Жыраулық өнер – ұлттық рух пен тағылымның көзі
Кәсіби мереке аясында әріптестерім мәдениет саласының сан түрлі бағыты жөнінде байыппен сөз қозғап, өз ойларын ортаға салуда. Менде жыраулық өнердің аудан көлемінде қалыптасуы жөнінде бірер пікір айтуды жөн санап отырмын. Жалпы алғанда, жыраулық өнер – халқымыздың сан ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатқан асыл мұрасының бірі. Әсіресе, Сыр өңірінде бұл өнердің орны ерекше. Сыр бойы қашанда жыр мен терменің, мақам мен дастанның алтын бесігі саналған. Бұл өлкеде жыраулық дәстүр үзілмей, халықпен бірге жасасып келеді. Жыраулар елдің тарихын, тағдырын, мұң-мұқтажын жырға қосып, халықтың рухани дүниесін байытқан. Сондықтан жыраулық өнер – ұлттық рух пен тағылымның қайнар көзі.Менің жыраулық өнерге деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүрген кезден басталды. Сол уақытта бойымдағы өнерге деген бейімділікті байқап, дұрыс бағыт-бағдар берген ұстазым – Серік Өтеуов. Ұстазымның тәлімі мен қамқорлығы арқасында жыраулық өнердің қыр-сырын танып, сахнаға деген сүйіспеншілігім оянды. Ол кісі бізге тек жыр айтуды ғана емес, өнерді құрметтеуді, халықтың рухани мұрасын бағалауды үйретті. Әрбір мақамның мәнін, жырдың мазмұнын терең түсіндіріп, орындаушылық шеберліктің қырларын меңгертті.
Асыл өнер — ұлт үшін киелі өнер. Себебі жырау — халықтың рухани үнін жеткізуші тұлға. Әрбір жырдың астарында елдің тарихы, тәрбиесі, өнегесі жатыр. Сондықтан жырау тек жақсы дауыс иесі ғана емес, сөздің қадірін түсінетін, ұлттық құндылықты бойына сіңірген жан болуы керек. Жыр орындау кезінде әр сөздің мағынасына, мақамына, тыңдаушыға әсеріне ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені жыраудың үні мен орындау мәнері көрерменнің жүрегіне жол табуы тиіс.
Сыр өңірінде жыраулық өнердің кеңінен дамуына көптеген өнер майталмандары үлес қосты. Аға буын жыраулардың еңбегі мен өнер жолы кейінгі толқынға әрдайым үлгі болып келеді. Біз сол кісілердің өнерін тыңдап, тәжірибесін бойымызға сіңіріп өстік. Бүгінде сол дәстүрдің жалғасып келе жатқаны көңіл қуантады. Қазіргі таңда мәдениет үйлерінде, өнер мектептерінде, түрлі үйірмелерде жыраулық өнерге баулитын жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Жастардың жыраулық өнерге қызығушылығының артуы – ұлттық өнердің өміршеңдігінің дәлелі. Сан түрлі байқау мен фестивальде жас жыраулардың өнер көрсетіп жүргенін көргенде, қазақ өнерінің болашағына сенім артады. Өйткені ұлттық өнер ұрпақ сабақтастығы арқылы ғана дамиды. Егер жас буын ата-баба мұрасын қадірлеп, оны әрі қарай жалғастыра білсе, рухани құндылықтарымыз ешқашан жоғалмайды.
Жыраулық өнер адамға тек өнерді ғана емес, тәрбиені де үйретеді. Жыр тыңдаған адам сөз қадірін түсінеді, тарихын таниды, ұлттық рухты бойына сіңіреді. Сондықтан бұл өнердің қоғамдағы орны қашанда биік. Әсіресе, қазіргі заманда ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттау аса маңызды болып тұрған кезеңде жыраулық өнердің маңызы одан сайын арта түсуде.
Мен үшін жыраулық өнер – өмірімнің ажырамас бөлігі. Сахнаға шығып, халық алдында жыр орындау – үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік. Көрерменнің ықыласы мен батасы әрдайым шабыт береді. Осындай қасиетті өнер жолында жүргенімді мақтан тұтамын.
Ұлттық өнер – ұлттың жаны. Ал жыраулық дәстүр – сол руханиятымыздың алтын арқауы. Сондықтан атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл өнерді көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамыздың парызымыз. Сыр елінде жыраулық өнердің шамы ешқашан сөнбей, жас жыраулардың үнімен жаңғыра беретініне сенемін.
Алмат ӨТЕУОВ,
жыршы










