Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық медиа – халықтың үні

Ұлттық медиа – халықтың үні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді алдағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтады. Ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін атап өтті.

"Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Мен бүгін бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін", - Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ел бірлігін сақтау, тұрақтылық пен тыныштықты бағалаудың маңызына тоқталып, осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктелетінін айтты.

"Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен таныспын",– деді Мемлекет басшысы.

Президент отандық журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Олардың қатарында Qyzylorda TV телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша "Ерен еңбегі үшін" медалімен наградталды. Әріптесімізді мәртебелі марапатқа ие болуымен құттықтаймыз!

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

25 маусым 2025 ж. 137 0