Табиғат тазалығы жалпыға ортақ
Жақында Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Алмас Ысқақов Сырдария ауданы халқымен Тереңөзек кенті мәдениет үйінде кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев және аудан тұрғындары қатысты.Осы ретте, аудандағы экологиялық ахуал, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар экология саласындағы өзекті мәселелер, қалдықтарды дұрыс басқару және су айдындарының тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Мәліметтерге сәйкес 2025 жылы «Таза ауа» іс-шарасы аясында 108 автокөлікке зертханалық бақылау жүргізіліп, нормативтен асқан шығарындылары бар көлік иелеріне әкімшілік шара қолданылды. Қазақстан – Өзбекстан бірлескен жұмыс жоспары аясында Сырдария өзенінен тоқсан сайын 7 нүктеден алынған сынамалар нәтижесінде негізгі ластаушы заттардың нормативтен асуы тіркелмеді.
Экологиялық рұқсат беру мерзімі заңда белгіленген 45 жұмыс күнінен 2025 жылдың қорытындысында орта есеппен 31 жұмыс күніне дейін қысқарды. Ал алдын ала сараптама жүргізу кезеңі 3 жұмыс күнінде аяқталды. Экологиялық қауіптілігі жоғары объектілер бойынша 3 жобалық құжаттама сарапшылық кеңес отырысында қаралды.
Сонымен қатар 2025 жылы облыс бойынша берілген шығарындылар лимиті 47,6 мың тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 1500 тоннаға төмендеді. «Таза Қазақстан» онлайн платформасы және TazaQazBot телеграм-чат-боты арқылы тұрғындардың коммуналдық мәселелер бойынша өтінім жолдау мүмкіндігі іске қосылғандығын айтты.
– Қоршаған ортаны қорғау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Бұл бағытта облыс бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жасыл аймақты кеңейту – біздің басты міндеттеріміздің қатарында. Ауданда мұнай компаниялары көп орналасқаны жалпыға белгілі. Заңдылық сақтау мақсатында жиі тексеріледі. Заңнамаға сәйкес 2018 жылдан бастап аудан бойынша қашықтық мониторинг жүргізіліп отырады. Өңірде қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жасалуда. Ауданымыздың экологиялық заңбұзушылыққа әкеліп соқтыратын қоқыс үйінділерін көріп жатсаңыздар әлеуметтік желідегі арнайы чат ашылған сол жерге хабарласыңыздар. Қазіргі таңда үлкен жүк көлігімен сынама алынып отырады. Соңғы 2 жылда Сырдария ауданында апаттық экологиялық жағдай орын алған жоқ. Жалпы Президент тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы апта сайын жүргізіліп отыр,– департамент басшысының орынбасары Алмас Ілиясұлы.
Аудан экологиясы – халық денсаулығы мен қоршаған ортаның тазалығының басты кепілі. Бүгінде аудан көлемінде санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, тұрмыстық қатты қалдықтарды реттеу, көше бойларын абаттандыру, ағаш көшеттерін отырғызу және су айдындарының тазалығын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты қорғау — баршаға ортақ міндет. Таза қоршаған орта тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, келер ұрпаққа аманат болатын асыл мұра болып саналады. Сондықтан әрбір тұрғын туған жердің тазалығына бей-жай қарамай, табиғатты аялауға және ауданның көркеюіне өз үлесін қосуы қажет.
Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА
Фото: ашық дереккөзден










