Тарих – ұлт қазынасы
Сәуір айындағы ерекше атаулы күндердің бірі – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Өткен тарихты ұлықтау, келешек ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгінің парызы. Бұл орайда аудан көлемінде тарихи ескерткіштер көптеп кездеседі. «Күмісқорған», «Үлкен асар», «Кіші асар» қалашықтары орналасқан тарихи мекен Шаған ауылында осындай мәні мен маңызы жоғары кездесу өтті.«Ауыл жады – ұлт қазынасы» тақырыбын арқау еткен кездесуге тарихшы, зерттеуші ардагерлер, көзі тірі тарихқа айналған ауыл ақсақалдары, шағандық оқушылар белсене қатысты. Мәні мен маңызы зор жиынды ауыл әкімі Қанат Несіпбаев пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абдолла Атақаев ашып берді.
– Бүгін біз бәріміз үшін мәні зор, рухани маңызы терең іс-шараға жиналып отырмыз. Тағылымды іс-шара – өткенімізді ұлықтап, болашаққа бағдар беретін ерекше күн. Ескерткіштер – бұл жай ғана белгі емес. Олар – халқымыздың жүріп өткен жолының куәсі, ата-бабамыздың ерлігі мен еңбегінің айғағы. Әрбір ескерткіштің астарында тұтас бір дәуірдің тарихы, тағдыры, тағылымы жатыр. Сондықтан оларды қорғау, сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Шаған ауылы – тарихы терең, тамыры берік мекен. Осындай қасиетті жерде бүгінгі ұрпақтың өткенге тағзым етіп, тарихқа құрмет көрсетуі – үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Бұл жиын жастарға өнеге, елдік рухты асқақтататын игі бастама деп білемін. Барша қатысушыға шынайы алғысымды білдіремін. Бірлігіміз бекем, тарихымыз тағылымды болсын, – деді ауыл әкімі.
Өз кезегінде қолөнер шебері, өлкетанушы Жәнібек Маханбетов, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жәркен Исмағұлов, еңбек ардагері Рамазан Аханұлы пен Төлеп Мыханов сахна төрінен құрметті орын алып, өткен тарихтан сыр шертті. Кездесуге аудандық мәдениет үйінің әдіскері Жеңісбек Төрәлиев, аудандық газеттің бас редакторы арнайы қонақ болды. Өз кезегінде құрметті ардагерлер «Кіші асар», «Үлкен асар» қалашығы, «Күмісқорған» туралы айтып өтті. Еңбек ардагерлері өз көзімен көрген-білгені негізінде тың деректерді жеткізді.
– Біздің Шаған ауылы – тоғыз жолдың торабы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан тарихи мекен. 1928 жылы іргесі қаланған бұл ауыл – Сыр бойының шежірелі топырағы. Өңір – талай тарихи оқиғаларға куә болған қасиетті өлке. XVIII ғасырда Қоқан хандығы Сырдария бойына бекіністер салып, өз билігін жүргізген кезеңде қазақ даласында күрделі тарихи үдерістер орын алды. Сол заманның ізі ретінде бүгінге жеткен қорған-қалашықтар – біздің өткеніміздің үнсіз куәгерлері. Негізінде, осы екі асарда әскер ұстаған. Бір-біріне жақын орналасқан. Айналасында елді мекендер де болған. Біз егемендік алғанша бұлардың тарихын зерттеуге мүмкіндік болмады. Мұның бойында көптеген қақтығыстар болған. Жоңғар шапқыншылығы орын алды, 1220-1221 жылдары Шыңғыс хан осының үстімен басып өтті. Одан қалды Қоқан хандығы өз билігін жүргізді. Міне, осындай тарихқа куә болған асарларға археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізсе, көптеген құнды жәдігерлерді тауып, мәліметтерге қанық болар едік, – деді еңбек ардагері Р.Аханұлы.
– «Кіші асар» қалашығы мен «Үлкен асардың» арасы 2-3 шақырым. Арасында төте жол жоқ. «Шіркейлі» каналынан күріштікке су келетін «ЛМК-16А» каналы бойымен жағалап, айналма жолмен жүру керек. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің сол жағындағы «Үлкен асар» қалашығы да «Кіші асар» қалашығымен бір уақытты қамтиды. Бірақ «Кіші асардан» биік. Кезінде төбе үйілгенде айнала ор қазылып, қорғанмен қоршалған болу керек. Қалашықта әскер ұсталған деседі, – деген өлкетанушы Жәнібек Асанұлы тың деректерді келешек ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор екенін, ол аға буынға парыз екенін тілге тиек етті.
Тарих – ұлттың жадында сақталғанда ғана құнды. Туған өлкенің тарихын білу – әрбір азаматтың парызы. Бұл ретте аға буынның сөзін қызығушылықпен тыңдаған оқушылар өз ойларындағы сұрақтарды қойды. Бұл ескерткіштерді кім зерттегені жайлы, экскурсия ұйымдастыру мүмкіндігі туралы сұрақтар талқыланды. Құрметті ардагерлер көзбен көрген тарихты жеткізіп, пікір алмасты.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ








