Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Маман үшін ізденіс тоқтаған жерде...

Маман үшін ізденіс тоқтаған жерде...

Мәдениет саласында басшылық қызметте еңбек ете жүріп, көп дүниеге қанығып, тереңнен пайымдайтын сәттер жиі болады. Ақиық ақын Асқар Тоқмағанбетов есімін ауылымыз иеленгелі біз өнер мен мәдениеттен ешқашан қол үзген емеспіз. Ауылдан талай талант қаулап өсіп келеді. Туған өлкенің өнерін өрге сүйрейтін мәдениет қызметкері қандай болу керек деген сауалға жауап іздейтін болсақ, оның мән-мағынасы тым тереңде жатыр.

Менің ойымша, мәдениет қыз­меткері – ел рухания­тының жана­шыры, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, халық пен өнер арасындағы алтын көпір болатын тұлға болуы тиіс. Ол қоғамның мәдени деңгейінің өсуіне ықпал етіп қана қоймай, жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге қызмет етеді. Сондықтан мәдениет саласында еңбек ететін маманның бойында бірнеше асыл қасиет қатар болуы керектігін өзім секілді әріптестеріме үнемі айтып жүремін.

Ең алдымен, біз білім мен ізденіске аса мән беруіміз керек. Негізінен, мәдениет қызметкері білімді, ізденімпаз әрі жан-жақты болуы тиіс. Әдебиет пен өнерді, тарих пен халықтық дәстүрді терең білетін адам ғана мәдени мұраны лайықты насихаттай алады. Ол халықпен етене араласып, кез келген ортада тіл табыса білетін, көпшілікпен жұмыс істеуге бейім болғаны маңызды.

Қай кезде болсын мәдениет саласы үлкен жауап­кершілікті талап етеді. Сондықтан ұйым­дас­тырушылық қабілеті жоғары, өз ісіне ұқыпты әрі тәртіпті маман ғана ел ықыласына бөленеді. Әрбір іс-шараның мазмұнды өтуі, көрерменнің рухани әсер алуы – мәдениет қызметкері еңбегінің нәтижесі.

Ұлттық өнер мен салт-дәстүрді қадірлеу – мәдениет маманының басты ұстанымы болуы керек. Себебі ұлттық мәдениет – халықтың рухани қазынасы. Оны сақтау, дамыту және кейінгі ұрпаққа жеткізу – үлкен парыз. Бүгінде мәдениет қызметкерлері дәстүрлі өнерді жаңғыртумен қатар, заман талабына сай жаңа технологияларды меңгеріп, мәдени саланың дамуына тың серпін беріп келеді.

Әріптестерімнің бойынан сабырлылық, кішіпейілділік, парасаттылық пен мәдениеттілік көрініп тұруы – қызметтік этиканың басты талабы. Олардың жүріс-тұрысы, сөйлеу әдебі, халықпен қарым-қатынасы өзгелерге үлгі болуы тиіс. Өйткені мәдениетті адам – қоғамның көркі.
Біз білетін мәдениет қызметкері – руханияттың шамшырағы. Ол ұлттық өнерді ұлықтап, халықтың мәдени санасының қалыптасуына еңбек етеді. Әсіресе, ауыл мәдениетін дамыту – елдің рухани тірегін нығайтудың маңызды жолы. Ауыл клубтары мен мәдениет үйлерінің жұмысы жанданса, жастардың өнерге қызығушылығы артып, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтар кеңінен насихаттала түседі.
Соңғы 12 жылдан бері ауыл мәдениетін басқарып келемін. Күн сайын әріптестеріммен бірге жетіліп, ізденіс үстінде жүремін. Үнемі білім деңгейін арттырып отыру – ауылдағы мәдени ошақтың тамырына қан жүгіртеді. Бір күнін ізденумен, үздіксіз машықтанумен өткізбеген маман сәт сайын өспейді.

ӘСЕЛ ИБРАЕВА,
Асқар Тоқмағанбетов клубының директоры
19 мамыр 2026 ж. 41 0