Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейтой иелеріне құрмет

Мерейтой иелеріне құрмет

Іргелі ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан «Еңбек даң­­қы» орденінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Бексұлу Синаева мен «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Алмагүл Бақтиярова мерейлі 75 жасқа толды. Мерейтой иелерін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Мерекелік іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ө.Шәменов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық ар­дагерлер ке­ңесінің төрағасы М.Келдібаев, ауданның еңбек ардагерлері, мерейтой иелерінің жақындары қатысты.

Аудан басшысы еңбекпен есейіп, маңдай те­рімен, қажырлы жұмысымен өз салаларында же­тіс­тікке жеткен сала ардагерлерінің өмір жолына тоқталып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Бексұлу Синаеваның Қазақ ССР Жоғары Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланып, елдің жауап­кершілігін арқалағанын, сондай-ақ күрішті өлке жұмысында еңбек көрігін қыздырғанын атады. Ал Алмагүл Бақтиярованың ауданның дамуында, оның ішінде мәдениет саласын өркендетудегі ерен еңбегіне тоқталып, сала жұмысына зор серпін бер­генін жеткізді. Құрмет төріндегі ардақты ана­лардың өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін айтып, «Құттықтау» табыстап, сый-құрмет көр­сетті.

Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесі төра­ға­сының орынбасары Өмірбек Шәменов те құттық­тау лебізін білдірді. Ауданда есімі құрметпен аталатын ардақты жандардың Сыр елінің дамуына қосқан елеулі үлесі зор екенін тілге тиек етіп, жас кездерінен ел басқару ісінде жауапкершілік та­нытқанына тоқталды. Бүгінде сол абыройлы еңбегінің жемісін көріп отырғанын атап, мерейтой иелерін «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалімен марапаттады.

Сөз кезегінде аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева мерейтой иелерінің аудан­ның өркендеуінде өзіндік қолтаңбалары қалғанын айтты. Қашанда еңбек адамына деген құрметтің бөлек екенін, еңбек пен мәдениет бір-біріне жа­қын ұғымдар, мәдениетсіз еңбек болмайтынын, еңбексіз мәдениет қалыптаспайтынын атап, жү­рек­жарды лебіздерін білдірді.

Мерекелік қабылдауда жас айтыскер ақын Мұхамеджан Мансұров мерейтой иелерін арнау өлеңімен құттықтаса, белгілі әнші Дархан­ Разақов аналарға алғысын «Алғыс» әнімен жет­кізді. Мұнан соң құрметке бөленген Б.Синаева мен А.Бақтиярова аудан басшылығына, аудан жұрт­шылығына ризашылықтарын біл­дір­ді.

Мерекелік қабылдаудан соң аудандық мәде­ниет үйінде мәдениет саласының майталманы Алмагүл Бақтиярованың құрметіне «Еңбегі ерен, ісі үлгі» тақырыбында кездесу кеші өтті. Онда мерейтой иесінің ауданның мәдениет саласын дамытуға қосқан ерен еңбегі айшықталды. Атап айтқанда, саланы басқарған тұста «Құрақтың Дос­жаны» атындағы ұлт аспаптар оркестріне «Халықтық» атақ алып беру, «Оңаша» ойын-сауын отауын, «Ритм» вокалды аспаптар ор­кестрін ұйымдастырудағы елеулі жұмыстары ел назарына көрсетілді. Сон­дай-ақ, аудан тарихын түгендеп, құнды жәді­герлерді жинақтаудағы зор еңбегі де үлгі етілді.

Мерекелік іс-шарада облыстық тарихи-өлке­тану музейінің директоры Сапар Көзейбаев мә­­де­ниет саласы үздігінің Сыр елі тарихын тас­­палаудағы еңбегіне тоқталып, облыстық мәде­­ниет және спорт басқармасы басшысының «Ал­­ғы­сын» табыс еттті. Сондай-ақ, «Сырдария ау­данының Құрметті азаматы» Сандыбай Сәдуа­қасов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комите­тінің төрағасы Алмас Есназар құттықтау­ларын жеткізіп, сый-құрмет жасады. Іс-шарада аудан­ның көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, өнер­лерін көрсетті.

Е.БЕРКІНБАЕВ
29 қазан 2022 ж. 559 0