Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнермен өрілген өмір

Өнермен өрілген өмір

Сырдария ауданының өнер, мәдениет, білім беру салалары мен қызығы мен қиын­дығы қа­тар жүретін осы салаларда еңбек еткен азаматтар туралы айтыла қалса, есімі бірден ойға оралатын, ерен еңбегін аудан халқы мақтан тұтатын, мәдениет пен білім саласының бір емес, бірнеше буыны ұстаз санайтын тұлғалар бар.

Сондай бірегей тұлғалардың бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің және Мәдениет сала­сының үздігі, Сырдария ауда­нының Құрметті азаматы, Қызылорда облысы әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері Сансызбай Сәдуақасов. Саналы ғұмырын ауданның өнерін өрістетіп, мәдениетінің мере­йін үстем етуге арнаған ардақты азамат биыл мерейлі 75 жасқа толуда. Айтулы мерейтойға орай інілік ізетпен қолға қалам алып, өнегелі өмір иесінің тағылымды тағдыр жолы туралы жазуды жөн көрдік.

Мақаламыздың әлқиссасын аға­мыздың есімі жөнінен бастасақ. Негізі кейіпкеріміздің құжат бойынша есімі Сандыбай, ал ата-анасы азан шақырып қойған есімі Сансызбай екен. Құжат «сөйлегенімен» былайғы жұрт Сансызбай деп атап кеткен. Иә, Сансызбай Сәдуақасұлы десе бәрі біледі, жұртшылық тегіс таниды... Бұл данышпан Абай­дың Ибраһим, сырбаз Сәкеннің Сәдуақас, ақиық ақын Мұқағалидың Мұхаммедқали деп аталатын шын есімі секілді атақты тұлғаларға тән ортақ ерекшелік іспетті. Бірақ, бірден ашып айтайық, біз кейіпкерімізді алып тұлғаларға теңеп, абыро­йын асқақтатып, мақаламыздың маз­мұнын әдемі сөздермен әспет­теуді мақсат етпейміз. Өйткені, Сансызбай Сәдуақасұлының да өзіндік орны, мәртебелі төрі бар. Сондықтан өмірін өнермен өрген тұлғаның ел жадындағы есім-сойын біз де жанымызға жақын тұтамыз. Ендеше бүгінгі мақаламызда да ғибратты ғұмыр иесін Сансызбай Сәдуақасұлы деп жазып, жетпіс бес жастың желкенін керген ғибратты ғұ­­мырын хал-қадірімізше зерттеп, зер­делеп, мақаламыздың маз­мұнын ме­рейтойлық лебіз-тілектермен көр­кемдегіміз келеді. Ең бастысы, ау­данның өнер, мәдениет, білім беру салаларында қажырлы еңбек етіп, елдің ыстық ықыласына ие болған Сансызбай ағамыз бар құрметпен лайықты.


Сансызбай Сәдуақасұлы негізі 1951 жылы 25 мамырда О.Мәлібаев ауылында дүниеге келген. Аты да, даңқы да адал еңбекпен шыққан кент іргесіндегі ауылдағы он жыл­дық орта мектепті 1968 жылы ойдағыдай бітірген соң, арман қуып, Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың музыка факультетіне құжат тапсырады. Студент кезінде атақты «Сыр сұлуы» ансамблінің мүшесі болып, ансамбль құрамында Молдова астанасы Кишинев қаласында өткізілген Бүкілодақтық ән-би ансамбльдерінің байқауына қатысып, лауреат атаныпты. 1972 жылы ансамбльдің белді мүшесі ретінде фильм-концертке де түседі. Осы ретте, өнер майтал­ма­нының еңбек жолындағы жетіс­тіктері жөнінде жазуға бейім жүй­рік қаламымыздың тізгінін сәл тарта тұрып, өткенге шегініс жасасақ.

