Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүлкүлән бабаның қасиеті

Мүлкүлән бабаның қасиеті

Киелі мекен саналатын Мәһерқұлан (Мүлкүлән) кесенесі ауданға қарасты Іңкәрдария ауылында орналасқан. Мәһерқұлан әулиенің шырақшысы және ауылдың имамы болған Әбушәкім Әбукәрімұлының айтуынша, ол кісі он алтыншы ғасырда (1618-1718 жж) өмір сүрген. Әулиенің қайда туғандығы белгісіз болумен қатар ол кісінің мүрдесі жеті жерге тұрғызылған кесенесінің қайсысына қойылғаны жайлы да НАҚТЫ мәлімет жоқ. Жүз жыл ғұмыр кешкен әулиенің өмірі «Қыш қала» деген мекенде өткен. Оны ғұламалығы, емшілігі, тәуіпшілігі, аузы дуалылығы үшін ел әулие атаған.

Мәһерқұлан әулие туралы айтылған әңгімелерден, оның ел аралап, науқастарды емдеп, шипалық жасап, талай адамды өлімнен құтқарғаны айтылады. Бала көтере алмай жүрген әйелдерге зор себебін тигізген. Бұл кісінің айрықша дарынды адам екендігіне қанық болып көзі жеткен халық тірісінде-ақ әулие атағын берген.

«Тереңөзек тынысы» газетінің 1996 жылғы 14 желтоқсандағы нөмірінде қаламгер Бақытжан Әденовтың авторлығымен көлемді мақала жарияланған. Онда «Мәһерқұлан ғұлама, діни сауатты адам, ол жүрген жерін, өзінің немен айналысқанын суреттеген кісі, оның жазба күнделігі болған» деп жазады. Сонымен қатар, ғұламаның Құран, басқа да бағалы діни кітаптары болғаны айтылады. «Оларды көпке дейін тыққыштап, атақты ұстаз, арабша сауатты ғалым Ә.Алшынбаев иелік жасаған екен. «Байтал түгіл, бас қайғылық» аламан, дүрбелеңде ол дүниелерді жасырса керек. Қай жерде екені белгісіз. Балаларынан сұрастырып жатырмыз. Жоғалған қымбат дүниелерден дерек болып қалар деген дәмеміз үзілер емес» дейді.

Мәһерқұлан әулие кесенесіне барсаңыз онда қойылған адамдардың көптеген қорым­дары бар. Сол төңіректе дүниеден өткендерді әулие айналасына қойып, бұл маңай бүгінде үлкен қорымға айналған.

Мәһерқұлан әулие туралы жергілікті халық­тың аузында аңыз-әңгімелер көп. Соның бірі – ауылды шөлден құтқаруы жайында.

Ертеректе қазақ малдың жайын ойлап, алты ай жаз бойы Қызылқұмның шүйгін оты бар кең сахарасында көшіп-қонып жүрген. Бір жылы ауылдың қолдан қазған құдығын көшкін құм басып құлайды. Судан ада болған ауылдың адамдары мұңайып, бала-шаға шулап, малдары тілін тістеп, қырылуға айналады. Сол кезде осы ауылға Мәһерқұлан әулие келе қалыпты. Аянышты жайды көрісімен дереу осы маңдағы төбенің басына шығады. Тізерлеп оты­ра қалып, аспанға екі қолды жайып, тұра сала төбені айналып жүріп, Аллаға жалбарынады. Көп уақыт өтпей-ақ батыс жақтан тұтасқан қою қара бұлт ауыл үстін қаптайды. Бір кезде бұлт нөсерлетіп, ақ жаңбырды бұрқырата төгеді. Жауған жауыннан сай-сала сел болып, суға толады. Қиналып тұрған мал да, жан да суға қарық болған екен. Сөйтіп, әулиенің шара­паты тиген ауыл қауіпті апаттан аман қалыпты.

Мәһерқұлан жайлы елдегі әңгімелерге құлақ қойсаңыз, тыңдай бергің келіп, құмар­татынын анық, деп сабақтайды өз әңгімесін Бақытжан аға. Ол:

– Енді Мырқы қызы Саға әженің әңгімесіне назар қоялық, – дейді.

«Кедей тұратынбыз. Күн көріс нашарлап, жүдеп-жадап, әбден титықтап қалғанбыз. Осы кезде 12 жастағы мені екі тайлаққа бола 60 жастағы Шонық деген шалға әйелдікке берді. Күйеуімнің әкесі сол кезде тоқсаннан асқан қария еді. Күнде ауыл адамдары келіп, сол кісінің әңгімесін жалықпай тыңдайтұғын. Сонда Мәһерқұлан жайлы айтқаны есімде.

