Шығыстың жарық жұлдызы
Жақында аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қоғалыкөл ауылында қазақ жастарының жалынды жетекшісі, қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың есімі ерекше ұлықталды. Қоғам қайраткерінің 125 жылдығына арналған ауылдағы мәдениет ошағында «Жарық жұлдыз» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы жоғары деңгейде жүзеге асты. Аталған іс-шара Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Қоғалыкөл ауылдық округі әкімі аппараты мен жергілікті мәдениет ошағының ұйымдастыруымен қолға алынған.Мәдени-рухани кештің негізгі мақсаты – жас ақындардың шығармашылық қабілетін шыңдау, ұлттық руханиятты насихаттау, поэзияға деген қызығушылықты арттыру және талапты жастарға қолдау көрсету екені мәлім. Бұдан бөлек, Ғани Мұратбаевтың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа таныстырып, оның ел дамуы жолындағы еңбегін дәріптеу де іс-шараның маңызды бағытының бірі болды.
Айта кетейік, мүшәйраның ашылу салтанатында қоғам қайраткерінің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы кеңінен айтылып, арнайы дайындалған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық нақышта безендірілген көрме жасалып, әсем би қойылымдары мен музыкалық композициялар рухани кештің мазмұнын байыта түсті.
Жазба ақындар мүшәйрасына ауданға қарасты Тереңөзек кенті мен бірнеше елді мекеннен келген талантты жастар қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде әрбір ақын Ғани Мұратбаевқа арналған арнау өлеңдерін мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы туындыларын жұртшылық назарына ұсынды. Байқау талабына сәйкес, ұсынылған шығармалардың бұрын еш жерде жарияланбаған авторлық туынды болуы міндеттелді.
Мүшәйрада Айжан Айдарова, Ақерке Балманова, Бақтөре Айтбаев, Ержан Мұхиятдинов, Гүлжазира Асанова, Диана Батырбек, Қарақат Оразова, Нұрсұлтан Сүйіндіков, Биболат Опабеков сынды ақындар өзара жүлделі орындарға таласты. Ақындардың шығармаларынан елге деген сүйіспеншілік, ұлттық құндылықтарға құрмет, туған жерге деген тағзым мен жастардың өмірлік көзқарасы айқын көрініс тапты. Кеш барысында Қоғалыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бақытжан Әбибуллаев пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сламбек Шахапұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, жастардың әдебиетке бет бұруы ел руханияты үшін маңызды екенін атап өтті.
Шығармашыл жастардың өнеріне ақын Байрон Есенбаев, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Айгүл Әуезова және ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Рахима Алдашқызы қазылық етті. Қазылар алқасы қатысушылардың шығармаларының мазмұны мен көркемдік деңгейіне, тақырыпты ашу шеберлігіне, тіл байлығына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуіне және сахна мәдениетіне ерекше назар аударды.
Сөз шеберлері сайысқа түскен мүшәйраның қорытындысында І орын Шаған ауылынан келген жас ақын Ақерке Балмановаға бұйырды. ІІ орынды қоғалыкөлдік Ержан Мұхиятдинов иеленсе, ІІІ орынды аманкелділік Қарақат Оразова мен тереңөзектік Айжан Айдарова өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы диплом және бағалы сыйлықпен марапатталды.
«Жарық жұлдыз» мүшәйрасы ақындардың шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, ұлттық поэзияның мәртебесін көтеруге бағытталған тағылымды шараға айналды. Жас та болса, ауыл мәдениетін өрге сүйреп жүрген Елдос Жаппасбаев бастаған ұжым әдебиетке құштар жастардың қатарын көбейтуге, ұлттық руханияттың өркендеуіне өз үлестерін қоса беретіні анық.
А.ӨТЕПБЕРГЕНОВА








