Мақтұм-Сейіт әулиеден Құрбан Қожаға дейін
Басапа ишан ХХ ғасырдың басында Аламесек, Ақжарма өңірінде діни қызмет атқарып, мешіт ұстаған. Бұхарадағы медреседен тәлім алған кісі болыпты. Ишан шамамен 1890-1891 жылдары туып, 1946 жылы Сібір лагерлерінің бірінде қайтыс болған. Ол кісі Бұхара-Шәріпте білім алып, туған ауылына 1925-1926 жылдары оралып, мешітте бала оқытқан. Бұхарада оқып жүргенінде Қожалар шежіресін Сыр еліне әкеліп таратады. Бүгінгі Сыр топырағындағы айтылып, жазылып жүрген шежірелер сол Басапа ишан жазып әкелген нұсқа делінеді. Басапа ишан құрметіне 1994 жылы Ильич атындағы совхозда мешіт үйі ашылып, оны Басапа атымен атаған. Ал 2019 жылы Ақжарма ауылында Басапа мешіті қайта салынды.
– Басапа ишан Тереңөзек, Жалағаш аудандарының Ақарық, Аламесек, Ақжарма елді мекендеріндегі балаларды «Азат» мешітінде оқытып, діни сауатын ашып қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрлерінен хабардар етіпті. Басапа ишан 1937 жылы қудаланып ұсталып, Сібір қалаларына айдалған. Оның екі ұлы Сәлиұлла мен Сайфулла 1941 жылғы соғысқа алынып, майдан даласынан оралмаған. Ал екі қызының бірі Әсия Қызылорда қаласында, екіншісі Түркістан облысы, Арыс ауданының Қожатоғай елді мекенінде тұрады. Ишанның ортаншы қызы Зубайда 1935 жылы туған. Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін өте жақсы бітіріп, Шаған ауылындағы ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы №37 мектепте ұстаздық етеді. Сабақ беруі ерекше болыпты. «Әрбір баланың жүрегінен орын тапқан ұстаз еді» – дейді шәкірті Баянбай Тұрлыбеков.
Отбасын құрған З.Басапақызы ұзақ жылдар бойы Қожатоғай ауылындағы мектепте ұстаздық қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан, бүгінде дүние салған. Ол апай Сырдағы ағайындарының балаларын үйіне шақырып, бауырмалдық көрсеткен екен.
Белгілі ақын Зубайда Басапақызының алдынан білім алып шыққан Аманхан Әлімұлы ұстазы туралы оның өте білімді және өр мінезді болғанын жүрекке жылы тиетін айтып, ерекше құрметтейтінін сездірген-ді.
Алдаберген ишан
Алдаберген ишан ХІХ ғасырдың орта тұсында (1860-1861ж) өмірге келген. Ол да ата-бабаларының жолын қуып мешіт ұстап, имам болған кісі. 1908 жылы Меккеге барып, қажылық парызын өтепті. Содан бастап Алдаберген қажы атанған. Алдабергеннің баласы Сейітасқар 1897 жылы туылған. Ол Ақжарма мен Аламесекте имам болған. Діни сауатты балаларды діни оқуға баулыған екен. Сейітасқардан – тарайтын Айнаш Алдабергенов көп жылдар бойы кәсіподақ, кеңес жұмыстарында басшылық жасады. Әңгімені баппен айтатын, аспай-саспайтын, еңбекшіл адам болған. Ол кісімен біраз сырлас болған кездерімізді бүгінде еске аламын. Айнекеңнен тараған ұл-қыздары ел тәуелсіздігіне еңбек етуде.
