Жол ережесі жас ұрпақтың санасында жатталады
Жақында Әбілда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейі базасында аудандық полиция бөлімі мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен полиция қызметкері Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған «Жас жол инспекторлары» ХХІ слеті өткізілді. Іс-шараға облыстық полиция департаментіне қарасты әкімшілік полиция басқармасының үгіт-насихат тобының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Нысанқұлов, полиция аға лейтенанты Ақбота Рахманбердіқызы, аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып, аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Сейлхан Кеукенов қатысты.Байқауға аудандық білім бөліміне қарасты мектептерден сегіз команда қатысып, өзара бақ сынады. Іс-шараның салтанатты ашылуы барысында қатысушылар сап түзеп, рапорт берді. ҚР Әнұраны орындалды. Жол қауіпсіздігін насихаттауға бағытталған маңызды іс-шара оқушылардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың жауапкершілік пен тәртіпке деген көзқарасын қалыптастыруды мақсат етті.
Жалпы алғанда, слет бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар жол жүрісі қағидасы бойынша білім деңгейін көрсетіп, үгіт-насихат бригадаларының өнерін таныстырды. Ал жас реттеуші сайысында шеберліктерін байқатты. Сонымен қатар, эрудиттер турнирі, жас санитар кезеңі, велосипедті мәнерлеп және автоқалада жүргізу сияқты бірқатар практикалық тапсырмалар оқушылар арасында орындалды.
Осы ретте полиция подполковнигі Сейлхан Кеукенов қатысушылардың дайындығына жоғары баға беріп, жол қауіпсіздігін сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті.
– Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған «Жас жол инспекторлары» ХХІ слеті – жас ұрпақтың бойына тәртіп пен жауапкершілік қағидаларын сіңіруге бағытталған маңызды тәрбиелік іс-шараның бірі. Бүгінде жол қауіпсіздігі мәселесі қоғам назарындағы өзекті бағыттардың қатарында. Сондықтан мектеп оқушылары арасында жол қозғалысы ережелерін кеңінен насихаттау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – аса маңызды міндет. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі слеттің маңызы зор деп есептеймін. Оқушылар жол қозғалысы ережелерін меңгеру деңгейін көрсетіп қана қоймай, өздерінің ұйымшылдығын, ептілігін және шығармашылық қабілеттерін де таныта білді. Әсіресе, жас инспекторлардың сахналық қойылымдары мен тәжірибелік тапсырмаларды орындауы олардың бұл бағытқа үлкен жауапкершілікпен қарайтынын аңғартты. Мұндай сайыс балаларды сақтыққа, сергектікке және қоғамдық тәртіпті құрметтеуге тәрбиелейді. Слеттің Ғазиз Байтасовтай ержүрек азаматтың есіміне арналуының өзіндік тәрбиелік мәні ерекше. Ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздік жолында жанқиярлық танытқан батыр полицейдің ерлігі – кейінгі буын үшін әрдайым үлгі. Осындай тұлғалардың өнегелі өмір жолын жастарға насихаттау арқылы біз олардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырамыз. Бүгінде білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігіне айрықша назар аударылып келеді. Осы ретте «Жас жол инспекторлары» қозғалысының жұмысы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, балалар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге үлкен ықпал етуде. Жас инспекторлар өз қатарластарына жол ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіріп, қауіпсіз орта қалыптастыруға үлес қосып келеді. Барлық командаға белсенділігі үшін алғыс білдіреміз, ал жеңімпаз командаға алдағы облыстық кезеңде сәттілік тілейміз, – деді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Сейлхан Кеукенов.
Тартысты өткен дода қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейі, ІІ орынды Әбілда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейі, І орынды Талғат Қозыбаев атындағы №131 орта мектебі иеленді. Жеңімпаз топ облыстық кезеңге жолдама алды. Барлық қатысушыға Алғыс хат және естелік сыйлық табысталды.
Мұндай тағылымы мол іс-шара жас ұрпақтың жол қозғалысы ережесін терең меңгеруіне ықпал етіп қана қоймай, олардың тәртіпке, жауапкершілікке және қауіпсіздік мәдениетіне деген көзқарасын қалыптастырады.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ









