ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ
Бүгін «23 маусым – Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары қызметкерлерінің күні» мерекесіне орай аудан орталығында салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Ғ.Қазантаев сөз сөйлеп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, ел тыныштығын күзету бағытында жемісті еңбек етіп келе жатқан құқық қорғаушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Ішкі істер органдары – мемлекеттік биліктің қоғамда құқық тәртібін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдарының бірі. Қай кезде де қылмыспен күрестің алдыңғы сапында жүріп, уақытпен санаспай, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына аянбай қызмет етіп жүрген құқық қорғаушыларға алғысымыз ерекше. Әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атақты абыроймен алып жүріп, мемлекет пен халыққа аянбай қызмет ете берулеріңізге тілектеспін!,- деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Салтанатты шара барысында құқық қорғау органдарының ардагерлері, сот саласының мамандары мен жауапты қызметте жақсы жетістіктерге жетіп келе жатқан бірқатар полиция қызметкерлері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы
аудан әкімінің баспасөз хатшысы