Сейітасан қажы
Сейітасан қажы да арғы-бергі бабалары сияқты дін жолына берілген, мешіт ұстап Алаша, Есентемір руларының балаларын оқытыпты. Ағасы Алдабергенмен бірге Меккеге қажылыққа барып, құлшылық жасаған. Ал одан тараған Смағұлқожа ХХ ғасырдың тумасы. Ел бірлігін сақтауға белсене араласқан, аузы дуалы кісі екен. Колхоз құрылысына араласқан. Қиын кезеңдерде де бес уақыт намазын тастамапты. Қайта 1926-1927 жылдары атақты бабасы Мақтұм-Сейіт қабірін қайта жөндеп, үй-там тұрғызу ісіне белсене араласып, басшылық жасаған. Ол кісі 74 жасында Шаған ауылында өмірден өткен. Оның баласы Құрбан 1940 жылы Шаған елді мекенінде туып, өскен. Сондағы мектепте оқыған, көп жыл автокөлік жүргізушісі болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылында оянған Құрбанқожа бабалары жайлы зерттеу, зерделеу жолында бірсыпыра жұмыстар жүргізді. Осы тұрғыда, Сыр еліндегі, басқа жерлердегі көнекөз қариялардан сұрастыра жүріп, бірнеше мақалаларын жергілікті баспасөздерде жариялап, кейіннен шағын кітапша етіп шығарды.
Ол маған бұдан он жыл бұрын Мақтұм-Сейіт бабасы жайлы жазуды аманат еткен-ді. Соның сәті түсіп, қолыма қалам алып осы мақаланы дайындадым. Бүгінде Құрбанқожа Смағұлов Қызылорда қаласында тұрады. Ақмола облысындағы бір үлкен қорымның бірнеше жыл шырақшысы болып, қызмет те атқарды.
Мақсұт ишан Әлиакбарұлы
Мақсұт ишан 1873 жылы Аламесек елді мекенінде өмірге келген. Ауылдан діни білім алғаннан кейін Бұхарадағы медреседе оқып, бітіргеннен кейін 20 жасында «Қатыкөлдегі» мешітке имам болады. Ол кісі 40 жыл бойы имамдық етіп, жастардың бойына имандылық шапағатын береді. Ол кісі иманжүзді, терең білімді, мәдениетті болыпты. Жоғарыда аталған мешіт кейіннен «Мақсұт ишан» мешіті аталған.
Мақсұт ишан 1922-1933 жылдарда Өзбекстанда, 1936-1938 жылдары Сырдария ауданындағы Аманкелді ауылында тұрып, егіншілікпен айналысып, ауылдастарына қияр, қызанақ егуді де үйретіпті. Қудалауға түскен уақытында 1938 жылы қыс айында өмірден өтіп, оны комсомол-коммунистерден жасырып «Қожжанқожа» қорымына жерлейді. Мақсұт ишан басына ел тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ескерткіш белгі қойылған.
Мақсұт ишанның баласы Нұрулла Әлиакбаровпен Тереңөзек ауданында қызметте болғанымда таныстым. Ол кісі Шіркейлі совхозында бас экономист болып қызмет атқарды. Өте сауатты, ұқыпты, сыпайы кісі еді. Н.Әлиакбаров 1914 жылы туылған, Бұхарада діни білім алған. 1990 жылы Қызылорда қаласында дүние салды.
Әмір-Темір ишан
Әмір-Темір жастайынан зерделі, дін жолына берік кісі болыпты. Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқиды. Ол кісі шамамен 1865-1866 жылдары өмірге келіп, 1943 жылы 77 жасында қайтыс болады. Молда, өзі өткір, балаларды емдейтін кісі болған. Көріпкелдігі бар екен. Оның ұлы есімі елге танымал өнер иесі – Хұсейін Әмір-Темір.
1997 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің 12 маусымындағы санынан Рахима Сыздыққызының «Айғаным ханша» атты мақаласын оқыдым.