«Қызылқұмның шұбарында «Түйеқарын» аталған көлемді аймақ болған. Ол араны меншіктеп, жылда Бозым деген бай жайлап отырады екен. Оның бес мыңдай жылқысы, он бес мыңдай қойы болған. Малшылары ылғи жалданып келген жалшы адамдар көрінеді. Бір күні жылқы күзетіп, түнде жүрген жылқышысы аттан құлап өледі. Ол кезде өлік түнеттірмейтін әдет. Әлгі өлікті жуып-шайып, жерлеуге әзірлеп, табытына салып намазын шығарғалы жатса керек. Сол кезде жұртқа таныс емес бір адам сырттан келіп, табытта жатқан өлікке жақындап барады. Тесіле қарап біраз тұрады да, өліктің бетін ашады. Маңдайынан екі-үш мәрте сипайды. Сәлден кейін өлік көзін ашады. «Үһ» деп алып, басын көтереді. Сол-ақ екен намазға жиналған көп адамның бірі қалмай қаша жөнеледі. Бірлі-жарым сол арада қалған естияр адамның бірі: «Сіз кім боласыз?» депті бейтаныс адамға. Сонда ол: «Мен Мәһерқұланмын» деп өзін таныстырыпты», деген екен кейуана.

Мұнан әрі қаламгер былай деп жазады:

«1991 жылы қыркүйек айында қасымда журналист Шора Ералиев бар. Жолым түсіп Түркістан қаласында тұратын Оспан деген қарияның үйінде болып едім. Сол кезде Оспан 86 жаста екен. Қазалы қаласында туған. Бұл араға 40 жылдай болыпты келгеніне. Оспан ағаштан түйін түйетін шебер, мүсінші, зергер кісі екен. Үйіндегі қолдан жасаған бұйымдарымен таныстырды. Абылай ханның бейнесін ағаш­қа ойып келтіргеніне таңдандық. Атпен қызды жігіт қуып келе жатқан сәт, есектегі Қожанасыр, қос батырдың ат үстіндегі айқасы, құстардың бірнеше түрін мінсіз келтірген. Мұндай еңбектерінің біразын өзі музейге өткізіпті.

Ас-су ішіп болған соң: «Тереңөзектен екенсің, балам. Мәһерқұлан жайлы не білесің?» деді маған.
«Ол кісі жайлы Осеке, білетін дерегім шамалы. Жолым түсіп, сол төңірекке бара қалсам, аттап өтпей, білген дұғамды бағыштап кетемін» дедім. Басын жастықтан көтеріп алып: «Сендерге Мүлкілән жайлы әңгіме айтып берейін деді.

– Бұл болған оқиға, – деп бастады. – Менің арғы үшінші атам Әліби – әулие болған кісі. Бұхарада алғашқы мешіт-медресе ашқандардың бірі. Менің сол атам Әліби Мүлкілән әулиемен қатар өсіп, бірге оқып, өте тату болған. Біреуінен біреуі қол үзіп қалса, іздеп табысып, сыр шертісіп отырады екен.
Бір жылы Әліби атам «Қышқалаға» Мүлкіләнді іздеп барып, кездеседі. Екеуі ел аралап, серуендеп қайтуға келіседі. Жолға шығып Қызылқұм бойын жағалап, жайлап отырған біраз ауылды қыдырыстайды. Жолай дәрі жасайтын қасиетті шөптер жинайды. Сөйтіп, келе жатып тағы бір ауылға кезігеді. Жақындап келіп, «қай үйге түссек екен» деп ойластырып тұрғанда, бір үйден кіріп-шығып жатқан адамдарды байқайды. Мініп келген түйелерін жетектеп, әлгі үйге жақындап, бірінен «жайшылық па» дейді. Сонда ол: «Ауылымыздың тәуіп азаматы еді. Түнде жылан шағып, ісіп, кеуіп, мазасызданып жатыр» дейді. Жұрт кіріп-шығып жатқан үйге екеуі де кіреді. Жылан шаққан адамның қуаты қашып, көзі бозарып, денесін жинауға шамасы келмей, өмірден күдер үзіп жатқанын байқайды.

– Шаққан жыланды көрдіңдер ме? – дейді үйдегілерге.