...Кейіпкеріміздің әкесінің есімі – Сәдуақас, ол кісі 1912 жылғы екен. Соғысқа қатысқан. От пен өртті көзбен көрген майдангер 1943 жылы жарақатпен елге оралыпты. Бұрынғы Үлгі колхозында жұмыс істеген, кейін бұл колхозды Қызылдиханға қосқан екен. Жалпы, шаруа адамы Шағырлыда ұзақ жыл ферма меңгерушісі болған, мал шаруашылығы саласын дамыту жолында аянбай еңбек еткен. Бүкілодақтық көрмеге де қатысып, озат малшы атанған. Ал, аяулы анасы Күләш Жаманқызқызы нағыз еңбек адамы, озат сауыншы болған. Бұл кісі кезінде коммунистік партияның бел­сендісі ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысқан. Сансызбай аға отбасында ағасы Төлеген, әпкесі Рәбиға, інісі Дайрабай, жалпы төрт ағайынды болып өскен. Төлеген көкеміз ауданға белгілі есепші болса, Рәбиға апамыз – айтыскер-ақын Нұрмат Мансұрдың анасы. Кейіпкеріміздің айтуынша, өнер, талант анасы арқылы дарыған. «Әкемнің ағасы Байділда деген кісі де өнерге бейім болыпты. Күләш анам әнді жақсы айтатын еді. Маған өнер осы екі кісіден дарыған деп санаймын, әрине ізденіс пен кәсіби білім алуымыздың да көп көмегі тиді» дейді Сансызбай аға өткен күндерге көз тастап.

Өткен күндер демекші, кейіп­керіміздің еңбек жолы 1972 жылы Терең­өзек музыка мектебінде мұға­лімдік қызметтен басталған. Жоғары білімді жалынды жас маман бірден көзге түседі. Тапсырылған жұмысты тиянақты атқарып, өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалдыруға ұмтылған азамат бір жылдан кейін аудандық музыка мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Бұл қыз­мет шыңдалу мектебі болды. Тә­жірибе жинақтады, үйрете жүріп үйренді, үлкенге іні, кішіге аға болып, қоғаммен араласты. Сол жан-жақтылығы мен бірізділігі, жұмысын жүйелі атқаратын жауапкершілігі ескерусіз қалған жоқ. Басшылық сенім артып, 1977-1982 жылдары музыка мектебінің директоры ретінде еңбек жолын жалғастырды. Ал, 1982-1987 жылдары аудандық мәдениет үйінің директоры, 1987-2003 жылдары Тереңөзек әуез мектебінің директоры қызметін абыроймен атқара білді. Мұның бәрі айтуға, жазуға оңай болғанымен, қаншама еңбек пен маңдай тер екені анық. Ізденіс пен ұмтылысты серік еткен С.Сәдуақасұлы бұл белестердің бәрін абыроймен еңсерді. 2003 жылдан 2015 жылға дейін аудандық балалар әуез мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары болып, зейнет демалысына шықты. Еңбек еткен жылдары есімі елге белгілі Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Сырбай Мәуленов, Нұрғиса Тілендиев, Роза Бағланова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегеновалар ауданымызға келгенде дара дарын иелерін күтіп алып, концерттерін ұйымдастырып, кездесулерін де тап-тұйнақтай өткізгені бөлек тарих. Сонымен қатар Нағашыбай Жанәбілов, Қайрақбай Нұрбаев, Жұбаныш Разақов, Бақыт Жүсіпов, Ораз Ерғалиев, Сейтхан Қосылбаев, Жұматай Әбдіраманов, Бекболат Әлмаханов, Әлтай Әбдіреев, Байзақ Дәрменов, Жақсылық Ілиясов жә­не де Алма Бақтиярова, Жантемір Айсин, Бүркітбай Мұстафаев, Өмірбек Сарыбаев, Жолшыбек Бердалиев, Шырынхан Садықов, Рамазан Тайманов, Қуаныш Жүнісов, Мінәш Ысқақова, Сәлима Усманова, Гүлзия Ешмұратова секілді әріп­тес­термен еңбек еткенін мақтан тұт­ады. Әсіресе, Алма Бақтиярова мен Жантемір Айсинге деген құрметі ерекше.

Әріптестері Сансызбай Садуа­қас­ұлын өз ісіне үнемі жауап­кершілікпен қарайтын, іскер ұйымдастырушы және өз мамандығын жетік меңгерген маман ретінде құрмет тұтады. Жергілікті сазгерлердің әндері мен күй­лерін зерттеп, нотаға түсіріп, оркестрге лайықтап жазып, сахнада орындауынан да өнерге жан-тәнімен берілген дара болмысын аңғаруға болады. Құрақтың Досжанының «Жетімқыз», «Көкек», «Қара жорға», Сламбек Ысқақовтың «Арман», «Тарту» күйлерін, жергілікті сазгер Әлібек Аюповтың «Сәкенім», «Ұстаз», Мұрат Бекмағамбетовтың «Шаттану» секілді туын­дыларын оркестр репертуарына енгізді. Осы ең­бегінің арқасында 1985-1987 жылдары көркемөнерпаздардың I–II Бүкілодақтық шығармашылық бай­қауының лауреаты атанған.


