Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 47 газет

28 маусым 2025 ж.

№ 46 газет

24 маусым 2025 ж.

№ 45 газет

21 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Сыр журналистикасына құрмет

Сыр журналистикасына құрмет

Жылдағы дәстүрмен облыс орталығында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған «Қанатты қалам – 2025» салтанатты іс-шарасы өтті. Мерекелік басқосуға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, Сыр қаламгерлерін құттықтады.

«Бүгінгі мереке – мерзімді басы­­лымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктер мен сайт­тарда қызмет жасайтын шығар­машылық өкілдерінің, журналист жасаған сюжет пен жазған ма­қа­ланың техникалық, көркемдік тұр­ғыдан толыққанды жарыққа шы­ғуына еңбек сіңіретін оператор, дизайнер, режиссер, инженерлердің мерейлі күні.

Сіздер жаңа бетбұрыстар кезе­ңінде қоғам мен биліктің арасында алтын көпір болып, жұртшылық­қа ре­формалардың маңыздылығын жет­кі­зуде жа­уапты міндет ат­қарып ке­лесіздер.

Мереке қарсаңында Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ қызметкерлерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда жерлесіміз, ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген «Qyzylorda» телеарнасының директоры Әмиша Нұрбек Шынтемірұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Бұл – Сыр журналистикасының бүгінгі беталысына берілген жоғары баға.

Мемлекет басшымыз бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді.

Осыдан 100 жыл бұ­рын Қызылор­да елі­міздің тұң­ғыш астана­сы­ болған тұста әлеуметтің рухани өмі­рінде ерекше серпіліс жасалды. Тарихи кезеңде республикалық мерзімді басылымдардың барлығы көшірілді. Ұлттық сөз өнерінің майталмандары, Алаш зиялылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов журналистік шеберліктерін шыңдап, халыққа ақпарат тарату ісіне белсене қатысты.

«Алаштың анасы» атанған қа­сиет­ті Сыр өңірінің ұлттық журналистика тарихында айрықша орны бар. Қазақ тарихындағы маңызды оқиғалар Қызылорда – ұлт баспасөзі мен журналистикасының рухани астанасы екенін айқын дәлелдейді.

Сыр өңірінің жылнамасын, Тәуел­сіздік шежіресін жасаудағы қа­жыр­лы еңбектеріңіз үшін сіздерге зор ризашылығымды, алғысымды білдіремін.
Ақпарат айдынында заман кө­шінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқара беріңіздер! Мерейлі ме­ре­кеде дендеріңізге саулық, шы­­ғар­­­­ма­шылықтарыңызға шабыт, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!», – деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік жиында салаға із­дені­сі мен кәсіби шеберлі­гін ар­нап, оқырман мен көрер­мен құр­метіне бөленген журналистер мара­пат төрінен көрінді. Мемлекет бас­шысының Жарлығымен облыстық «Сыр бойы» газеті «Руханият» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар және Журналис­тер ода­ғының мүшесі Дүйсенбек Беркінбаев «Құрмет» ордені­мен, рес­публика­лық «Казахстанская правда» га­зе­тінің мен­шікті тілшісі Әлібек Байшүленов пен «Қоғам ТВ» арнасының шеф-редакторы Баян Құлтанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар тілшілерге облыстың ең жоғарғы наградасы – Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты мен номинациялар табысталды.

«Тт» ақпарат

28 маусым 2025 ж. 302 0