Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сахна – ғұмырымның айнасы

Сахна – ғұмырымның айнасы

Өмірдің шынайы болмысын суреттейтін театр – адам жанын тәрбиелейтін, рухани әлемін байытатын киелі өнер. Ал сахна – шынайылық пен шеберліктің, талант пен табандылықтың тоғысқан тұсы. Мен үшін театр бүкіл ғұмырымның мәніне айналған қасиетті жол. Сырдария аудандық мәдениет үйінде ұзақ жылдар еңбек етіп, театр өнерінің дамуына аз да болса үлес қосқанымды үлкен мақтанышпен айта аламын.

Өнерге деген қызығушылығым жас­тайымнан басталды. Ауыл сахнасында қойылған шағын қойылымдар мен мәдени кештерге қатысып жүрген кездің өзінде театрдың адамға ерекше әсер сыйлайтынын сезіндім. Кейін мәдениет саласына біржола бет бұрып, өмірімді осы өнермен байланыстырдым. Сол уақыттан бері сахнадан алыстаған емеспін. Сырдария аудандық мәдениет үйінің тарихында талай талантты өнерпаздар еңбек етті. Солардың ізін жалғап, театр ұжымымен бірге халыққа рухани азық сыйлау жолында қызмет жасадық. Қойылған әр қойылым, сахналанған әр образ – үлкен ізденіс пен еңбектің жемісі. Көрерменнің ыстық ықыласы мен шынайы қошеметі біз үшін ең үлкен марапат еді. Көбіне әріптесім Олжа Жайлинмен ортақ байланыс орнатып, көрермен көзайымына айналуға ұмтылдық.


Театр – тек сахнадағы ойын емес. Ол – тәрбие мектебі. Себебі, аға буын өкілдері бізді шыңдап, шынықтырды. Әр қойылым арқылы қоғамдағы түрлі мәселе көтерілді, адам бойындағы жақсы қасиет дәріптелді. Сондықтан біз сахнаға шыққан сайын көрерменге ой салуды, рухани әсер сыйлауды басты мақсат еттік. Әсіресе, ұлттық құндылықты насихаттайтын, салт-дәстүр мен адамгершілікті дәріптейтін шығармаларға ерекше мән бердік.


Театр саласында еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Актердің сахнадағы әр сөзі, әр қимылы көрерменге әсер етеді. Сондықтан өнер адамы үнемі қозғалыста болуы керек. Шыңдалу ғайып болғанда өнердің де дамуы тежеледі. Біз өз уақытымызда ба­рымызды салып, халыққа сапалы қойылым ұсынуға тырыстық. Қарапайым ауыл сахнасында қо­йылған спек­так­льдердің өзі көрермен жүре­гі­нен орын тауып жатса, ол – ең­бектің ақ­тал­ғаны.

Мәдениет саласында жүрген жылдар маған көп нәрсе үйретті. Ең алдымен, ха­лықпен етене жа­қын болуды, өнерді құрметтеуді, ұжыммен жұмыс істеуді үйрендік. Театр – бір адамның емес, тұтас ұжымның еңбегі. Режиссер, актер, дыбыс режиссері, сахна қызметкерлері – барлығы бір мақсат үшін қызмет етеді. Сол ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында аудан сахнасында талай тағылымды қойылым дүниеге келді.

Бүгінде өткен жылдарға көз жүгіртсем, сахнамен бірге есейіп, театрмен бірге өмір сүргенімді сезінемін. Қаншама кейіпкердің бейнесін сомдап, қаншама қойылымның куәсі болдық. Оның барлығы – өмір тағылымы. Өнер адамын халық тәрбиелейді, көрермен шыңдайды. Сондықтан ха­лықтың ықыласы біз үшін әрдайым қымбат болды.

Қазіргі таңда мә­дениет саласына мем­лекет тарапынан үлкен қол­дау көрсетіліп келеді. Бұл – өнердің өр­­кен­деуіне бе­рілген мүмкіндік. Ендігі міндет – сол сенімді ақ­тап, ұлттық өнерді дәріптеу. Теа­тр ешқашан өл­мейді. Себебі ха­лық бар жерде руханият бар, ал руханияттың жүрегі – сахна.

Мен үшін театр – тағдыр. Сахна – өмірімнің айнасы. Осы қасиетті өнердің ортасында жүріп, елдің ықыласына бөленгеніме шүкіршілік етемін. Алдағы уақытта да Сырдария өңірінде театр өнерінің шамы сөнбей, жас таланттар көбейіп, ұлттық өнеріміздің абыройы арта беретініне сенемін.

Мінаш ЫСҚАҚ,
мәдениет саласының майталманы
19 мамыр 2026 ж. 53 0