Аудармашымен кездесу: рухани іс-шара көпшілік көңілінен шықты

Ерекше әрі еркін форматта ұйымдастырылған кездесуді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы жүргізді. Алдымен кеш қонақтары аудармашының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесімен танысты. Кітапханашы Жанар Оразымбетова кітап көрмесіне қойылған автордың кітаптары мен басылымдарда жарияланған мақалалары туралы кеңінен айтып өтті. Әрі қарай іс-шара кітапхананың оқырмандарға арналған үлкен залында аудармашымен кездесумен жалғасты.
– Ең алдымен, Бақтияр Мырзаш ағамызға және бұл кісінің өмірі мен шығармашылығын құрмет тұтатын, аударма саласындағы еңбегін жоғары бағалайтын бүгінгі кештің қатысушыларына біздің ортақ шақыруымызды қабыл алып, алтын уақыттарын арнайы бөліп келгені үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Бүгін біз Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Бақтияр Мырзаш ағамызды жаңа қырынан танып, біліп, шығармашылығы жөнінде шынайы әңгіме өрбітсек, ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрсақ, сырласып, сұхбаттассақ, көңілдегі көркем ойды кестелесек, жалпы ағамызды оқырмандарымен жүздестірсек деп мақсат етіп отырмыз. Ендеше, осы іс-шараның өтуіне ұйытқы болған аудандық кітапхананың кітапханашыларына сіздердің аттарыңыздан алғыс айтқанды жөн көріп отырмын. Біз кітапханашылармен ақылдаса келе кездесу кешінің атауын «Ауылдан шыққан аудармашы» деп қойдық. Ауыл – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған құт қонып, бақ дарыған мекен. Дара дарын иелерінің бәрі дерлік ауылдан шықты. Ауылдан шығып алты Алашқа танылған азаматтардың санына жете алмасымыз анық. Сол шоқтығы биік азаматтардың сапына біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бақтияр Мырзаш ағамызды да қосуға болады, – деп бастады Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде қаламгерге балалық шағынан бастап оқушы кезеңі, әлбетте ұстаздары туралы, аудармалары мен өмір жолы туралы сұрақтар қойылды.
– Негізгі мамандығым – электрик. Құрылыс саласында ұзақ жыл өнімді еңбек еттім. Кітап оқуды жаным сүйеді. Төсегімнің жанында әркез қолшам тұрады. Түн жарымға дейін кітап оқимын, түн ауа ұйқым бұзылса, кітап оқимын. Кітаппен дос болғаныма 65 жылдан асты. Бастапқыда кітапты жай оқысам, кейінірек жүйелеп, таразылап оқитын болдым. Қазақ әдебиетімен қатар әлем әдебиетінің жауһарлары жаныма жақын. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, тілдік қолданыстары бар. Кейін келе кітапты құр оқымай, аударма жасап, халыққа пайдалы болуды ойладым. Алғашқы аудармамды ешкімнің оқығанын қаламадым. Бірақ қолжазбаны қызым маған айтпай, редакцияға ұсыныпты. Ол жақтағылар менің аудармамды құп көріп, газетке басыпты. Солай аударма саласына келдім. Бүгінгі күнге дейін үш аударма кітабым жарық көрді. «Әлем әдебиетінен аудармалар», «Қисық жол» және «Күйзеліс» деп аталды. Алдағы уақытта тағы кітап шығару ойымда бар, – деп тарқатты қаламгер.
Өз кезегінде Н.Ілиясов ауылының кітапханашысы Сәуле Найтазаева мен №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Гүлжанар Әбілова аудармашының еңбектерінен үзінді оқыды. Сондай-ақ айтыскер ақын Мұхамеджан Мансұров арнау жыр айтып, көпшіліктің алғысына бөленді.
Іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық газет редакциясы жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мүсілім Қалмұратұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, сазгер Серік Байдәулетов, ұстаз Серік Есназар және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева сөз сөйлеп, аудармашының өмірі мен шығармашылығы туралы жылы лебіздерін айтты.
Бұл күнге дейін он шақты елдің әдебиетін орыс тілі арқылы қазақша сөйлеткен аудармашы Бақтияр Мырзаш іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, оқырмандарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ алдағы шығармашылық жоспарларымен бөлісті.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