Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудиторияны игеру – үлкен жауапкершілік

Аудиторияны игеру – үлкен жауапкершілік

Күнделікті мәдени іс-шараның сценарийін жазып, сахнада жүргізушілік қызметін ету – менің сүйікті ісім әрі үлкен жауапкершілігім. Киелі сахна – мен үшін тек жұмыс орны емес, ол шабыт пен ізденістің, өнер мен руханияттың мекені. Әрбір іс-шараның мазмұнын көрерменге әсерлі жеткізу үшін тың жоба мен шығармашылық ізденіс керек екенін жақсы білеміз. Сценарий жазу кезінде халықтың көңіл-күйін, іс-шараның маңызын, тәрбиелік мәнін ескеруге тырысамын. Өйткені жақсы ұйымдастырылған мәдени кеш көрерменнің жүрегінде әсер қалдырып, рухани демеу сыйлай алады.

Әрине, алғаш сахнаға шыққан сәтте толқу мен қобалжу болды. Бұл – кез келген жүргізушіге тән сезім. Көрермен алдында сөйлеу, олардың назарын ұстап тұру үлкен дайындық пен сенімді талап етеді. Уақыт өте келе сахна мен үшін жақын ортаға айналды. Қазір мен көрерменнің ықыласынан қуат алып, олардың жылы лебізінен шабыттанамын. Әр іс-шара сайын өзімді жетілдіріп, тәжірибе жинауға ұмтыламын.

Іс-шара жүргізу кезінде серіктеспен үйлесім табу өте маңызды деп есептеймін. Себебі сахнадағы жарасымды әңгіме, бір-біріңді түсіну, ортақ энергия көрерменге бірден сезіледі. Жүргізушінің мәдениеті, сөз саптауы, өзін ұстауы – кештің деңгейін айқындайтын басты фактордың бірі. Менің ойымша, жақсы жүргізуші тек дайын мәтінді оқып шығатын адам емес, ол көрерменмен байланыс орната алатын, сахнаның атмосферасын сезінетін, кез келген жағдайда өз ойын еркін жеткізе білетін маман болғаны дұрыс.

Кей кездері үлкен аудитория немесе беделді қонақтардың алдында жауапкершілік арта түседі. Ондай сәттерде дайындық пен өз ісіңе деген сүйіспеншілік көмектеседі. Егер адам өз жұмысын шын ықыласпен атқарса, көрермен де оны сезеді. Сахна маған тек өнерді емес, сабырлылықты, шапшаңдықты, жауапкершілікті және адамдармен еркін қарым-қатынас орнатуды үйретті.

Аудандық мәдениет үйінде еңбек ету — мен үшін үлкен мәртебе. Әрбір мәдени іс-шара арқылы халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өнер мен мәдениеттің дамуына өз үлесімді қосып жүргеніме қуанамын. Ауыл-аймақта мәдениетке қызығатын жастардың көбейіп, өнерге бет бұруы біз үшін үлкен жетістік деп білемін.

Ал аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері атану — менің еңбегіме берілген үлкен баға әрі алдағы жұмыстарыма шабыт сыйлаған сенім. Бұл марапат маған одан әрі ізденіп, мәдениет саласында жаңа жобаларды жүзеге асыруға жігер береді. Алдағы уақытта да халықтың ықыласына бөленіп, мәдениет саласының дам­уына адал еңбек ете беремін.

Көрерменнің көңілін аулай отырып, іс-шараның мазмұнын, бағытын айқын сезінген тиімді. Әрине, ресми форматта жүзеге асатын жиынға ойын-сауықтық бағдарламаның сценарийін қолдана алмайсыз. Сондықтан көркемдік жетекші барлық жағдайды алыстан бағдарлап, ұғынғаны абзал.

Толғанай
Толғанай Мұратқызы,
аудан әкімінің «Өрлеу» жастар»
сыйлығының иегері
19 мамыр 2026 ж. 41 0