Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналуы тиіс

Аймақ басшысы полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, құқық қорғау саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деп нақты міндеттерді белгілеген болатын.
Сіздерге жүктелген міндет асқан жауапкершілікті қажет етеді. Аймағымызда құқықтық тәртіпті орнату, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметтеріңізді тиімді ұйымдастыруға бағытталған кешенді қолдау шаралары қабылдануда. Соңғы үш жылда полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 8 млрд.теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл бұл мақсатқа 2 млрд. 800 млн. теңге қаралып, материалдық-техникалық база заманға сай жаңғыртылуда.
Әр тәртіп сақшысы заң мен әділдіктің айнасы болып, әділетсіздік пен немқұрайлылыққа жол бермеуі керек. Бір қызметкердің салғырттығы бүкіл жүйенің беделіне нұқсан келтіреді. Алдағы уақытта да полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрғындардың тыныш өмір сүруін қамтамасыз етіп, қылмысқа қарсы күресті қарқынды жалғастырып, жұмыс сапасын арттыра түседі деп сенемін.
Егемен еліміздің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтаудағы, өздеріңізге жүктелген міндетті орындаудағы қызметтеріңіз жемісті болсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында облыс прокуроры, полиция департаментінің басшысы құттықтау сөз сөйледі. Сала ардагерлері мен қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен, медаль және төсбелгімен марапатталды.
Айта кету керек, 2023 жылдан бері полиция департаментінің аттестациядан өткен қызметкерлеріне облыс бюджетінен 2 млрд теңгеге жуық үстемақы төленді. Республикада алғашқы болып өңірдің барлық ауданындағы полиция бөлімдерінде жедел басқару орталықтары ашылды. Қауіпсіздікті күшейту және жедел әрекет ету үшін бейнебақылау камераларының саны артты. Аудандарға 539 бейнебақылау және 49 жылдамдық өлшейтін камера орнатылды. Соңғы жылдары полицияға заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған 128 жаңа автокөлік берілді. Биыл тағы 31 қызметтік көлік пен арнайы құрал-жабдықтар алынады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі