Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа кітап жарық көрді

Жаңа кітап жарық көрді

Қоғалыкөл ауылында қасиеті ерек Құлболды ишан мешіті орналасқан. Тарихи тұлға – Құлболды ишан ХVІІІ ғасырда өмір сүрген. Ол – әйгілі Қожа Ахмет хазірет сұлтан негізін салған софылық діни ілімнің Тұран өңіріндегі ең соңғы өкілі саналатын Қажы Мәді Қожаның үлкен ұлы Қожаның бесінші ұрпағы.

Жас кезінде Ысмайыл Әздүр молдадан арабша оқып үйренген зерек бозбала Бұқарадағы «Мір Араб» және «Көкілташ» медреселерінде оқыған. Кейін Сыр бойындағы Айтқожа, Марал ишандармен бірге Ауғанстан елін­дегі ислам шейхынан дәріс алады.

Құлболды ишан «Мір Араб» мед­ресесін бітіргеннен кейін сол оқу орнының жолдаған бағыты бойынша қазіргі Сырдария ауданының төңірегінде өмір сүріп, осы жерді мекен еткен халыққа ислам дінін уа­ғыздайды. Тек дін саласын емес, жал­пы елдің орташа сауаттылығын қалыптастыруға, сонымен қатар ел арасында ынтымақ пен бірліктің тұрақтануына үлкен үлесін қосады. Түрлі дерттің шипасын біліп, ем­ші­лікпен де айналысқан. Өте мейір­банды, ғұлама адам болған деседі. Ишанның алдына ниет қылып бар­ғандар Тәңірдің жарылқауымен, ті­лектеріне жетеді екен.

Жақында Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйінде «Тау тұр­патты Құлболды ишан» атты та­ри­хи-танымдық кеш болып өтті. Бұл кеште өлкеміздің өмірінде айтар­лықтай орны бар тұлғалар жа­йында әңгіме қозғалды. Мәселен, Құл­болды ишанның бесінші бабасы қажы Маһдиден тараған ислам дінінің ғұламалары, ишандар, ахундар, батырлар, ақындар, жыраулар да қамтылды.

Қажы Маһдидің ұрпақтары Қожа Жаһан, Қылыш, Пірзада, Бақмұ­хаммед, Ер Қалмұхаммед және Ер Сайдмұхаммед қожалар әулие атанған. Бұларға қоса 12 ишан, 2 ахунды қосуға болады. Заман ақын бастаған 30-ға жуық шайырлар мен айтыс, жазба ақындар және жыраулар да бар.

Басқыншы жаумен шайқаста ерлік көрсеткен Сейіт батыр, Нарбай батыр және Таңсық қожа се­кілді қаһармандар елдің есінде. Екін­ші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының батыры атанған Жаппасбай Нұрсейітов және Жолдас Сү­лейменов секілді ерлердің есімі де аталды.

Қорқыт күйлерін біздің зама­нымызға жеткізген қобызшы Ысма­йыл Шәменұлы (соқыр Нышан) да Маһди қожаның ұрпағы.

– Қажы Маһди қожаның бесінші ұрпағы Құлболды ишан шамамен 1785 жылы дүниеге келіп, 1850-1860 жылдары бақилық болған. Сырдарияның төменгі ағысы мен Ақ­мешіт төңірегінде ислам дінінің ор­нығуына қызмет етіп, имандылық нұрын таратушы ілімдарлардың бірі. Бұхараның «Мір Араб» медресесін және Ауғанстан жеріндегі ірі ғұлама Ислам Шайыхтан жоғары діни бі­лім алған. Мешіт, медресе ұстап ағартушылықпен және ел арасында емшілікпен айналысқан. Өзі өмір сүрген өңірдегі Қоқан билеушілері­нің қыспағындағы елдің амандығы мен бірлігін сақтауға атсалысқан. Шәкірттері арасынан Оразай ишан, Фазыл ишан және Құламқадыр ишан секілді білімдарлар шыққан.Құлболды ишан қайтыс болардан бұрын Тұрсынбай датқа биік төбе үйгізіп, оның төбесіне қожаға мәңгілік орын сайлаған. Ишан бақилық болған соң күмбез салдыртқан, – дейді еңбек ардагері Қабдеш Шағырұлы.

Арада екі ғасырдан астам уа­қыттан соң 2002 жылы құрылысшы Серік Жәнаділовтың бастамасымен күмбез жаңадан салынды. Кесенеде Құлболды ишаннан басқа Оспан атты қыпшақ жерленген. Күмбез сырты­нан Фазыл ишан, Абзал мағзұм, Тоғ­жан және Жәмила аналарымыз мәңгілік жай тапқан. Кесене мемлекет қамқорлығына алынған.

Ишан баба туралы деректер негізінде «Құлболды ишан» атты кі­тап жазылып, Алматы қаласындағы «АРНА-Б» баспасынан басылып шық­ты. Тарихи-танымдық кеште жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, оқыр­ман­ға жол тартты.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
24 маусым 2023 ж. 435 0