Рухниддиннің еншісінде 136 балл
Бүгінде елімізде ҰБТ-ның бірінші кезеңі өткізілуде. Сырдария ауданындағы 500-ден аса оқушы бақтарын сынауда. Өткен аптаның қорытындысы бойынша ақиық ақын А.Тоқмағанбетов ауылының оқушысы Рухниддин Ахметбеков жоғары нәтижеге қол жеткізе білді. Талапты шәкірт Ұлттық бірыңғай тестілеуден 136 балл жинады.Әрине, бұл жетістік – ұзақ уақыт бойы жүргізілген жүйелі дайындықтың, қажырлы еңбектің және білімге деген зор құштарлықтың жемісі. Мұндай жоғары көрсеткішке жету әрбір түлектен үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететіні белгілі. Ең алдымен, шәкірттің білім жолындағы табысына бағыт-бағдар берген ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен ата-анасының қолдауы да үлкен әсер етті. Бала тәрбиесі мен сапалы білім берудегі мектеп, мұғалім және ата-ана арасындағы өзара байланыс осындай толағай табыстарға жол ашатыны анық.
Асқар Тоқмағанбетов атындағы №135 орта мектептің директоры Зәуре Білісбаева мектеп түлегін құттықтап, бұл көрсеткіш табандылық пен еңбектің жарқын жемісі екенін алға тартты.
– Білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі. Жас буынның сапалы білім алып, биік белестерді бағындыруы – мемлекет дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен түлектер қатарында Рухниддин Ахметбековтің есімі ерекше аталып отыр. Бүгінде білім бәсекесі күшейген заманда жоғары нәтижеге қол жеткізу – үлкен мәртебе. Оқушымыздың 136 балл жинауы оның жан-жақты дайындық деңгейін ғана емес, болашақта биік мақсаттарға жетуге деген ұмтылысын да көрсетеді. Мұндай қуаныш өзге оқушыларға үлгі болып, білімге деген қызығушылықтарын арттыра түсері сөзсіз.
Мектеп ұжымы мен ұстаздары дарынды шәкірттің жетістігін зор мақтанышпен қабылдауда. Өйткені әрбір үздік нәтиже – білім ордасының абыройын асқақтатып, оның сапалы білім беру жолындағы еңбегінің нақты көрінісі. Білім ошағының жарқын жетістігімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы өмір жолында толағай табыс, жоғары оқу орнына сәтті түсуіне тілектеспіз. Білім мен ғылым жолындағы ізденісі жемісті болып, бағындырар белесі көп болсын, – деді Зәуре Құдайбергенқызы.
Білімді шәкірттің ұстаздары, ата-анасы және мектеп ұжымы дарынды жастың жетістігімен мақтанатыны жасырын емес. Білімді жастың бағындырған биік шыңы – ертеңгі үлкен жеңістің бастауы болатынына сенеміз.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ










