Музей – тарих шежіресі
Биыл 48 жыл қатарынан 18 мамыр күні Халықаралық музей күні аталып өтілді. Жалпы, 150-ден аса елде тойланатын кәсіби мереке 30 жылдық мерейтой аясында Сырдария ауданында жоғары деңгейде жүзеге асты. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары мен аудан тұрғындары қатысты.Салтанатты іс-шарада аудан басшысы музей саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы еңбектерін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халықтың тарихи жадын сақтау – ұлттың рухани тұтастығын нығайтудың басты кепілі» деп атап өткен болатын. Сіздер күнделікті еңбектеріңіз арқылы халқымыздың бай тарихи мұрасын жинақтап, зерттеп, сақтап қана қоймай, оны келешек ұрпақтың санасына сіңіруге үлкен үлес қосып келесіздер. Бүгінде музейлер заман талабына сай жаңарып, ғылыми-ағартушылық бағыттағы маңызды орталықтарға айналуда. Цифрландыру, жаңа форматтағы көрмелер ұйымдастыру, тарихи-танымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы музейлердің қоғамдағы рөлі артып келеді. Аудандық музейдің қорында көне дәуірден бастап тарихи жәдігерлер жинақталып, бүгінде барлығы 12 113 экспонатпен қамтылған. Аудандық музей қорында сақталған еңбек құралдары, тұрмыстық бұйымдар, тарихи құжаттар, фотосуреттер мен ұлттық қолөнер туындылары аудан тарихынан сыр шертеді. Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі 2025 жылы жаңадан салынған «Руханият» орталығына көшіріліп, өз жұмысын атқаруда. Осынау құнды жәдігерлеріміздің жаңадан бой көтерген, бірліктің ордасы болып саналатын, еліміздің құндылықтар қазынасын толықтыратын «Руханият» орталығы заман талабына сай әрі дер кезінде берілген ғимарат деп есептеймін. Бұл – халықтың мәдени-ағарту жұмыстарына деген аймақ басшысының үлкен қолдауы. Музей қызметкері болу – үлкен жауапкершілік. Ұлттың болмысын, мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихи жадын сақтау – әрдайым маңызды міндеттеріңіз болып қала береді. Осы бағыттағы адал еңбектеріңіз бен табандылықтарыңыз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Бұл ретте, «Музей – рухани қазына мекені» тақырыбындағы салтанатты іс-шараның басталуы «Бауырсақ Party» жобасымен ерекшеленді. Жиналған қауым ыстық бауырсақтан дәм татып, қазақтың бірнеше ұлттық тағамының дайындалу тәсілімен танысты. Бұдан бөлек, аудан көлеміндегі бірқатар қолөнер шеберінің туындысы көпшілікке көрсетілді. Мәселен, тігін мен қолөнер, ағаш пен темірден түйін түйген ұлттық өнердің дәріптеушілері құндылықтарға аса мән берді. «Қолөнер FEST» айдарында қолөнер шеберлері әр бағыт бойынша шеберлік сағатын ұйымдастырды.
Айта кетейік, аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Мерейтой аясында «30 жылға – 30 құнды жәдігер» тақырыбында музей қорының құнды дүниелері аудан тұрғындарының назарына ұсынылды. Бұған дейін қол жеткізілген аудандық музейдің жетістіктері арнайы бейнеролик арқылы көрсетілсе, «Құмара ART» жобасы негізінде саздан жасалатын бұйымның технологиясы дәріптелді. Музейдің жас келушілері жергілікті ақын-жазушылардың өлеңдерін жатқа оқыса, «Тарихқа түнгі саяхат» тақырыбында музей залына саяхат жасалды.
Мерекелік іс-шара барысында музей саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр да құттықтау лебізін жеткізіп, бірқатар сырдариялықтарға Алғыс хат табыс етті.
Тағылымды кездесуде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ








