аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың еңбегі зор екенін айтқым келеді. Алысқа бармай-ақ, бір ғана Сәкен Сейфуллин ауылына құрылыс жұмыстарын жүргізуге бағытталған қаржылардың көптігін мысалға келтіруге болады. Сол ауылда заман талабына сай ауылдық клуб салынды. Мердігер мекеменің қызметкерлері менің ұзақ жылдар құрылыс саласында еңбек еткенімді ескеріп, жұмыс ұсынды. Жұмыстың көзін білетіндіктен жігіттерге бағыт-бағдар беріп, құрылыстың сапалы жүруіне атсалыстым. Түптеп келгенде, бұл еңбегім туған жерді түлетуге бағытталған игі қадамдар десем болады. Мен әркез еңбектен, білгенімді үйретуден жалықпаймын,- дейді Қ.Сматұлы.
Иә, айтса айтқандай, майталман құрылысшыны құрылыс мекемелері өздері іздейтінін көріп те, біліп те жүрміз. Бұл өз ісінің шебері атанған маманға деген сұраныстың қай кезде де жоғары екенін білдірсе керек-ті. Мәселен, биыл Ақжарма ауылында спорт кешенін салу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда спорт нысанының іргетасы құйылып қойылды. Осы жұмысқа да құрылыс мекемесінің басшылары Қожамұрат Сматұлынан бағыт-бағдар алуды жөн санаған...
Сыр өңіріне адал еңбегімен танылған құрылыс-шының қолтаңбасы көршілес облыстарда да бар. Атап айтқанда, Атырауда салынған 1200 орындық мектептің салынуында Қ.Сматұлы мердігер мекеме директорының бас кеңесшісі әрі құрылыс алаңының басшысы болып, құрылыс жұмыстарын басқарған. Аталған мектеп белгіленген уақыттан ерте аяқталып, құрылыс нысаны мерзімінен бұрын тапсырылғанын да айта кеткеніміз жөн. Соған сәйкес, аталған облыстың сол кездегі әкімі құрышқол құрылысшыға шапан жауып, құрмет көрсетіпті. Ұмытылмас сәтте түскен естелік суреттер кейіпкеріміздің үйінде сақтаулы тұр. Асылында, еңбектің еленгені деген осы шығар...
Қожамұрат Сматұлының ұзақ жылғы еңбегіне атқарушы билік өкілдері лайықты құрмет көрсетіп келеді. Бірнеше мәрте облыс әкімінің Алғыс хатын иеленген құрылысшыға облыстық мәслихаттың Құрмет Грамотасы да берілген. Сонымен бірге, аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың Алғыс хатын алған.
– 2000 жылдардан кейін құрылысшыларға деген көзқарас өзгерді. Жаңа технологиялар қолданысқа енгізілді. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесі түсіп, қоғам мүшелері компьютер тілін меңгергендерді үлгі тұта бастады. Уақыт өте келе, Елбасы «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Бұл мақала құрылысшыларға ерекше серпін берді. Оның үстіне ауданға Ғанибек Қонысбекұлы басшы болып келіп, құрылыс жұмыстары жанданғаннан кейін сала мамандарының төл мерекелері кеңінен тойланатын болды. Жыл сайын аудан әкімдігінде біз мерекелік қабылдауда боламыз. Аудандағы сәулетті нысандарды салуға қосқан үлесімізге лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Біз секілді еңбек ардагерлеріне бұдан асқан құрмет қажет емес,- дейді Қ.Сматұлы.
Еңбекте абырой тұғырынан көріне білген байырғы құрылысшы отбасында адал жар, ардақты әке. Есеп-қисап саласында жұмыс атқарған өмірлік жары Несібелі Қыдырбаева екеуі 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, өсірген. Бүгінде ұл-қыздарының барлығы аяқтанған. Үйдің үлкені Алмагүл Сматова Сырдария аграрлы-техникалық колледжінде орыс тілі пәнінен сабақ береді. Ұлағатты ұстаздың білім беру саласында жеткен жетістіктері көп. Шәкірт тәрбиелеу ісінде биік белестерді бағындырған мұғалім жаңа заман талабына сай жемісті еңбек етіп келеді. Мұратбай да ел дамуының әралуан саласында жұмыс жасаса, Ақжан мұғалімдік мамандықты таңдаған. Ал, кенже қыз Бағжан Сматова аудандық ауруханада невропатолог болып жұмыс жасауда. Жоғары білімді дәрігер денсаулық сақтау саласындағы межелі міндеттерді сапалы орындау бағытында қызмет атқаруда. Міне, осындай үлгілі, елжанды, адал ұрпақтарды тәрбиелеген, қызметте де, отбасында да үлгілі азамат бола білген кейіпкеріміздің жүріп өткен жолы жастарға өнеге. Ендеше, өз мамандығының майталманы атанып, туған жерді түлетуге аянбай үлес қосқан Қожамұрат Сматұлын қай қырынан алсақ та үлгі етуге болады. Туған жерге туын тіккен азаматтың ғибратқа толы ғұмырын қоғам мүшелеріне, әсіресе жастарға өнеге етсек жарасады...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
тілші
27 қараша 2017 ж. 2 439 0