– Бәрі де көз алдымызда ғой. Ауданның өнер, мәдениет саласында еңбек ете жүріп, талай тарихи кезеңдерді бастан өткердік. Ауданымыздың өнерін өрістетіп, мәдениетінің мерейін үстем етуге өзіндік үлес қосқан Сансызбай оқуын тәмамдап келгеннен кейін өзінің сүйікті Тереңөзегіне қайта оралып, елу жылға жуық мәдениет саласында жұмыс істеп, абыроймен зейнеткерлік демалысқа шықты. 1974 жылы аудандық мәдениет үйі жанынан ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырып, аталған ұжымға 1985 жылы халықтық атақ берілді. Ол кезде халықтық атақ алу қиынның қиыны еді. Бірақ, біз дәлелдедік, еңбегіміз ақталды. Оркестрге жергілікті дәулескер күйші, композитор Құрақтың Досжанының аты берілгенде қуанбаған адам қалмады. Халықтық атағы бар өнер ұжымы талай өнер сапарларына барды, сахнаның сәні болды. Мен Сансызбайды мерейлі жетпіс бес жасқа зор абыроймен жетіп отыр, бұл ортақ қуаныш деп есептеймін, – дейді қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Алма Бақтиярова.

Ерен еңбек иесінің парасатты пайым-пікірін Қазақстан Респуб­ликасының Мәдениет саласының үздігі Жантемір Айсин қуаттай түсті. Өнердегі, өмірдегі сырласындай болған сырбаз тұлға туралы лебіз-пікірді әріден бастады ардагер.

– Сансызбай туралы көп айтуға болады. Ол менің өнердегі, өмірдегі сырласым, үзеңгілесім, замандасым, бауырым. Біздің ағалы-інілі сыйластықта етене жақын араласып келе жатқанымызға елу жылдан асып кетті. Жалынды жастық шағымыз бірге өтті. Еңбек жолымызда бірлесе жұмыс істедік. Бүгінде ардагерлік кезеңге аман-есен жетіп, әлі де байланысымызды үзгеніміз жоқ. Мен кейде Сансызбайды бір апта көрмей қалсам, сағынамын, іздеймін. Ол бар жерде көңілім тоқ, жаныма туған бауырымдай жақын. Ауданымызда, ауданымызда ғана емес облысымызда «Сәдуақасовтар» отбасылық халықтық ансамблін білмейтін адам жоқ. Бұл ансамбль ауданымыздың айнасы іспеттес, нағыз мақтанышымыз. Бұл жетістік пен абырой Сансызбайдың және өнердің өрісін кеңейткен әулет мүшелерінің дара еңбегі. Жалпы, Сансызбайда Алматы, Астана секілді үлкен қалаларда еңбек ету мүмкіндігі болды. Оған білімі де, таланты да жететін еді. Бірақ, ол өзі туып-өскен ауданның туын биікке көтеріп, бар саналы ғұмырын Сыр елінің өнері мен мәдениетіне арнады. Әрбір атқарған қызметі – жауапкершіліктің, кәсіби біліктіліктің және туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі деп бағамдаймыз. Ер еңбегі – ел ертеңіне қосылған қолтаңба десек, бұл перзент парызының парасатты ізі болып қаланатыны анық. Әлі күнге ізденіп, талмай еңбек етіп келеді. Ардақты азаматқа зор денсаулық пен шығармашылық сәттіліктер тілеймін, – дейді «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жантемір Айсин.

Иә, жақсыны көре білу, бағалай білу, адал еңбекті бағамдай алу – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан бұлжымас қағида. Ел ардақтыларының мерейтой иесі туралы жылы лебіз айтуы, ерен еңбегін мақтан тұтуы, асқақ абырой мен сәттілік тілеуі орынды. Өйткені, С.Сәдуақасұлы саналы ғұмырын аудан мәдениетіне арнады, әлі де сахнаның төрінен түскен жоқ. Зейнетке шықса да «Ұлағат» әкелер ансамблінің құрылуына ұйытқы болды. Бұл да Құдайдың берген ден­саулығының, күш-жігерінің, өнерге деген адалдығының арқасы.


