Палуандар шеберханасы

Іс-шараны ауыл әкімі Нұрбол Жұмабеков ашып, өскелең ұрпақтың саламатты дамуына мүмкіндік берген спорт клубының демеушілерін атап өтті.
– 2023 жылы Анар Қалдыбаеваның аудандық мәслихат депутаты болып тұрған кезінде жеке кәсіпкер Назерке Қанатбектің демеушілігімен ауылда ескі балабақша ғимаратын спорт залға лайықтандыру үшін 3,5 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі таңда сол ғимаратты спорт мектебіне бағыттап, «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен, «Батыр боламын» қоғамдық қорының қолдауымен 8,8 млн теңгеге керекті құрал-жабдықтар алынып, ауыл балаларының спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалды. Бүгінде спорт клубында 1 еркін күрестен жаттықтырушы және қоғамдық жұмыс арқылы 3 адам қызмет етуде. Бұл бастама арқылы келешек ауылымыздан әлемге әйгілі спортшылар шығатынына сенімім мол, – деді ауыл әкімі.
Спорт клубының ашылу салтанатына арнайы «Батыр боламын» қоғамдық қорының құрылтайшылары Арман Уахап пен Асыл Уахап және президенті Ернұр Сәбікенұлы, сондай-ақ әлеуметтік желі белсендісі, елге «NNN» лақап атымен танымал блогер Нұрдәулет Бектұрсын қатысып, тұрғындарды жаңа бастамамен құттықтап, ел намысын қорғайтын спортшылар шығуына тілекші екендіктерін жеткізді.
«Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен, «Батыр боламын» қоғамдық қорының қолдауымен спорт клубына арнайы үстел теннисі жиынтығы, жаттығу құралдары, спорттық киімдер, қабырғаға және жерге төсеуге арналған матрастар алынған. Сонымен қатар, еркін күрес, бокс, шахмат, теннис үйірмелеріне арналған арнайы бөлмелер жабдықталған. Қазіргі таңда аталған спорт клубында 50 бала спорт секцияларына тұрақты қатысуда. Сондай-ақ спорт клубында ауыл тұрғындары күнделікті жаттығу жасап, саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін жұмыс істеуде.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