Мақтұм-Сейіт мазары – қасиетті мекен

Ел арасында тараған «Қожалар шежіресі» мен Мақтұм-Сейіттің ұрпақтарының өздері түзген тізбемен бұдан 170-200 жыл бұрын Бұхарадағы діни адамдардан жазылып алынған шежіреде Әзіретәліден тарайтын Мақтұм-Сейітті 43-ші, кейде 39-шы ұрпағы делінеді. Ал оның арғы бабасы болып келетін Мүлкілән (Сайд Маһарқұланды) Пайғамбардың (с.ғ.с) 21-ші ұрпағы екені айтылады. Қасиетті Мүлкілән әулиенің мазары Іңкәрдария ауылында тұр. Бұл ескерткіш республикалық маңызы бар деп саналып, мемлекеттік қорғауға алынған.
Мақтұм-Сейіттің шамамен 1590-1593 жылдары туғандығы айтылып та, жазылып та жүр. Оның қабірі Шаған ауылының солтүстік батысында Сырдария өзенінің иінінде. Дарияның көктем мен күздегі тасу кезінде де мазарды су басқан емес. Мұны жергілікті халық Мақтұм-Сейіттің киелілігінен деп біледі.
Ауылдары аралас-құралас болған Мақтұм-Сейіт Қожжан қожамен кездесіп қалған бір сәтте: «…Сен шөлде қаларсың, мен көлде қалармын» дегенінде, Қожжан қожа: «…Мен шөлде қалғанмен айналамда ел айрылмайды, ал сен суда қаласың маңыңда ел болмайды» – депті. Шынында да екі киелі кісінің айтқандары дәл келген сияқты.
Мақтұм-Сейіт Орта Азиядағы ірі діни өкілдері өмір сүрген Бұхара, Ташкент, Самарқан қалаларында болып, олармен үнемі байланыс жасап тұрыпты. Сыр еліндегі зерек балаларды алдымен өзі оқытып, кейіннен Бұхара қаласындағы мешіттер мен медреселерге жіберіп отырған.
Ол діни жағынан білімді, Құран Кәрімді жетік білген кісі. Өз заманының білгір адамы, шарапаты көпке тиген діни қайраткері болыпты.
Ел аузында Мақтұм-Сейіт «баласызға бала берген», «түрлі ауруларды жазатын» әруақты кісі болғандығын да әңгімелейді.
Мақтұм-Сейіт бүкіл өмірін Сыр өңірінде осы жердің елді мекен тұрғындары – Есентемір, Алаша, Таздар, Тама, Табын, Керейт, Ошақты, Жалайыр, Қарақойлы, Қаңлы, Жаппас, Қыпшақ, Найман және т.б. ағайындармен етене араласып өткізген екен.
Мақтұм-Сейіттің өмірден өткен жылы белгісіз. Ұрпақтары 1926-1927 жылдары басы Смағұл Қожа болып, бұрынғы орнынан көрнекті етіп кесене тұрғызады. Смағұл Сейітұлының түсіне үлкен бабасы Мақтұм-Сейіт кіріп, аян береді. «…Балам менің мәңгілік мекенім тозып барады, бір белгі салмайсың ба» дегенде оянып кетіпті. Содан інілері мен балаларына баба ұрпақтарының басын қосып, көрген түсін баяндайды. Олар өзара келісіп, өздерімен көрші Алаша, Есентемір, Керейт, Таздар, Тама, Ысық т.б. руларының белгілі адамдарымен сөйлесіп, келісімге келіп, Мақтұм-Сейіт басын қарайтуға мақұлдасады. Сонымен Алаша руының белгілі ұстасы Нұрпейіс Ізтілеуовке Смағұлқожа барып, күмбез салып беруді айтады. Ал ұста өзінің қазір қолы тимей жатқанын, келесі жылы салуға уәде беріпті. Ертеңіне азанда Нұрпейіс ұста Смағұлқожаның үйіне келіп: «…Болмады атаң түнде түсіме кірді. Маған ешнәрсенің керегі жоқ, бабаңның ақ батасын алсам болды» деген екен ұста. Сонда баба Нұрпейіске құндақтаулы баланы ұсыныпты. Содан 1928 жылы Нұрпейіс ұстаның шаңырағына сәби келіп, оның есімін Мақтұм-Сейіт айтқандай Қожжан қожа деп қоюдан қорқып Қожан қойыпты. Бұл әңгімелерді белгілі ұстаз Қожан Нұрпейісов те айтқан-ды. Сол сияқты баба басына түнеу, Алладан тілек тілеу арқасында өмірге келген Жарылқасын Жаңабаев, Асарбек Тәуекелов тағы басқалар өздерінің өмірге келуін Мақтұм-Сейіт бабаның шарапатымен байланыстырады.
Мақтұм-Сейіт әулие туралы тағы бір мынадай әңгіме бар. Сыр елінде тұратын, баласы болмай біраз қиналып жүрген әйел бір күні жолы түсіп, Ташкент қаласына барады. Сол жақтағы емшіге бала көтермей жүргендігін айтқанында: «Бізден не көмек сұрайсың. Өз еліңде әулиелер бар ғой, солардың бірінен сұрамаймысың» – деп, осы Мақтұм-Сейітті сілтеген екен. Еліне оралған соң, Мақтұм-Сейіт бабаның басына қонып, көп ұзамай ұл туыпты.
Сейіт бабаның сегізінші ұрпағы Пірмағанбет жасы 60-тан асқан кезінде жалғыз баласы Әшімнен ұрпақ болмай жүргеніне уайымдап, құмалақшы балгерлерге барып жағдайын айтса, олардың бәрінің айтатыны – «Сіз балаңыз бен келініңізді өз бабаларыңызға апармапсыз. Алладан рахым болса, тек сол бабаларыңызға барғаннан көмек болар» – деп жауап беріпті. Содан ол кісі баба басына келіні мен баласын әкеліп түнетіп, еліне оралғаннан кейін келесі жылы келіні ұл туып, атын Сейітқали кояды.
Мақтұм-Сейіт ұрпақтары арасынан 30-ға жуық ишан мен имам шыққан. Алдаберген, Сейітасан, Байтұрлы Меккеге барып қажы аталса, Сейітағзам, Темір, Сейітасқар, Балсапа, Қасым, Ташмұхамед, Есім, Икрам, Мақсұттар ишан деген құрметті де қасиетті атаққа ие болғандар. Олардың басым көпшілігі мешіт ұстап, имам болады.
Халықтың қаржысы және қол күшімен салынған ескерткіште бір ағаш, болмаса темір пайдаланылмаған. Табаны төрт бұрышты, төбесі домалақтанып күмбез болып салынған әулиенің мазарына барып, тәу етушілердің қарасы қалың.
Дайындаған
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