С.Сәдуақасұлы 1998 жылы өз отбасы мүшелерінен «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблін құрды. «Сәдуа­қасовтар» отбасылық ансамбліне 2012 жылы халықтық атақ берілді. Ансамбль құрылған уақыттан бастап өнер фестивальдарына тұрақты түр­де қатысып, республикалық және облыстық байқаулардың талай рет бас жүлдесін жеңіп алды. Ел Президентінің, «AMANAT» партиясы төр­ағасының, ҚР Мәдениет және ақ­парат министрінің, облыс, қала, аудан әкімдерінің, об­лыстық мәдениет басқармасының Құрмет Грамотасымен, Алғыс хатымен ма­рапатталды. Мұнан бөлек жо­ғарыда атап өткеніміздей, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің және Мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Былтыр Қызылорда об­лысы әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері атанды. «Сырдария-Жырдария» төсбелгісімен, «Сырдария ауданының 90, 95 жылдығы» мерейтойлық медалімен, «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.

– Өмір белестеріне көз жүгіртсем, бәріне шүкір етемін. Бір адамға татырлық абырой, талант, құрмет бұйырды. Бәрі әуелі Жаратқан Алланың, сосын әріптестеріммен бірге еткен еңбегімнің, отбасымның қолдауының арқасы. Төрт құбыласы тең ешкім жоқ қой, десе де алдыға қарап, артқа көз тастап, өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, осы күніме, жеткен жетістіктеріме мың да бір шүкір етемін. Азды-көпті еңбегімізді елеп, аудан халқы құрмет көрсетіп, 75 жас мерейтойым аталып өтілуде. Өмірімде жақсы адамдар, жанашыр жандар көп кездесті. Мен бәріне қарыздармын, ауданымыздың биік белестерді бағындыруына шын тілектеспін, – дейді Сансызбай аға ағынан жарылып.

Қызметте абырой биігіне көтеріліп, әріптестерінің құрметіне бөленген тұлға бүгінде үлкен әулеттің тірегі. Жұбайы Ханшайым Ерғалиева – білім саласының ардагері, Құрақтың Досжаны халықтық оркестрінің, «Сәдуақасовтар» отбасылық ха­лықтық ансамблінің мүшесі. Бақ қонып, құт дарыған берекелі шаңырақтың иесі Сансызбай аға мен Ханшайым апа Бекзат, Мұрат, Марат, Талғат және Алмат есімді бес ұлды өмірге әкеліп, жетілдірген. Өкініштісі, Мұрат өмірден ерте өтті. Бекзат, Марат, Талғат ата-аналарының абыройлы жолын жалғап, өнер саласында жемісті еңбек етуде. Үйдің кенжесі Алмат – мемлекеттік қызметші, Сыр­дария аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы. Бес ұлдан тараған немерелер ең­бекке араласып, ел дамуының түрлі саласында жемісті жұмыс істеп жатса, шөберелер – ата-әжесінің көз қуанышы. Өсіп-өнген әулеттермен құда-жегжат болып отыр. Бұл туралы «Құрмет» орденінің иегері, белгілі мүсінші Жәркен Исмағұлов «Біздің Сансызбай ағамыз – бір әулеттің ғана емес, бүтін бір ауданның мақтанышы» деп жоғары бағалайды.

«Бақыт дегенің – өз өміріңе, мәнді күндеріңе деген ризашылық сезімің» дейді екен ғұлама ғалымдар. Иә, бәріне шүкір етіп, қанағат қылып, қарапайымдылығымен қадірін арттырып, құрметке бөленіп, бар саналы ғұмырын қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер, мәдениет, білім беру салаларына арнап, ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен Сансызбай Сәдуақасұлының еңбегі ерен. Ол сол еңбегімен бақытты, беделді. Ендеше, біз де ауданымыздың ортақ абыройы жолында елу жылдан астам уақыт талмай қызмет еткен, әлі де сахнаның сәні болып, салтанатты іс-шаралардың шырайын кіргізіп жүрген тұлғаны мерейлі мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері
23 мамыр 2026 ж. 37 0