Мәдениет мәйегі
Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйімен бірлесіп, Шіркейлі ауылында “Халықтық ұжым үйірмеден бастау алады» атты аудандық семинар-кеңес ұйымдастырды. Семинарға кент және ауылдық мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарының әдіскерлері, мәдени ұйымдастырушылары қатысты.
Семинардың мақсаты ауылдық мәдениет үйі жанындағы «халықтық» атағы бар «Ақ Дариға» халықтық әжелер ансамблінің, «Көңілашар» әзіл-сықақ отауының, «Шаттық» халықтық би ансамблінің жұмыстарын насихаттау, тәжірибе алмасу, клуб кәсіпорындары жанындағы көркемдік деңгейі жоғары ұжымдарды «халықтық» атаққа ұсыну, жас мамандарға бағыт-бағдар беру болатын. Семинар – кеңес халық жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың ескерткіш тақтасына гүл қоюдан басталды. Мұнан кейін қатысушылар «Халықтық ұжым үйірмеден бастау алады» атты арнайы дайындалған әдістемелік бұрыштың жұмысымен танысты. Семинар-кеңесті Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің директоры М.Әбсадықов ашып, жүргізіп отырды. Кеңесте Шаған ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Г.Райымбекованың «Халықтық ұжым үйірмеден бастау алады», Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ғ.Құлымбетованың «Халықтық ұжым – ауыл мәдениетінің айнасы» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Ауылдық мәдениет үйінің әдіскері А.Сүлейменова семинарға қатысушылар арасында «Дәстүр – ұлттық қазына» атты тренинг өткізді. Іс-шара барысында Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің әдіскері К.Аманжолова, мәдени ұйымдастырушы Ә.Тоқаяқов, Шаған ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Г.Райымбекова өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Семинарды аудандық мәдениет үйінің әдіскері Г.Сәрсенбаева қорытындылады. Семинар соңы «Ақ Дариға» халықтық әжелер ансабмлі, «Көңілашар» әзіл-сықақ отауы, «Шаттық» халықтық би ансамблі өнерпаздарының концертіне жалғасты.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