– Көрген жоқпыз, түнде шағып шығып кетсе керек, – дейді бір әйел.
– Үйде аурудың өзі қалсын. Қалғандарыңа рұқсат. Жабықтан сығалап, есіктен қарап, иә тың тыңдап жүруші болмаңдар. Сыртта дабыр-дүбір дыбыстар шықпасын. Бұл маңнан мал айдап өткінші жүрмесін, – деп Мүлкілән ескертеді.

Уға шалдыққан мүсәпірге қолдан келгенше арашалық жасауды ұйғарады.
«Сәтін бере гөр» деп дұғамен бетін қайтаруға Мүлкілән кіріседі. Үзбестен үш күн оқиды. Жайылған у біршама төмен түскендей болады да, бір кезде қайта өршіп кетіп, аурудың да, емшінің де мазасын кетіре бас­тайды. Бұрындары мұндай жылан шаққанды бір тәулікке жеткізе қоймайтын Мүлкілән бұл жолы қатты сасайын деді. Бұл жәйді Әліби де сезіп отырады. Ең соңғы күні Мүлкілән қатты қиналып, денесі ісіп, тынысы тарыла бастаған шақта «түймемді ағытшы» депті Әлібиге бұрылып. Сол кезде үй ішіндегі жағдайға өзгеріс ене бастайды.

– Сұмырайдың аты «Түйме» екен ғой, – деп, Әлібиге.
– Сенің қатты қиналғаныңды сезген Алла көмегін жасап, аузыңа түймені салғанына шүкір. Қазір де есіңнен танып, құлап тұрып, бейшара халдегі жылан көзіңе көріне қалса, зақымдамай-ақ қой. Саған көрінуі сөзсіз, – депті Әліби. Сол жылан елеусіз болып келіп, Мүлкіләннің қоржынына еніп, әулиемен бірге кеткен көрінеді.

Сағат түнгі он екінің кезі. Ұйқы келер емес. «Тағы әңгіме айтыңыз» деп Осекеңді мазаладық.
– Мақтұм-Сейіт әулие орынсыз сөйлей қой­майтын сырбаз, сұлу кісі болса керек. Ол кісінің қайда жүрсе де әлсін-әлсін суға жуына беретін үйреншікті әдеті болған. Онысын қолайсыз көрді ме, әлде көрегендігін байқатқысы келгендей:

– Тақсыр, Мақтұм, осы сені өлгенде кім дұрыстап жуындыра қояр дейсің, одан да судың рахатын тіріңде көріп қалайын, – деп, – Келген үйіңнің суын тауысып кететінің маған ұнамайды. Су да еңбекпен келеді. Уайымдама, сен өлгенде судың ортасында қаласың, – деп әзілге айналдырған. Шынында да Мақтұм-Сейіт кесенесі судың ортасында тұр емес пе? – деді Осекең.
Таң атты. Шәй үстінде:
– Мәһерқұлан мазары осы жерде екен деп жұрт айтады. Одан не білесіз, – дедік Осекеңе.
– Әліби атам Мәһерқұланнан алты ай бұрын дүниеден көшіпті. Менің атамның мазары – Ферғанада, ал Мәһерқұлан мазарының неше жерде екендігі жайлы анығын білетін, көнеден хабары мол кісі Жүсіп ахун еді. Ол кісі де жақында қайтыс болды. Мәһерқұлан кесенесі 7 жерде екендігі анық көрінеді. Оны «өтірік» деп бас шайқай алмаймын. Кесененің бірі Нүкістен Қарақұмға қарай 139 шақырым жүрген соң «Торан» деген аймақта көрінеді. Екіншісі Ферғананың ішінде, оны өзім көрдім. Ал қалғандарының қайда екендігі белгісіз. Егер ізіне түсіп сұрастырсаң, қалған төртеуінің хабары шығары сөзсіз, – деп қысқартты әңгімені Осекең», деп жазылған көне газет бетінде.

Жоғарыда айтқандай адам шаққан жылан өзі келіп Мәһерқұланның қоржынына еніп, бірге кеткен деген бар болатын. Сол әулиеге ілесіп келген жыланнан өсіп-өнген ұрпақтары қазір әулие кесенесінің күзетшісі екендігіне ешкім де таласа алмайды. Оны сол маңдағы елдің бала-шағасына дейін дәлелдейтіндігі анық.

Бибісара ЖАНӘЛІ
17 қараша 2020 ж. 1 054 0