Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз атына сынып берілді

Ұстаз атына сынып берілді

Сырдария ауданында «AMANAT» партия­сы «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында тағылымы мол іс-шаралар легін барынша ұйымдастырып келеді. Бұл жолы Шіркейлі ауылында КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, зерттеуші-ұстаз, партия ардагері, ақын Әуезхан Палымбетовті еске алуға арналған ауқымды іс-шара өткізілді.

Аталған іс-шараға «AMANAT» партия­сы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, Сырдария ауданы білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар, білім бөлімінің әдіскері Мұстафа Мамытов, Әбдіраш Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейдің директоры Айдос Оспанов, мекеме басшылары, партия ардагерлері, қайраткер тұлғаның көзін көрген замандастары, ауыл тұрғындары мен ардақты азаматтың ұрпақтары қатысты.

Өз кезегінде ауылдағы білім ошағында жүзеге асқан іс-шара легі аудандық жазба ақындар мүшәйрасымен басталды. Мүшәйраға аудан мектептерінен 12 талапкер қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде ақындар Әуезхан Палымбетовке арнау өлең оқыса, екінші кезеңде көпшілік қауымға патриоттық өлеңдерін ұсынды.
Мүшәйраның ашылуында сөз алған атқарушы хатшы білім саласының майталманының халық баласының сауатын ашудағы еңбегін жоғары бағалады.

– Дана Абайдың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына із қалдырған» деген өлеңі бар. Біз саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардақты тұлғаны өлді деп айта алмаймыз. Себебі ол кісінің азамат ретіндегі жарқын болмысы, тұлғалық қадір-қасиеті, ұстаздық еңбегі ел-халықпен, ұрпақтарымен бірге жасай береді, ұмытылмайды. Міне, бүгін ақындар жырға қосып, өнегелі өмір жолын өлеңмен өрнектеді. Арнау өлеңдер арқылы КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, зерттеуші-ұстаз, партия ардагері, ақын Әуезхан Палымбетовтің ғибратты ғұмырын терең тани түстік. Алдағы уақытта өлеңдерді жинақтап, кітапша етіп шығару қажет және оны ардақты тұлғаның есімі беріліп жатқан сыныпқа қою керек. Осы ретте ұрпақтарына айтар алғысымыз шексіз. Сынып бөлмесін жабдықтап, еске алу іс-шарасын өткізуге ұйытқы болып, игі істі атқаруда. Халқымыздың «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тағылымды сөзі осындайда айтылса керек-ті. Бүгінгі іс-шараның идеологиялық маңызы зор, – деді «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы.

Ізгілік шырақшысына айналған іс-шарада аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, мектеп-лицей директоры Айдос Оспанов, партия ардагерлері, білім беру ісінің үздіктері, ардақты тұлғаның ұрпақтары өмір жолы ғибратқа толы жанның ғұмырын тереңнен баяндады. Айта кету керек, мүшәйра жеңімпаздары арнайы Алғыс хатпен, қаржылай және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шараның екінші бөлімінде жиналған көпшілік мектеп-лицей базасынан КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, зерттеуші-ұстаз, ақын Әуезхан Палымбетовтің құрметіне жабдықталған сыныптың ашылуына куә болды. Жаратылыстану сыныбында оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылған. Сыныпта электронды пернетақта, 12 парта, 3D стендтер қойылған. Өзге де материалдық базамен жабдықталған.


Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
19 мамыр 2026 ж. 42 0