ЖИЫРМА ЖЫЛҒЫ БЕЛЕС
Бір-бірімізге сыртымыздан ұрлана қарап, жақын дос іздегендей сезімдеміз. Арамызда еті тірі бәрімен емен-жарқын сөйлесіп отырған Алтынайды топтың старостасы етіп сайладық. Алғашқы 90 минут осылайша танысумен, шүйіркелесумен қалай өтіп кеткенін де байқамадық. Содан кейінгі сабақтар өз ретімен жүре берді. Сондай ұмытылмастай әсер қалдырған лекцияның бірі факультет деканы Бағдат Карбозовтың сабағы болатын. Үш топты қосып үлкен аудиторияда өткен ежелгі қазақ әдебиеті басынан аяғына дейін профессордың дәрісіне айналды. Әсіресе, дәріс арасында Бағдат ағайдың әдебиетті қалай жүрегіне жақын қабылдайтыны, Абайды сүйіп оқитыны еріксіз таңқалдырды. Абайдың өлеңдерін бір оқығаннан жатқа оқу оның асқан дарын иесі екенін көрсетеді. Осындай әдебиет әлеміне деген сүйіспеншілігімізді оятқан оқытушылардың қатарында Ұ.Жаңбыршиева, Р.Рүстемов, Т.Еңсегеновтер болды.
Тіл білімінің ғалымдары Ә.Байжоловтан, Ш.Бекмағанбетовтен, Ж.Сәдуақасовтан білім алған сол жылдардағы студенттер қазір әр салада қызмет етуде.
Бүгінде облыстағы іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне 80 жыл толса, біздер 1997 жылғы түлектерге 20 жыл болыпты. Осыдан тура 20 жыл бұрын АЖ-13 тобы болып оқуды бітіріп қолымызға диплом алған сәт күні кешегідей есімде. Әсіресе, дипломдық жұмысты қорғау күні нағыз мереке болатын. Көңілімізде күдіктен гөрі қуаныш басым. Әбден пісіп, әр сөзімізге нық дайындалған «қорғау» сәтіне сақадай саймыз. Комиссия құрамында болған Бауыржан Омаров, Амантай Шәріп т.б оқытушылар журналистиканың алғашқы түлектеріне ризашылықтарын білдіруде. Төмен баға алғандар болмады, түгел «бестік». Топтың үш студенті қызыл дипломға лайық деп бағаланды. Қазір барлығы да мамандықтары бойынша осы салада еңбек етуде. Соңғы қоштасу кешінде ұстазымыздың мына бір сөзі есімде қалыпты: «Сендер оқыдыңдар, тоқыдыңдар. Кім қандай маман болатыны белгісіз. Дегенмен, өмірдің өзі сендерді мықты болуға үйретеді, өмірден тәжірибе жинайсыңдар. Сөйтіп адам боласыңдар» деп еді. Шын мәнінде арамызда өз мамандығымен жұмыс істеп кеткендер саусақпен санарлық. Көбісі қайта маманданып, өмірден өз орындарын тапты. Бірақ журналистиканың қыр-сырын меңгерген курстастарымның арасында ақпарат саласында өзіңдік орны бар Н.Нұрмахановты, А.Мұратованы, А.Молжанованың есімдерін мақтанышпен айтамын. Сондай-ақ іргелі университетті сол жылдары басқарған Б.Досманбетов облыста бірінші рет журналистика мамандығына жол ашты. Алғашқы қарлығыштары біздің топты қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің мамандығына қосып, оқытып, салаға жаңа кадрларды, оқытушыларды тартты. Әрине, ұстаздарымыздың қатарында сол жылдары да, қазір де облыстағы телевидениені басқаратын Ж.Қарабала арнайы курстар өткізгені, телевидение мен радио жұмысынан хабардар еткені шәкірттердің көкірегіне мамандығына деген шынайы ықылас ұялатты. Иә, бүгін де журналистиканың аясы кеңейіп, тынысы да ашылды. Жыл сайын оқуды бітіріп шығып жатқандары қаншама. Дегенмен, осыдан жиырма жыл бұрын университет қабырғасынан шыққан алғашқы түлектердің бірі болғаныма қуаныштымын. Сексен жылдық белесті бағындырған іргелі оқу орнынан әлі талай мамандық иелері өмірге қанат қағатыны анық.
Б.ЖАНӘЛІ