Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихы терең Іңкәрдария

Тарихы терең Іңкәрдария

Қызылқұм қойнауы сырын ішіне бүгіп, ерте заманнан құпиясын ешкімге ашқан емес. Туған жер табиғаты көрікті келбетімен көпшілікті тәнті ете бермек. Өткен ғасырда «Қаракөл» қойын өсірумен аты шыққан Іңкәрдария ауылының тарихы тереңде. Жаңадария өзенінің сол жағалық аңғарында орналасқан елді мекеннің бренді – сексеуіл жазық далада жайқалып өсуде.

Іңкәрдария ауылында Мүлкілән кесенесі орналасқан. Қасиетті бабаның кесенесіне тәу еткен халық еш уақытта үзіл­мейді. Негізінен, Мүлкілән әулие ел аралап жүрген кезінде жабырқау халықтың жанына медеу болып, Аллаға мінәжат етеді. Заматында көктен нұр төгіліп, жаңбыр жауады. Құрғақшылықтан құтқарған жергілікті халық бабаның қасиетіне тәнті болады. Ел ішінде Мүлкіләнның кереметтері әлі күнге дейін айтылады. Мүлкілән әулие діни ғұлама, аузы дуалы, көзі қырағы, көріпкел, емші сөзге шешен кісі болған. «Түйеқарын» деп аталатын кең жайылымда өлгелі жатқан жылқышы жігітті әулиелігімен тірі алып қалған.

Жазық дала төсінде үстемдік құрған қалың қазақтың мекен еткен жерлері бір-біріне ұқсамайды. Іңкәрдария – Жаңадария арнасының оң жағынан айырылатын өзек. Іңкәрдарияның ұзындығы 138 шақырымды құрайды. Ол екі бөлімге бөлінеді. Өзектің Сырдария өзенімен байланысы жоқ. Себебі, екеуінің арасындағы кеңістікті кезінде лай басып қалған.

Іңкәрдария ауылына сапар барысында теріскейдегі кең дала табиғатына қанықтық. Әрбір сексеуіл бұтасында ерекше ағаштың бітімін аңғарасыз. Құмның етегінде жарыса өскен қара сексеуіл, бұйырғын, күйреуік жиі кездеседі екен. Жыл сайын Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің мамандары сексеуіл тұқымын сеуіп, күтімін қолға алады. Негізінен, сексеуіл ағашы 40-50 жыл көлемі өмір сүреді. Алғаш тұқым себілгеннен кейін 3-4 жылда гүлдейді. Емдік қасиеті жоғары өсімдіктің бойында ылғал жақсы сақталады. Ертеректе тұрғындар сексеуілді судың орнына қолданған. Кеңістікті түбегейлі алып жатқан сексеуіл ағашы жылдар бойы тұрғындар кәдесіне жарай бермек.

Өткеннен ғибрат іздей білген адам ауылдың тарихынан талай дүниені зердесіне тоқиды. Мәселен, сонау VIII ғасыр­дан бері тарихи орынға айналған Сырлытам мазары мемлекет қарамағында. Сырлытам мазарының сәулеті ерекше жасалған. Кезінде ағашсыз салынған мазардың төбесі құлап, киіз үйдің төбесі секілді көрінеді. Құмтөбе орнатылған ескерткіш осыдан 32 жыл бұрын қайта жөндеуден өткізілген. Күмбездің бағаналары мен олардың арасында салынған бейнелер қазақтың ою-өрнегіне ұқсайды. Шын мәнінде, мазардың көрінісі қызға арналып салынған ескерткіш екенін аңғартады.

Іңкәрдария ауылынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Заңғар қала ескерткіші ІХ-ХІ ғасыр аралығында салынғанын аңғартады. ҚР академиясының зерттеуі бойынша 1991 жылы ескірткіштің паспорты мен сызбасы сызылған.

Елді мекеннің тағы бір тарихи орны – Қожақазған І қорғаны деп аталады. Ауылдан 30-33 шақырым қашықтықта орналасқан ескерткішті ертеректе су шайып кеткен. 8 мұнара ізі көрінетін ескерткіштің сәулеті келіскен. 1961 жылы ескерткіштерді зерттей келе Қожақазған ІІ, Қожақазған ІІІ қоныстары ашылған. Орта ғасырлық оғыз қаласының Қожақазған ескерткішінен көне ыдыстар табылған.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
03 тамыз 2021 ж. 679 0