Онда «...Оның шыққан жері – Құдайберді Бейімбет елі Атығай. Өз әкесі – Сарғалдақ, арғы атасы – Шұбар атты Мәлімқожа», – деп жазылыпты. Сонда Айғаным ханшаның (Шоқан Уәлихановтың әжесі Т.Д.) туып, өскен жері Атығай болады да, түп-негізі «Шұбаратты» Мәлімқожа болған ғой. Осы тұста, Сайдқожа (Сейід Т.Д) ұрпақтарының Хұсейіннен таратқан шежіресінде 38-ші буын болып, Ешмұхаммед (Шұбар атты Мәсімқожа) біз жазып отырған Мақтұм-Сейіт бабамыздың бабасы болады емес пе? Халық аузында: Шұбар атты Мәлімқожа таң намазының сүннәтін өзі тұрған жерінде оқып, күнде парызын Меккеге барып оқып келеді екен. Астында Шұбар аты болыпты. Сондықтан да жұртшылық «Шұбар атты Мәлімқожа» атандырған. Оның қабірі Қожелі деген жерде. Оны тұрғындар әулие санап, қабірінің басына түнеп, зиярат ететін көрінеді.
Айғаным ханша 1997 жылы 214 жасқа келсе, онда ол анамыз 1783 жылы өмірге келген болады. Демек, Мақтұм-Сейіт бабамыздың бауырлары арасынан қайраткер әйел болған Айғанымдай ірі тұлға шыққан.
Жаңа деректерде (Перовскі уезінің архив құжаттарында) Сейітағзам 45 жаста, Жүніс Нұрымқожаев 54 жаста, Мирсейд Мусақожаев 70 жаста екені тайға таңба басқандай жазылған. Сонымен қатар, Сейітқожа Меңдіқожаев, Исақожа Алтайбековтердің есімдері жүр.
1903 жылғы Торғай уезі бойынша жазылған кітапта Перовскі уезінің Көткеншек болысынан Азизқожа Әнипиевтің Торғай, Қостанай бойындағы жайлауға көшкенде 10 жылқысы, 40 сиыры, 15 түйесі мен 100 қойы барлығын жазған. Көптеген деректерді саралағанда қожаларда мал саны көп болмағаны байқалады.
Мақтұм-Сейіт бабаны одан тараған ұрпақтар өмірін зерделегенде басым көпшілігі діни білімге бой ұрған. Мешіт, медресе ұстаған имамдар болғанын көреміз. Баласызға тілеуқор болып, түрлі ауруларды жазып, елді береке-бірлікке шақырған қасиетті әулет деуге лайық. Соның басында Мақтұм-Сейіт әулиені көреміз. Осы мақалам Елбасының «Рухани жаңғыру» аясындағы айтылған ойларына сай келеді. Киелі жерлер мен олардың қасиетті кісілер қатарынан көреміз. Бұл зерттеу мақаламды Құрбан Смағұлов, Қ.Тәуекелов, Нұрулла Әлиакбаров, Тоқымбай Махамбетов, Орынбай Құлымбетов, Әбушәкіман Төкенов, Е.Қосжановтардың жазбаларын және архив құжаттарымен көне кітаптарды басшылыққа алдым.
Жоғарыда атап өткен Абдулпаттадан тараған Оспан Тереңөзек ауданындағы 1909 жылы ашылған мектепті ашқан алғашқы ұстаз. Оның алдынан көптеген шәкірттер түлеп, олар еліміздің өркендеп өсуіне үлес қосуда.
Бүгінде Сырдария ауданында Оспан Абдулпаттаев атындағы орта мектеп бар, ескерткіш бюстісі орнатылған. Оған «Құрмет белгісі» ордені және «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі» (1957 ж) атағы берілген. Ал екінші ұрпағы театр режиссері, «Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленген Әмір-Темір Хұсейін.
Мақтұм-Сейіттен бүгінгі біз көрген Құрбанқожа (Құраш) Смағұлов арасындағы ишан-қажылар мен имамдарды сипаттап өттім. Бүгінгі жас оқырмандар ертеде осындай діни-ғұлама бабаларының өткенін білсін деген мақсатымның бір бөлігі орындалды деп ойлаймын.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,зерттеуші, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері