Ескерткіштерді қорғау – бабалар аманаты
Сырдария ауданында тарихи-мәдени мұраларды насихаттауға бағытталған тағылымы мол іс-шаралар легі тұрақты түрде жалғасын табуда. Бұған дейін мұндай бағыттағы іс-шара Шаған ауылында ұйымдастырылса, жақында «Ауыл жады – ұлт қазынасы» атты тарихи-танымдық жоба аясында «Ескерткіштерді қорғау – елдіктің белгісі» атты іс-шара Шіркейлі ауылында өткізілді. Тарихи құндылықты дәріптейтін іс-шара Шіркейлі ауылдық округі әкімдігі мен ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қолға алынды.Негізінен, танымы бөлек іс-шара екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде Жетімасар, Қосасар, Құлкеасар қалашықтарының тарихи-мәдени маңызы кеңінен насихатталып, оларды қорғаудың қажеттілігі мен қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері қозғалды. Мәдениет үйінің фойесінде ауыл аумағындағы тарихи ескерткіштерге арналған арнайы көрме ұйымдастырылып, қатысушылар тарихи жәдігерлермен танысты. Бұл ретте, қолөнер шебері, өлкетанушы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Жәнібек Маханбетов, Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жеңіс Төрәлиев, еңбек ардагері Мешітбай Спанов тарихи мұраларды сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Ал халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт аталған жобаның маңыздылығын ескеріп, ескерткіштерді қорғау бабалар аманатын орындау екенін тілге тиек етті. Құрметті меймандардан бөлек, Әбірәш Жәмішев атындағы мектеп-лицейдің ұстаздары Дана Жұмабекова мен Ерболат Сүлейменов, ардагер-кітапханашы Ләззат Әбдіреймова, оқушылар Сағыныш Оразбай мен Нұрсезім Әбдірахманова Шіркейлі ауылына қарасты тарихи орындар жайлы мазмұнды баяндама жасады.
Іс-шараның екінші бөлімінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Ескерткіштер – ел мұрасы» атты аудандық мобилографтар байқауы өтті.
Байқауға ауданға қарасты елді мекендерден 10 үміткер қатысып, өз ауылдарындағы тарихи орындар мен ескерткіштер туралы арнайы бейнероликтер ұсынды. Қатысушылар мобильді құрылғылардың көмегімен тарихи мұраларды заманауи форматта бейнелеп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, креативті жұмыстар әзірледі. Байқауға қатысушылардың қарым-қабілетіне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жеңіс Үсенұлы, Сырдария аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Мөлдір Серікбайқызы және аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Нұркен Қуанышұлы әділ бағасын берді.
– Бұл іс-шара арқылы туған жер тарихын терең танып, тарихи-мәдени мұраларымыздың қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына сіңіруге мүмкіндік туды. Себебі, тарихи ескерткіштер – халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстыратын, ұлт руханиятының тамырын танытатын асыл қазына. Оларды сақтау мен насихаттау – баршамызға ортақ міндет. Іс-шара барысында Жетімасар, Қосасар, Құлкеасар секілді көне қалашықтардың тарихи маңызы жан-жақты түсіндіріліп, олардың ел тарихындағы орны кеңінен насихатталды. Ауыл ардагерлері, өлкетанушылар мен тарихшылардың мазмұнды пікірлері жастардың тарихи танымын кеңейтіп, туған жерге деген құрметін арттыра түсті. Әсіресе, мектеп оқушыларының тарихи орындар жайлы жасаған баяндамалары мен ізденістері жас буынның ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті. «Ескерткіштер – ел мұрасы» атты аудандық мобилографтар байқауының да маңызы ерекше болды. Байқау қазіргі заман талабына сай ұйымдастырылып, тарихи мұраларды жаңашыл форматта насихаттауға жол ашты. Қатысушылар өз ауылдарындағы тарихи орындар мен ескерткіштер туралы арнайы бейнероликтер әзірлеп, мобильді құрылғылар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Бұл – жастардың шығармашылық қабілеті мен тарихи мұраларға деген жанашыр көзқарасын танытатын маңызды қадам. Байқауға аудан көлеміндегі елді мекендерден қатысқан үміткерлердің жұмыстары мазмұндылығымен, креативтілігімен және тарихи деректерді көркем жеткізе білуімен ерекшеленді. Әрбір бейнероликте туған жерге деген сүйіспеншілік пен тарихи құндылықтарға деген құрмет анық байқалды. Осындай байқаулар жастардың цифрлық технологияларды игеруіне ғана емес, тарихи сананы қалыптастыруға да үлкен ықпал етеді. Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды. Бұл – жастарды қолдауға, олардың шығармашылық ізденісін ынталандыруға бағытталған маңызды қадам. Жалпы, осындай тарихи-танымдық жобалар ұлттық мұраларымызды дәріптеп қана қоймай, өскелең ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттырып, ұлттық сана-сезімнің нығаюына үлкен әсер етеді, – деді Жеңісбек Үсенұлы.
Өз кезегінде байқау қорытындысында жүлделі ІІІ орынды айдарлылық Бақытжан Әлтаев, ІІ орынды қалжан ахундық Орынкүл Дайрабай, І орынды аманкелділік Мейірлан Жұмахмет, бас жүлдені Айзат Сламбекова иеленді. Барлық қатысушыға арнайы Диплом мен Алғыс хат, бағалы сыйлық табысталды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ











