Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария: бүгінгі даму, ертеңгі мүмкіндік

Сырдария: бүгінгі даму, ертеңгі мүмкіндік

Бүгінде облыстық қоғамдық даму басқармасының бастамасымен аймаққа қарасты Қызылорда қаласы мен барлық ауданда баспасөз туры жүзеге асуда. Аймақ тілшілері Сыр шаһары мен аудандардағы ауқымды жобалармен танысып, кеңінен ақпараттандыру жүргізуде. Мәселен, өткен аптада баспасөз туры Сырдария ауданында жалғасып, қаламы жүйрік журналистер мұндағы жасалып жатқан біршама жұмыспен танысты.

Ең алдымен, БАҚ өкілдерінің сапары Ақжарма ауылынан басталды. Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов телеарна және басылым тілшілерін қарсы алып, бірінші кезекте Ақжарма ауылының газдандыру барысын көруге шақырды. Осы күні Ақжарма ауылына «көгілдір отын» тарту жұмысы қарқынды жүзеге асуда.

Айта кетейік, Ақжарма ауылын газдандыру жобасына облыстық бюджеттен 1 млрд 875,7 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта «Алия Сервис» мекемесінің мамандары газ реттегіш пункттерін орнатуда. Құрылыс жұмысының басым бөлігі аяқталған. Осы жылдың маусым айында пайдалануға беру жоспарланған.

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов іргелі елді мекендегі ауқымды жобаның атқарылу барысына тоқталды.

– Ел Президентінің халықтың өмір сүру сапасын арттыру және ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында Сырдария ауданында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда. Бүгінде аудан құрамындағы 1 кент пен 13 ауылдық елді мекеннің ішінде Тереңөзек кенті және 5 ауыл табиғи газдың игілігін көріп отыр. Нәтижесінде аудан бойынша газдандыру деңгейі 42 пайызды құрайды. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстардың нәти­жесі.
Қазіргі таңда Ақжарма ауылын табиғи газ желісіне қосу жобасы қолға алынған. Тапсырыс беруші – Сырдария аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, техникалық қадағалауды «Aisar-Group» ЖШС жүзеге асырады. Жобаның сәтті іске асуы нәтижесінде 2026 жылы ауданның газдандыру көрсеткіші 50 пайызға дейін артады деп күтілуде.

Табиғи газ – тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, өмір сүру сапасын арттыратын, экологиялық тұрғыдан тиімді әрі қауіпсіз энергия көзі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарына да табиғи газ тарту жоспарланып отыр. Қазіргі кезде аталған елді мекендерді газдандыру бойын­ша тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен қарастырылуда. Басты мақсат – аудан тұрғын­дарының жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, инженерлік инфра­құрылымды жетілдіру және ауыл­дардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру. Халық игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар ауданның даму қарқынын арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қоса береді.

Баспасөз туры Тереңөзек кентінде жалғасты. Аймақ тілшілері Қызылорда–Жалағаш тас жолының бойындағы көпір­дің құрылысын көрді. Сырдария ауданында орналасқан «Қызылорда – Жалағаш» облыстық маңызы бар автомобиль жолы­ның 47,9 шақырымындағы көпірге күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Жобаның жалпы құны – 669 554 мың теңгені құрайды.

Өз кезегінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейірхан Бақытжанұлы көпір құрылысы бойынша атқарылып жатқан бірқатар жұмысқа тоқталды.

– Сырдария ауданында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Соның бірі – «Қызылорда – Жалағаш» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 47,9 шақырымында орналасқан көпірді күрделі жөндеу жобасы. Жалпы құны 669,5 миллион теңгені құрайтын бұл нысанның аудан тұрғындары мен жол пайдаланушылары үшін маңызы зор.

Бүгінде мердігер мекеме – «Сервис НС» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақса­тында айналма жол салынып, қажетті жол белгілері орнатылды. Сон­дай-ақ көпірдің негізгі тірек бөліктерін нығайтуға арналған свай қағу жұмыстары толық аяқталып, бетон құю жұмыстары орындалды. Қазіргі уақытта автомобиль жолына ГПС төсеу және оны тығыздау жұмыстары жүргізілуде.

Көпірді күрделі жөндеуден өткізу – тек құрылыс нысанын жаңарту ғана емес, бұл өңірдегі көлік қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Жоба аяқталғаннан кейін жолдың өткізу қабілеті артып, тұрғындар мен жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптасады. Сонымен қатар бұл бағыттағы көлік қозғалысының үздік­сіздігін қамтамасыз етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Халық игілігіне арналған әрбір инфра­құрылымдық жоба ауданның өркендеуіне қызмет етеді. Сондықтан нысанның сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі жіті бақылауда ұсталып отыр, – деді Мейірхан Бақытжанұлы.

Биыл Тереңөзек кентінде бірнеше көше жөнделеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта Ғани Мұратбаев көшесінің бір бөлігіне жөндеу жұмысы жасалуда. Мәселен, Тереңөзек кентінде жол инфра­құрылымын дамыту мақсатында жоба құны 376,8 млн теңгені құрайтын 9 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары басталатыны мәлім.

– Халықтың тұрмыс сапасын арттыруда сапалы жол инфрақұрылымының маңызы ерекше. Осыған байланысты ауданымызда елді мекенішілік көшелерді жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыс­тар қолға алынуда. Биыл Қазақ 1,2, Ж.Жамбыл, А.Құнанбаев, Ғ.Мұратбаев 1,2, Ш.Құндызбаев, А.Иманов, Наурыз, Жастар және Ж.Құттыбаев көшелеріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 3,8 шақырымды құрайтын жолдарды жаңарту жұмыстары үш ай ішінде аяқталады деп жоспарлануда.

Қазіргі уақытта бірқатар көшелерде жолдарды тегістеу, негізін дайындау және қиыршық тас төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар болашақ жол жамылғысының сапалы әрі ұзақ мерзім қызмет етуіне мүмкіндік береді. Жоба аясында жол табанын нығайту мен жаңа жол жамылғысын төсеу қарастырылған.

Аталған жобаны «РиА сервис ЛТД» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттаманы «Димаш Сервис» ЖШС әзірлеген болса, құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды «Жаңа ғасыр-К» ЖШС жүргізуде. Барлық жұмыстар белгіленген талаптарға сай әрі сапалы орындалуы басты назарда.

Көшелердің жаңаруы тұрғындардың күнделікті қатынасын жеңілдетіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырады. Сонымен қатар елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Халықтың сұранысына сай мұндай инфрақұрылымдық жобалар ауданның тұрақ­ты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып қала береді, – деді аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов.

Жеке кәсіпкер Зина Үсенбаева «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» «Микроқаржы» ЖШС арқылы 30 млн теңге көлемінде қаржы алған. Ол қомақты қаржы есебінен Тереңөзек кентінен өткен жылы наубайхана ашты. Жақында наубайхананы «Дәмді үй» асханасына айналдырып, жергілікті халыққа тағам дайындап ұсынуда. Тұрақты түрде 4 адамды жұмыспен қамтып отырған наубайхана әрі асханада тандыр нан пісіретін арнайы пеш қойылған.

– Кәсіп бастау – үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап ететін іс. Тереңөзек кентінде «Дәмді үй» асхана және наубайханасын ашудағы басты мақсатымыз – тұрғындарды сапалы әрі дәмді тағаммен қамтамасыз ету және жергілікті халыққа тұрақты жұмыс орындарын ұсыну болды. Бүгінде кәсіпорнымызда 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Күн сайын таңғы сағат 8:00-ден бастап ауыл шаруашылығы құрылымдары мен мекемелерге жаңа піскен нан жеткіземіз. Халыққа сапалы өнім ұсыну үшін наубайханада нанның бірнеше түрі дайындалып, сұранысқа сай қызмет көрсетілуде.

Сонымен қатар асханамызда түскі асқа арналған бірнеше тағам түрі әзірленеді. Келушілерге үй жағдайындағыдай дәмді әрі сапалы ас ұсынуға ерекше мән береміз. Қазіргі таңда бұл саладағы бәсекелестік жоғары болғандықтан, тұтынушылардың сенімінен шығу үшін қызмет көрсету сапасы мен өнімнің тазалығына басымдық беріп келеміз. Кәсіпкерлік – тек табыс табу ғана емес, ел экономикасының дамуына үлес қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу және халыққа қажетті қызмет көрсету деп білемін. Алдағы уақытта да кәсібімізді кеңейтіп, қызмет түрлерін көбейту жоспарымызда бар. Біз үшін ең үлкен жетістік – тұрғындардың ризашылығы мен тұрақты тұтынушылардың сенімі, – деді жеке кәсіпкер.

Өз кезегінде аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тілшілерге кеңінен ақпарат берді.

Ауданда жүзеге асқан тілшілер сапары Қалжан ахун ауылында жалғасып, мұнда жеке кәсіпкер Өмірхан Бержанов жетекшілік ететін құм-блок өндіру цехына барды. Тәулігіне 900 дана құм-блок шығаратын цехтың өнімі сапалы. Бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отырған жергілікті кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қомақты қаржы алған. Бүгінде цехтан бірнеше өнім шығады. Цехтағы қызметкерлер өндіріс жұмысына сұраныстың бәсеңдемейтінін тілге тиек етті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
26 мамыр 2026 ж. 53 0